"Алтын бесік"

Ескі техника есіңізді шығарды ма?

Written by Aray2005

Енді жаңа жоба аясында ауыл шаруашылығы техникалары троллейбус паркінде жөнделеді

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласының алдына қойған міндеттері өте ауқымды. Соның негізгісі – ауыл шаруашылығы өндірісін жүйелі түрде дамыта отырып, еңбек өнімділігін арттыру, суармалы жер көлемін ұлғайту. Әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болу және экспортқа бағытталған тауарларды көптеп өндіру арқылы оның көлемін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Тегінде мал өсіріп, құс асырау, егін салу арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруге қатысты кез келген тірлікті техникасыз атқару мүмкін емес. Өйткені сайманы барлық талапқа сай агроқұрылымдардың ғана еткен еңбегі еселене түсетіні белгілі.

Өңіріміздегі агросекторлар кешендеріне тиесілі ауыл шаруашылығы техникасының саны 18 мың 900-ге жуық болса, оның 10 мыңға жуығы комбайн, 5 мыңға жуығы трактор. Қалғаны соқа, дән сепкіш, жер тегістегіш, қопсытқыш секілді өзге де ауыл шаруашылығы техникалары. Биыл шаруалар лизинг нарығындағы компаниялардан 1 мың 900-ге жуық жаңа техника сатып алуды көздесе, жыл басынан бері 400-ден астам су жаңа техника сатып алынған екен. Оның 7-еуі комбайн болса, 100-і трактор, қалғаны басқа техникалар. Осы арқылы биыл облыстағы ауыл шаруашылығы техникасы 10 пайызға жаңармақ. Бірақ шаруалар өзінде бар ескі көліктерді пайдалануды доғарып, оның орнын нақты ақшаға немесе лизинг арқылы жаңасымен алмастыра бермейтіні анық. Кейбірі «Ескіден есің кетеді» деген нақылды жақсы білсе де, қаржы қолбайлау болғандықтан, тозығы жеткен техникасына иек артуға мәжбүр. Десе де бүгінде ескірген техникаларды жөндеп пайдаға асыру мәселесі өз шешімін тапты деуге болады. Нақты айтқанда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен биылдан бастап «Агромашхолдинг KZ» акционерлік қоғамы мен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және облыстық кәсіпкерлер палатасының бірлескен лизингтік қаржыландыру жобасы жүзеге асырылатын болды. Аталған жобаға 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініпті.
«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Олжас Қаржауовтың айтуынша, жобаның алғашқы кезеңі шамамен қыркүйек айында жүзеге асырыла бастайды.
– Шыны керек, облыста ауыл шаруашылығы техникасының көбісі ескірген. Көп жағдайда кәсіпкерлердің тозған техникасын жаңартуына мүмкіндігі бола бермейді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек облыс бойынша 10 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылған ауыл шаруашылығы техникасының саны 3137 дана болса, 10 жылға дейін қолданыста болған техникалардың саны да аз емес. Жобаны жүзеге асырудағы басты мақсат – шаруалардың ескірген ауыл шаруашылығы техникасын жөндеп беру және олардың жаңасына лизингтік несие арқылы қол жеткізуін қамтамасыз ету. Бұл ретте Тараз қаласындағы бұрынғы «Тролейбус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа құрал-жабдықтар әкелу арқылы ол нысан техника жөндеумен айналысатын үлкен зауытқа айналмақ. Сонымен қатар лизингке техникалар сол зауыт арқылы таратылады. Бұл ретте отандық техниканы әкелу немесе құрастыру, косалқы бөлшектер шығару ісімен «Агромашхолдинг KZ» акционерлік қоғамы айналысады. Егер бір кәсіпкер ескі техникасын жаңасына алмастырғысы келсе, сол ескі техниканы аталған зауытқа бастапқы жарна ретінде тапсыра алады. Оның құны бағаланып, ол шаруаның лизингтік несиесінен шегеріледі. Жоба аясында шаруалардың несиесі «Агробизнес» бағдарламасы арқылы субсидияланады. Мәселен техниканы жөндеуге берілетін лизингтік несие қаржысының 25 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Лизингтік несие қаржысын беру «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының микроқаржы ұйымы арқылы жүзеге асырылады. Несиені өтеу мерзімінің ұзақтығы 5 пайыз мөлшерінде 7 жылға дейінгі уақытты құрайды.
Зауытта 50 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Осы шаруаларды жүзеге асыру үшін жақында «Агромашхолдинг KZ» акционерлік қоғамы мен «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы және облыстық кәсіпкерлер палатасы арасында меморандумға қол қойылды, – деді Олжас Есейханұлы.
Жалпы «Агромашхолдинг KZ» акционерлік қоғамының аты елімізде КСРО дәуірінде аты дүрілдеп, кейіннен банкротқа ұшыраған Қостанай дизель зауытының негізгі активтерін 2003 жылы сатып алуымен және бір жылдан кейін сол жерден ауыл шаруашылығы техникаларының сан түрін шығара бастауымен танымал. Өндірістік желінің қуаты – жылына 3 мың тракторға есептелген «Агромашхолдинг KZ» АҚ ауыл шаруашылығы техникаларын өндірумен қатар, Қазақстанда Ресей, Беларусь, Германия секілді дамыған елдерде ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын іргелі зауыттардың дистрибьюторы болу мен де айналысады. Мәселен Беларусь елінің «Гомсельмаш» компаниясымен әріптестік орнатып, жаңа үлгіде КЗС-812 «Полесье GS812» негізінде 4-класты «Еssil-740», 6-шы класты «Essil КЗС-760» секілді астық жинайтын, оратын, басқа да ауыр жүк көліктері секілді ауыл шаруашылық техникасының көптеген түрін құрастырып, оны нарыққа шығарып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Аталған компанияның өндірістік желілері еліміздегі Қостанай, Көкшетау, Өскемен, Петропавл, Алматы, Шымкент секілді бірқатар қалаларда бар болса, енді Тараздан да бір зауыты іске қосылғалы тұр.
– Облыста өңірдің ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша іргелі жобаның жүзеге асырылатыны бізді қатты қызықтырып отыр. Осы мақсатта облыстағы мүдделі мекемелермен бірге жобаны бірлесе жүзеге асыру үшін үшжақты келісімге қол қойдық. Енді жамбылдықтардың бізге ескі техникасын жөндеуге тапсырып, жаңасын алуына немесе модернизациядан өткізуіне мүмкіндігі мол. Техниканы жөндеу немесе жаңасын сату бағасы тым қымбат болмайтынына сендіреміз. Біздің тарапымыздан елдің ескі техникасын жөндеуді жүзеге асыру, қосалқы бөлшектер шығару тұрғысындағы жұмыстардың жоспарын қазіргі таңда мамандарымыз жасап, есеп-қисабын жүргізуде. Дегенмен жөндеу жұмыстарының тиісті түрлеріне арналған қажетті жабдықтардың алды жақын арада жеткізіледі. Бірлескен жоспар бойынша жыл соңына дейін осы облыстағы жүз шақты ауыл шаруашылығы техникасы бірлігін жаңғырту көзделіп отыр. Келесі жылы олардың саны 500 бірлікті құрайтын болады, – дейді «Агромашхолдинг KZ» президенті Александр Лаврентьев.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директорының міндетін атқарушы Самат Қосалиев әр ауданда палатаның филиалдары жұмыс істейтінін, шаруаларды осы жоба бойынша құлақтандыру, олардың құжатын реттеуіне көмектесу, кеңес беру ісі сол жердегі мамандардың көмегімен жүзеге асырылатынын айтады.
– Бүгінгі таңда Үкімет пен жергілікті әкімдік ауыл шаруашылығындағы өнімділік пен тиімділікті арттыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Біз өз тарапымыздан ауыл бизнесін жақсарту үшін барынша күш саламыз, – деді Самат Шынәліұлы.
Жоба «TRADE IN» бағдарламасы бойынша іске асырылатынын айта кетуіміз керек. Себебі бұл бағдарламаның міндетті шарттарының ережесіне сай мүдделі тарап ескірген техниканы жөндеу және оған техникалық қызмет көрсету барысында тұпнұсқалық қосалқы бөлшектерді пайдалануы қажет. Демек бұл көліктердің ақауын жөндеуде оған базарларда сатылатын түпнұсқаға ұқсас қосалқы бөлшектердің салынуына жол бермейді деген сөз. Сонымен қоса бұл бағдарлама көлікті сатуда, немесе тиісті диагностика жасату мен машиналарды жөндеуден өткізуде белгілі бір мерзімге дейін кепілдік алуға мүмкіндік те береді. Одан бөлек тұтынушыға әр комбайн, трактор немесе басқа да агрегаттар бойынша толық пайдалану тарихы, жүргізілген жөндеу жұмыстары жайлы мәлімет пен техникалық қызмет көрсету жайлы ақпарат та ұсынылады екен.
Осы жобаның жүзеге асуынан хабардар болып, қуанып отырған өңірдегі шаруалардың кейбірімен тілдесіп те үлгердік. Мәселен Жамбыл ауданында 1150 әртүрлі ауыл шаруашылығы техникасы бар болса, оның 389-ы трактор, 45-і астық, 35-і шөп оратын комбайн, 389-ы трактор тіркемесі болса, 90-ы құрылыс техникасы және 300 дана басқа да техникалар бар екен. Аталған аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бақытжан Тастеміров аудан бойынша аталған техникалардың қазіргі таңда 70 пайызының тозығы жеткенін айтады.
– Барлық іс нарық талабына тірелген уақытта осындай шартпен жоба арқылы комбайндар мен тракторларды және басқа да техникаларды жөндеу, жаңасын алу еліміздің аграрлық саласын аяққа нық тұрғызады деп білемін. Көптеген шаруашылық иелері комбайн немесе тракторды бірнеше жыл пайдаланғаннан кейін, оны жаңа модельге айырбастауға бұрын мүмкіндігі бола бермейтін. Енді міне ауыл шаруашылығы саласының өзі цифрлық технологияға негізделе бастаған бүгінгі заманда қаржының жоқтығы діңкелетіп жүрген шаруалардың көпфункционалды техникалар сатып алуына мүмкіндігі туды. Өйткені өңірде іргелі деген агроқұрылымдардың өзінің ауыл шаруашылығы техникаларын алғаш сатып алған уақытынан бері өз паркін жаңа модельді техникамен толықтыруын заман талап етіп отыр. Мәселен біздің ұжымда К-700, МТЗ-80, астық, жемшөп комбайны, дәнсепкіш, қопсытқыш секілді бас-аяғы 26 техника бар болса, соның алды зауытта 1986 жылы, соңы 2016 жылы шығарылған. Сол секілді ауданда пайдаланып жүрген техникасына 40 жыл болған шаруашылықтар көп. Егін салу, ору секілді науқандық жұмыс қыза бастағанда ондай техниканы пайдаланбақ тұрмақ, орнынан қозғаудың өзі қиынға соғады. Бір ақауын жөндесең, тағы бір жері сыр береді. Сондықтан мемлекеттің қолдауымен отандық техникаларды сатып алуға, қолыңда бар көлікті жөндетуіне ынталандыратын осындай субсидиясы бар аталған жобаның бастамасышы бола білген облыс әкіміне алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмаханов.

Расында да ескі техникадан есі шығып жүргендер көп ауылда. Олардың енді қолындағы ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және қалпына келтіруіне бұдан асқан мүмкіндік жоқ. Бұл өңіріміздегі ауыл шаруашылығы саласын көркейту арқылы экономикамыздың дамуына тірек болады деп сенеміз. Сонымен қатар бұл жоба ауыл шаруашылығы техникасының нарықтағы құнын облыс аумағында реттеп, шаруалардың тракторлар, комбайндарға деген сұранысын арттырады деген үміттеміз.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР