Sport

ЕРТЕҢІ НҰРЛЫ ЕЛОРДА

Ата-бабаларымыздың далада ғана емес, қалада да ғұмыр кешкенін, өркениеттің өріне ұмтылғанын Тараз, Түркістан, Отырар секілді тарихы сан ғасырдан тамыр тартатын ежелгі шаһарларымыз әйгілейді. Десе де, сол қалалардың дені жаугершілік заман зардабынан үйінді топыраққа айналғаны белгілі. 300 жылдан астам бодандық бұғауында болған ата-бабаларымыздың арман-аңсары азаттықпен бірге ақиқатқа айналды. Шынында да, тоқсаныншы жылдардағы терең тоқырауды еңсеріп, әлем назарын өзіне аударған жаңа астанамыздың бой көтеруі, жер-жаһанға әйгілі қаламыздың құрылысының ерекше келбетке ие болуы – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алысты болжай білетін көрегенділігінің арқасы екені даусыз.

Осыдан жиырма жыл бұрын Президент Жарлығымен астанамыз Ақмола қаласына көшірілгенде бар болғаны 3 жастағы бүлдіршін екенмін. Осы уақыт аралығында мен орта мектеп, одан кейін жоғары оқу орнын тәмамдап, өзіме лайықты қызметке орналастым. Балалық шағым мен студенттік өмірім бейбіт күннің шуақты құшағында тербеліп өтті. Мұны айтып отырған себебім, мен де тәуелсіз елімізбен бірге есейіп, астанамен бірге ер жеттім. Сондықтан, Астана қаласын өз басым күллі қазақтың бойына рух бітірген қасиетті қала деп есептеймін.
Өз басым 16 жасымнан бастап, осы күнге дейін Астана қаласына 15 мәрте жолым түсіпті. Соның ішінде кейбір жылдары бас шаһарға бір жылда 5-6 мәрте барған кезім де болды. Бұл сірә, астанамызға деген шексіз махабатымның, өз отанымның жүрегіне деген ерекше сүйіспеншілігімнің нәтижесі болса керек.
Биыл Астана қаласына 20 жыл толып отыр. Әлем картасында өзіндік орны бар шаһардың мерейтойы елдік деңгейде аталып өтетін болады. Астананың тағдыры – қазақтың тағдыры болғандықтан, оның абыройы асқақтай беруіне тілеулеспін. Ерке Есілдің жағасында жайқалып тұрған бас қала біз үшін мәңгі мақтаныш! Жасай бер, жас Астана!

Әлібек МҰРАТБАЕВ,
облыстық «Жасыл ел» еңбек жасақтары штабының төрағасы

ПІКІР