Экономика

Ешқандай кедергі жоқ

Written by Aray2005

Коронавирус індетіне байланысты аймақтағы аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының жұмыс кестесі мен режиміне бірқатар өзгерістер енгізілген. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Өмірзақ Қоспанов мәлімдеді.

Республикада жарияланған төтенше жағдай кезінде аталған мекеменің мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша жұмысы қашықтықтан басқару режиміне және электронды форматқа ауыстырылған. Мемлекет басшысы бекіткен нормативтік актілердің ережелеріне сәйкес, қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтылған қызметкерлер саны 70 пайызға қысқарса, сонымен қатар мамандардың халықпен байланысы барынша азайтылған. Қызметкерлер мен қызмет алушылар арасындағы байланыс аймағының арақашықтығы – 2 метр. Салық есептілігін қабылдау және өңдеу орталықтарындағы барлық жұмыс орындары тұрақты түрде антисептиктермен өңделуде. Мамандар стерильді қорғаныс маскаларымен және гигиеналық қолғаптармен жұмыс істеп, бөлмелерге жұмыс күні ішінде бірнеше рет санитарлық тазарту жүргізеді.
– ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің нұсқаулары негізінде салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тарапынан туындайтын барлық сұрақтар мен мәселелерді жедел шешу мақсатында барлық аумақтық мемлекеттік кірістер басқармаларында, кеден бекеттерінде және облыстық мемлекеттік кірістер департаменттері деңгейінде құрылымдық бөлімшелер басшыларынан және тәжірибелі білікті мамандардан құралған байланыс орталықтары жұмыс атқарады. Байланыс орталықтарының анықтамалық телефондары облыстық департаменттің ресми сайтында, облыстық департаменттің және аймақтық басқармаларының Facebook, Twitter әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында жарияланды, – дейді Өмірзақ Сайлауұлы.

Ш.Биділдәұлы

ПІКІР