Sport

Ержан ерледі!

Ал, жерлестеріміз Айбол мен Айдосқа сәттілік жолдас болмады

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Қазақстан Барысы» турнирі биыл сенсациялар мен күт­пеген жағдайларға толы болды. «Барыс Арена» мұз айдынында жалауы желбіреген додада 37 балуан бақ сынаса, аламанның басты фавориттері саналған бірқатар бозкілем шеберлері алғашқы айналымнан-ақ жарыс жолынан шығып қалды. Сондай-ақ, облыс намысын қорғаған Айбол Айтбек пен Айдос Теңгебаевқа да сәттілік серік болмай, жарысты ерте аяқтады.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, «Qazaqstan» РТРК» АҚ төрағасы Ерлан Қарин, «Қазақстан Барысы» жарысының үш дүркін жеңімпазы, жерлесіміз Бейбіт Ыстыбаев және «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев көпшілікті еңселі Елордамыздың 20 жылдық мерейтойымен құттықтай келе, балуандарға сәттілік тіледі. Ал, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров болса, ауыздықпен алысқан арғымақтай бозкілемде иық тіресе тебініп тұрған спортшыларға ақ батасын берді.

Бұдан кейін жарыс көркі қыза түсті. Кілем үсті тосын жеңістерге, жан алысып, жан беріскен шайқастарға толы болып, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Алғашқы сенсациялардың бірі қарағандылық Ұлан Рысқұл мен алматылық Дәурен Нұралиновтың арасындағы жекпе-жекте орын алды. Былтырғы «Қазақстан Барысы» турнирінің күміс жүлдегері Ұланға алғашқы айналымда жеребе жолдас болып іріктеусіз өтсе, екінші кезеңде алматылық балуанға есе жіберіп жанкүйерлерін жерге қаратты. Сондай-ақ, турнир басында бас жүлдеге үміткерлердің біріне баланған жамбылдық Айбол Айтбек те Түркістан облысының балуаны Ерсұлтан Мұзаппаровтан айласын асыра алмай, «Қазақстан Барысы» атанамын деген арманын кейінге қалдыруға тура келді.

1/8 финалдық белдесулер қос «Қазақстан Барысының» арасында өтті. 2014 жылғы турнирдің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов пен былтырғы чемпион Еламан Ерғалиев ел есінде қалар керемет белдесу көрсетті. Айта кетейік, өткен жылғы турнирде осы балуандар алғашқы айналымда кездесіп, нәтижесінде Еламанның мерейі үстем болған еді. Бұл жолы да қызылордалық балуанның айы оңынан туып, қарсыласын кездесудің соңғы секундында «жамбас» ұпайымен тізе бүктірді.

Осылайша, ширек финалға шашасына шаң жуытпай жеткен Еламан «Мен Бейбіт Ыстыбаевтай үш дүркін чемпион боламын» деген уәдесіне бір табан жақындай түскен еді. Бірақ, «Қазақстан Барысын» «Әскер Барысы» Ерасыл Қажыбаев тоқтатты. Екі алыптың арасындағы жекпе-жек жеңімпазы негізгі уақытта анықталмағаннан кейін балуандар қоян-қолтық белдесуде күш сынасты. Екі минут бойы бір-бірін аңдысып жүрген балуандар соңғы секундтарда «не бел, не белбеу кетеді» деп тәуекелге салды. Осы сәтте жолы болып кеткен Ерасыл Еламанды жарыс жолынан шығарды.

Тартысқа толы ширек финалдық белдесулердің тағы бірі – шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров пен алматылық Дәурен Нұралиновтың арасында өтті. Қос балуан да ширек финалға дейін қарсыластарын қоғаша жапырып келген. Ақтық айналымға таяқ тастам жер қалғанда тәжірибесі мол Айбек шеберлігін көрсетіп, алғашқы жартылай финалдық жолдамаға қол жеткізді.

Келесі ширек финалдық кездесуде қызылордалық Мақсат Исағабылов қарағандылық Ержан Шынкеевке бір «жамбас» ұпайымен жол берсе, «Әскер Барысы» Ерасыл Қажыбаев пен Түркістан облысының намысын қорғаған Ерсұлтан Мұзаппаров жолдамаға еш қиналмай ие болды.

Сонымен жанкүйерлер тағатсыздана күткен жартылай финалдық белдесулер басталды. Ең алдымен бозкілемге көтерілген Айбек Нұғымаров пен Ержан Шынкеевтің бабы мен бағы қатар шауып тұрғанына турнир барысында жанкүйерлер көз жеткізген болатын. Десе де, бұл жолы Шынкеев шын мықты екенін дәлелдеп, Айбектен айласын асырды.
Екінші жартылай финалдық кездесуде бұл кезеңге алғаш рет жетіп отырған Ерасыл Қажыбаев пен Ерсұлтан Мұзаппаров күш атасын танымайтынын көрсетуге тырысты. Десе де, ең жеңіл салмақта белдесіп, алайда, жартылай финалға жете білген Ерсұлтанды қарсыласынан 61 келіге ауыр Ерасыл салмақ басымдылығын ұтымды пайдаланып, ұтты.
Жүлделі орындарды анықтайтын шешуші кезеңде Айбек Нұғымаров пен түркістандық тарлан Ерсұлтан Мұзаппаровтың арасындағы жекпе-жекте жалындаған жастықтан гөрі, көп жылғы тәжірибе үлкен рөл ойнады. Осылайша, Айбек екі жыл қатарынан «Қазақстан Барысы» турнирінің қола жүлдесін иеленді.

Ал, финалда «Әскер Барысы» Ерасыл Қажыбаев пен қарағандылық Ержан Шынкеев күш сынасты. Алғашқы үш минутта аса сақтықпен күрескен Шынкеев «бүк» ұпайдан «жамбас» ұпайға дейінгі басымдыққа ие болып, соңында жеңімпаз атанды. Белдесу барысында саусағын жарақаттап алған Ерасыл ерге тән мінез көрсетіп, соңғы сәтке дейін барын салғанымен, күміс белбеуді місе тұтуына тура келді.

Жарыс соңында биылғы турнирдің жеңімпазы Ержан Шынкеевтің беліне «Алтын белбеу» байланып, «Алтын тайтұяқ» пен 25 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Балуанның бапкері де құралақан қалмай, 3,5 миллион теңгемен марапатталды. «Күміс белбеудің» иегері Ерасыл Қажыбаевқа 5,5 миллион, ал оның бапкеріне 1,8 миллион теңге сыйлықақы берілді. «Қола белбеуге» қол жеткізген Айбек Нұғымаров 1,8 миллион, жаттықтырушысы 900 мың теңге көлеміндегі ақшалай марапатқа ие болды.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР