"Заң және біз"

Есірткі бизнесіне жол жоқ

Written by Aray2005

Облыс аумағында есірткі бизнесіне қарсы бағытталған «Қарасора – 2020» республикалық жедел-алдын алу шарасы басталып, күшейтіле түсті. Бәріңізге белгілі, біздің облыста есірткі дайындау, оны сату даласында қарасора қаптап шығатын Шу ауданында тыйылмай тұр. Сол себепті ол аудан аумағында «Дельта-Долина» есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі өңіраралық бөлім жұмыс істейді. Жыл сайын 1 маусым – 30 қазан аралығында өтетін осы пәрменді кең ауқымды акция облыста да, бүкіл республика бойынша да есірткіге қарсы қызметтің сенімді қалқаны болып отыр.

Республикалық іс-шара ҚР ІІМ министрі Ерлан Тұргымбаевтың ерекше бақылауында болмақ. «Қарасора – 2020» шарасының ашылуына арналған селекторлық кеңесте облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генералы Жанат Сүлейменов жедел-алдын алудың мақсатын белгілеп, есірткі трафигінің арналарын анықтау және жою, марихуана мен гашишты дайындау және өңірлерден шығаруға қарсы іс-қимыл, сондай-ақ есірткіні таратуға маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың, оның ішінде олардың жаңа түрлерінің жолын кесу бойынша нақты міндеттерді қойды.
Ал «Қарасора – 2020» шарасының ашылуы өздігінен жабайы өсетін қарасораның ауқымды плантациясына байланысты әрқашан есірткі қаупінің маңызды көзі болып саналатын Шу алқабында орналасқан «Дельта-Долина» есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі өңіраралық бөлімнің жедел-іздестіру бөлімшесінде өтті.
Оған облыстық полиция департаменті бастығының орынбасарлары Нұржан Қалметов пен Руслан Құрымбаев, «Дельта-Долина» есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі өңіраралық бөлімнің жеке құрамы және БАҚ өкілдері қатысты.
Ауқымды акцияның ашылуында сөз алған Нұржан Қалметов «Жамбыл облысының полиция қызметкерлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы үздіксіз күрес жүргізуде. Биылғы жылдың басынан бері заңсыз айналымнан 400 килограмнан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді», деді.
Іс-шара барысында мамандандырылған көмек көрсететін заманауи техниканың әлеуеті тексерілді. Бұл жедел-профилактикалық іс-шарада өтімділігі жоғары 25 автокөлік қолданылатын болады. Кинологиялық қызметкерлердің есірткі заттарын мүлтіксіз тауып қана қоймай, тәртіп бұзушыларды батылдықпен ұстай алатын қызметтік-іздестіру иттермен көрсетілген тәжірибелік «қойылымдары» көрген жанның таңдайын қақтырды. Әсіресе, жол талғамайтын квадроциклдердің атпен қашқан адамды қуып, екі жақтап қыспаққа алып құрықтағаны құдды бір кинодағыдай. Айтуларынша, бұған дейін құмда, қалың қарасора ішінде жүру мүмкіндігі төмен «Нива» көлігімен талай аттылыны жіберіп алған екен.
Жалпы, облыстың өзге өңірлеріне жабайы өсетін сораны алып шығатын арналарды жабу үшін есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, криминалдық, патрульдік полиция және жергілікті полиция қызметі бөлімшелерінің қызметкерлерінен тұратын 30 жедел-мобильдік топ құрылған екен. Оған қоса Ұлттық ұлан сарбаздары да көмекке келмек.
Департаменттің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Асхат Әлметовтің айтуынша, пәрменді кешенді шаралардың арқасында облыстан тыс жерлерге шығарылатын есірткінің көлемі айтарлықтай төмендеп, ұйымдасқан қылмыстық топтардың іс-әрекетінің жолы кесілуде және соның салдарынан қара нарыққа есірткі құралының түсуі айтарлықтай қысқарған.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ,

Шу ауданы

ПІКІР