Ерліктері мәңгілік ел есінде

0 0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустық инфекциямен күреске қосқан үлесі үшін дәрігерлерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы Жарлыққа қол қойды. Президент пәрменімен дауасыз дертпен күрестегі ерен еңбектері ескеріліп берілген мұндай марапатқа жамбылдық 3 дәрігер лайық деп танылды. Өкініштісі сол олардың барлығы да өзгелердің жанын ажалдан арашалап жүріп, өмірімен қош айтысты. Өмірінің соңғы сәтіне дейін қызметтік борышына адалдық танытқан азаматтарға берілген мемлекеттік наградаларды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев олардың отбасы мүшелеріне өз қолымен табыс етті.

Азаматтардың денсаулығын сақтау жолындағы жанқиярлық еңбегі үшін I-дәрежелі «Барыс» орденімен облыстық фтизиопульмонология орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дәулет Арымбаев, ІІ-дәрежелі «Барыс» орденімен «Алмаз Медикал Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бөлімше меңгерушісі Гүлмира Қырғызалиева мен Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айдар Мұқатаев марапатталды.
Мәртебелі марапатты Дәулет Арымбаев пен Гүлмира Қырғызалиеваның отбасы мүшелеріне табыстаған өңір басшысы олардың бұл құрметке лайықты екенін атап өтті.
– Коронавирус ең білікті дәрігерлердің өліміне себеп болуда. Бұл қазаның орны толмайды. Олардың есімдері мен ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Терең білімді, шыдамдылық пен жанқиярлықты талап ететін мамандықты таңдаған дәрігерлер соңғы деміне дейін өз қызметтеріне адалдық танытты. Күндіз-түні көз ілмей, өз өмірлерін қатерге тігіп, науқастардың өмірі үшін күресе білді. Біз медицина қызметкерлерінің ерліктерін құрметтейміз.
Мемлекет басшысы азаматтардың денсаулығын қорғаудағы олардың күш-жігерлерін үнемі ескеріп, алғыс айтып келеді. Мемлекеттік марапаттар – шынайы алғыс пен ризашылықтың белгісі, – деді Бердібек Сапарбаев.
Өз кезегінде әріптестері де марқұмдардың мамандығына адалдығы мен біліктілігін алға тартып, зор құрметпен еске алады. Олардың барлығы да өз қызметтерінде табандылық танытып, аянбай тер төкті.
Дәрігер Дәулет Арымбаев өз ғұмырының 30 жылын денсаулық саласына арнаған жан. Ол әр жылдары Талас аудандық ауруханасында бөлім меңгерушісі, облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде туберкулезге қарсы маман, сот-медициналық сарапшы болып жұмыс істеген. 2010 жылдан бері облыстық фтизиопульмонология орталығы бас дәрігерінің орынбасары болып қызмет атқарған.
Ал Гүлмира Қырғызәлиева еңбек жолын учаскелік дәрігерліктен бастаған. «Химпром» ДПО клиникасында, Тараз қаласының № 2 және 8 емханаларында терапевт болып жұмыс істеді. 2018 жылдан бастап «Almaz Medical Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бөлімше меңгерушісі болып еңбек еткен.
Білікті маман Айдар Мұқатаевтың да есімі Шу ауданы тұрғындарына жақсы таныс. 2003 жылдан бастап аудандық аурухананың бас дәрігері болып еңбек еткен ол оған дейін Тараз қалалық ауруханасында хирург, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «10 жыл Астана», «Тәуелсіздікке 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Оның отбасына ІІ-дәрежелі «Барыс» орденін Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров табыс етті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.