"Алтын бесік"

Ешкі өсіргеннің есебі түгел

Written by Aray2005

Бизнес саласында жүрген адамдардың ішінде табысқа әркімнің әртүрлі жолмен жететіні белгілі. Мәселен біреу бұрын жер бетінде болмаған стартап жобаларды ойлап табу арқылы шалқып өмір сүрсе, енді бірі бұрыннан бар кәсіп түрін ұқсатып та табысқа кенеліп жатады. Бір анығы адамның ойламаған жерден байып кетуі тек қиял ғана. Өзіңе-өзің басшы, өз ісіңе өзің қожа болу үшін тірлікке тиянақтылық, ептілік, таудай талап, білім-білік, сондай-ақ ойға алған істі бастап кету үшін қаражатың болуы керек.

Бұрын кәсіппен айналысқысы келгендер осындай кедергілерге тап болып, қаржы тапшылығы болашақ кәсіпкердің бағын байласа, бүгінде бұл мәселе өз шешімін тапқан. Өйткені мемлекетіміз қазіргі таңда кәсіпке бет бұрғандарды тегін, кейде шәкіртақы төлеу арқылы оқытып, қажет болса қаржымен де қамтамасыз етіп келеді. Әсіресе жастарға деген қолдау айрықша. Өздерінің бірегей жобаларын ұсыну арқылы өңір жастарының ішінде қайтарымсыз қаржыға ие болып жатқандар да баршылық. Мұндағы басты мақсат – кәсіпкерлікке кең өріс аша отырып, елдегі жұмыссыздар санын азайту, отандық нарықты өз өнімімізбен қамтамасыз ету, елдің бизнесте бәсекеге қабілетті болуына жол ашу.
Былтыр Жастар жылы аясында облыста көптеген ауқымды жобалар қолға алынып, соның арқасында талай жас буын кәсіпкерлікке бет бұрғаны белгілі. Оның ішінде Жамбыл ауданының жастары да бар. Жалпы аталған ауданда 85 480 тұрғын бар болса, оның 19 485-ін жастар құрайды екен. Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Маханбет Рақымжанов бүгінде бұл өңірдегі жастардың 3 пайызы нақты кәсіпкерлікпен айналысып жатқанын айтты.
– Аудан жастары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан барлық мүмкіндіктерді мейлінше пайдалануда. Соның ішінде былтыр 289 жас буын 505 мың теңгенің грантына ие болса, осы жылы өтінім бергендердің саны 6 адамды құрап отыр. Бұдан бөлек былтыр «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша қысқа мерзімді оқыту курсынан өтіп, қаржыландырып үлгермеген 5 адамға жақында 505 мың теңгелік гранттар берілді. Осындай қаржылық қолдауға ағымдағы жылы 404 азамат ие болады деп жоспарланған. Негізінен 505 мың теңге грант ұтып алған азаматтар құс асырау, асыл тұқымды ешкі өсіру, жем тартып, кондитерлік цехтар ашу секілді жобалар бойынша жұмыс істеуде. Ағымдағы жылы 2 жас 5 миллион теңге шағын несие алып, өз кәсіптерін ашуда. Жалпы осы жылы 820 жасты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланса, соның 228-і 1-тоқсанда қамтылып үлгерді, – деді ол.
Ақбұлым ауылының тұрғыны Айдос Итемгенов былтыр 505 мың теңге грантқа ие болыпты. Ол өз кәсібін ешкі бағудан бастап, алғашқы капиталын асыл тұқымды ешкі өсіру арқылы құрғысы келгенін айтты.
– Басқа кәсіп түрімен айналысуға жүрексіндім. Себебі ойымызға неше түрлі идея келгенімен, оны жүзеге асыру оңайға соқпайды. Сондықтан өз кәсібімді алдымен ешкі асырап, сүтін сатып, пайда табудан бастағанды жөн көрдім. Біраз қор жинап алғаннан кейін басқа да идеяларымды жүзеге асыру туралы жоспарым да бар.
Негізі қазақ ешкіні түлік деп санамағанымен, халық даналығында «Есің кетсе ешкі жи» деген мақал бар. Өйткені бұл өсімтал мал. Оның үстіне ешкінің сүті де, еті де ем. Былтыр аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен аудандық кәсіпкерлер палатасына жолдама алып, «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша қысқа мерзімді оқыту курсынан өттім. Сертификат алғаннан кейін өз жобам бойынша 505 мың теңге мемлекеттен қайтарымсыз грант алдым. Әлеуметтік желіден асыл тұқымды ешкі өсіретін шаруашылықты іздеп жүріп, Т.Рысқұлов ауданында тіркелген «Табиғат» фермерлік шаруа қожалығының байланыс номерін тауып, шаруашылық иесі Кенжебек Сейдахметовпен тілдестім. Көп уақыт өтпей заанин тұқымды 4 ешкіні 100 мың теңгеден, текесін 105 мың теңгеге сатып алдым, – деді Айдос Жұпарбекұлы.
Бүгінде 4 ешкісінің екеуі егізден төл беріп, 6 лақты қосқанда саны 11-ге жетіпті. Алайда, төлдің үшеуі еркек болғаннан кейін біреуін 30 мың теңгеге сатып жіберген. Кейінірек қалған екі текені де сатып, үстіне ақша қосып, сатылған малдың орнын болашақта төл беретін шібішпен толтыруды кәсіпкер көздеп отыр.
– Ешкінің бір жақсы жері лақтары қозы секілді жасында тентек болмайды. Өскеннен кейін ешкі қотыр, құрттау, көтерем болу секілді ауыру-сырқауға да онша ұшырамайды. Сонымен қатар сүтін су алғанша саууға болады. Қыстай олардың жем-шөбін сүтін сату арқылы айырдым. Көк көтерілгелі күніне әр ешкіден 5 литр сүт сауып отырмыз. Күніне үш мезгіл сауғанда барлығы 20 литрдей сүт жиналады. Ауылдастар сауған-сауғанымызша сүтін алып кетіп жатыр. 1 литр сүтті 500 теңгеден саудалап жатырмын. Негізі күніне орта есеппен 5-6 мың теңге табамыз. Ауыл маңында жайылымды жер жетеді. Оларды қой кезекке қосуға болмайды, тұқымы бұзылады. Сол үшін әкем екеуміз кезектесіп бағып жүрміз. Осы кәсіпкерлікпен айналысар кезде оқыту курсынан 15 мың теңге шәкіртақы алу арқылы өттім. Мемлекеттің жастарды осылай қолдағанына дән ризамын. Менің жасым биыл 29-ға толады. Мемлекеттен тағы да қолдау көріп, кәсіп аясын кеңейткім келеді. Өйткені біз осы 505 мың теңгемен кәсіп аштық, ол күнкөрістен аспай отыр. Ал өз кәсібімді ырғақты дамыту үшін тағы да қаражат керек болып тұр – деді ол.
Жамбыл ауданында ешкі асыраумен айналыса бастаған жастар жалғыз Айдос қана емес. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулілер де, үйде баламен отырған көпбалалы жас аналар да бар. Соның бірі – Аса ауылының тұрғыны Гүлнұр Абдылқайырова. Ол да осындай қайтарымсыз қаржыға ие болыпты. Заанин асыл тұқымды 4 ешкісінің үшеуі егіз туған. Сауылған сүттің 1 литрін ол 400 теңгеден сатып жатыр. Мақсаты – аталған ешкі тұқымын өз төлі есебінен көбейту.
«Мал баққанға бітеді» дейді қазақ. Азғантай қаржымен амалдап болса да, табыс таба білген осындай еңбекқор жастардың ісі қоғам үшін қашанда үлгі. Бастысы – адамды табысқа жетелеу, масылдық пиғылдан аулақ болу, бейнеткештік, тәуекелшілдік секілді қасиеттерді қалыптастыру. Сондықтан әркім бизнесте бағын сынауды бүгіннен бастауы керек.

Н.Болатұлы,
Жамбыл ауданы

ПІКІР