Есепшілікті тастап, егіншілікке бет бұрған НҰРСЕЙІТ

0 4

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Біздің қоғам еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгертуі керек. Жас буынға еңбекті бағалауды, оны абыройлы және абыройлы емес деп бөлмеуді үйреткеніміз жөн.
Өкінішке қарай жастарымыз әп-сәтте байып кеткісі келеді. Олардың лотереяға, бәс тігуге және букмекер агенттіктеріне жаппай әуестігінің себебі осында. Күнделікті өмірде гастарбайтерлер туралы орынсыз қалжың айту және олардың еңбегін менсінбеушілік етек алды», деген еді.

Расында да қоғамда жұмысшы мамандығына менсінбеушілікпен қарайтын көзқарас пайда болса, бұл жұмыссыздықтан да қауіпті мәселе. Өйткені қоғам болған соң кәсіпкер де, ұстаз да, дәрігер де, механизатор да, құрылысшы да, шопан да керек. Елдің барлығы бірдей кәсіпкер немесе ғалым болып кетуі әсте мүмкін емес. Мұндай жағдайда жұмысшы мамандығының тапшылығы артып, еңбек нарығындағы тепе-теңдік жойылуы мүмкін. Біздің қоғам қазір осы жайтты бастан өткеруде. Бұрынғылар күн көру үшін «Екі қолға бір күрек» іздесе, осы күнгі жастардың қолына күрек ұстауға арлануы соның дәлелі.
Әйтсе де арамызда қарапайым еңбек адамы болып та бақытқа кенелуге болатынын білетін жастар бар. Солардың бірі – Жамбыл ауданы Тастөбе ауылының тұрғыны Нұрсейіт Мейірханов. Ол бүгінде «Қызыл-Диқан қожалығы» өндірістік кооперативінде жұмысшы. Әу баста осы ұжымға есепшінің көмекшісі болып қызметке тұрған Нұрсейіт бір жылдан кейін агрономның көмекшілігіне ауысып, қазіргі таңда суармалы алқаптың бағбаны болып жүр.
– Егін егу, оны шашпай-төкпей жинап алу оңай емес. Жерді өңдеуден бастап дән себу, оны күтіп-баптау, арам шөптен арылту, дәрілеу, түсімді қырманға жеткізіп, қамбаға жинау секілді жұмыстарды атқару үшін көзінде оты, бойында жалыны бар жастар қажет-ақ. Мұның барлығы да көпшіліктің атсалысуымен бітетін шаруа. Науқан уақытында жалдамалы жұмысшыларды ұйымдастыру да оңай емес. Осы істі жүйелейтін бір адам керек болып жүрген. Сол кездері кооперативке есепшінің көмекшісі ретінде Нұрсейіт Дүйсебайұлы жұмысқа тұрды. Бұл осыдан бес-алты жыл бұрын еді. Сол кезде ол жиырманың үстіндегі жас жігіт-тұғын. Бір күні оған есепшілікті қойып, егіс алқабына бас-көз болуды ұсындым. Даланың жұмысы оңай емес екенін, керек жерде отқа да, суға да түсуге тура келетінін түсіндірдім. Нұрсейіт кез келген іске икемі бар көз алдымызда өскен ауыл баласы. Әкесі де кезінде ауданға кеңінен танылған гидротехник болатын. Қазір егіс алқабындағы барлық шаруаға сол жауапты, – дейді аталған өндірістік кооперативтің төрағасы Нуритдин Бегманов.
Жалпы бұл кооперативте 2 300 гектар егіс алқабы болса, оның 700 гектары тәлімі, қалғаны суармалы жер. Оның 1 540 гектары қолмен, 60 гектары заманауи технологиямен суарылады. Нұрсейіт Мейірхановтың міндеті – егіс алқабын тамшылатып суару.
– Жұмыссыздық белең алған кез келген мемлекетте әлеуметтік қиындықтар туындап, оның соңы халықтық толқулар мен елдегі жағдайдың тұрақсыздығына ұласатыны белгілі. Қазақ елі мұндай қиындықты тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бастан өткерді. Бүгінде бұл ауыртпашылықтар біртіндеп болса да еңсерілді. Қазіргі уақытта жастар үшін қалаған оқу орнында білім алуға, бизнеспен айналысуға немесе қайта даярлану, мамандық игеру арқылы еңбекке араласуға мүмкіндік мол. Мемлекет тарапынан осындай қолдаулар көрсетіліп жатқандықтан шығар, бақташы, шопан, диқан, механизатор секілді жұмысшы мамандар тапшы деп естиміз.
Мен де кезінде есепші мамандығын бітіріп, еңбек жолымды осы салада бастадым. Әйтсе де төрағамыз маған егін егу, шөп шабу секілді далалық жұмысты атқаруға басшылық жасауды ұсынды. Төрағаның орынбасары Жақсынбек Жамансариевтің тәлімімен топырақтың ылғалдылығын байыптау, сапалы тұқым, жер өңдеу, арық жүйелерін жүргізуді үйрендім. Негізі әу баста сушылар мен егіншілерге бригадир болдым. Егіс басындағы арам шөп жұлу, қызылша қазу, жинау секілді науқандық жұмыстарға атсалысқандарға жетекшілік еттім. 2017 жылдары «Алигатор Қазақстан» атты бір компания егіс алқабында тамшылатып суару технологиясын пайдаланудың қыр-сырын үйретті. Ондағы білікті мамандардың қасында жүріп, заманауи технологияны қолдану тәсілін меңгердім. Қазір өзім секілді төрт жігіт ұжым иелігіндегі 50 гектар қант қызылшасы мен 10 гектар пиязды осы технология арқылы суарып жүрміз. Өнім қамбаға түскенге дейін кезектесіп егіс басына да түнейміз. Мал-жаннан қоримыз. Дән себуден бастап жинауға дейін бар тірлік мойнымызда. Тамшылатып суару барысында жүйектерге көктемде шлангаларды жүргізіп, оны күзгі салым бір-ақ жинап аламыз. Осыншама алқапқа су жүргізу, құрылғыны жинау оңай шаруа емес. Есесіне аз шығынмен мол өнім алып отырмыз. Бұрын қант қызылшасының мақтағанда әр гектарына 450-500 центнер өнім алсақ, қазір түсім гектарына 950 центнерден айналуда, – дейді Нұрсейіт Мейірханов.
Оның далалық жұмыста жүріп-ақ жақсы табыс тауып отырған жайы бар. Осы істің басы-қасында жүріп-ақ, 5-6 жылқы, 4-5 сиыр, 30 шақты уақ мал жинап алған көрінеді. Алдағы уақытта шаңырақ көтерсем деген жоспары да бар. Ол ай сайынғы айлық жалақыдан бөлек кооператив тарапынан өнімнің түсіміне қарай күзде сыйақы беріліп тұратынын да сөз етті.
Нұрсейіт еңбек сапасын, өнімділігін арттыру экономикалық өркендеудің негізі екенін айтады. Ұжымның әлеуетін көтеру үшін кез келген шаруаны атқарудан тартынбауға дайын. Еңбек құндылығы деп ол өзі жеңіл әрі табысы мол жұмысты емес, бабы келіскен, көзі табылған жұмысты санайтынын меңзеді. Сый-құрмет пен тәуір тұрмысқа ауыр жұмыс атқарып та кенелуге болатынын дәлелдеп жүрген осындай жастар қашан да көпке үлгі.

Н.БОЛАТҰЛЫ,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.