Ет аралас жаңбыр жауған күн

0 5

АҚШ-тың Кентукки штатында табиғат тосын мінез танытып, жеті қат көктен ет аралас жаңбыр жауды. Мұндай таңғажайып жағдай жергілікті тұрғындардың үрейін алып, содан бұл жаққа экологтар мен ғалымдар ағылды. Алайда олардың бірде-біреуі аспаннан не себептен ет жауғанын анықтай алмаған.

Десе де араға он күн салып, оқиға орнына Трансильван университетінің профессоры Курт Годе келіп жетеді. Оның да түпкі ойы сол, табиғаттың тылсым күшінің сырын ашу еді. Сөйтіп, профессор бірден іске кіріседі. Ол ең алдымен штаттың экологиясына талдау жұмыстарын жүргізеді. Бұдан соң Курт Годе Кентуккидің маңайын тексеріп, гриф атты құстардың өлі денелерін тауып алды. Содан соң профессор грифтердің неден қырылғанын анықтайды. Профессор өз жазбасында: «Ет аралас жауған жаңбыр Кентукки штаты тұрғындарының таңданысын тудырды. Мен бұл штатта 10 күн бойы зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Сонда аспаннан жауған еттің грифтердің аузынан түскенін анықтадым. Өйткені өлексемен қоректенетін аталмыш құстар ұшу процесін жеңілдету үшін үнемі асқазандарын тазартып, ішкен-жегендерін ауыз қуысының көмегімен сыртқа шығарып отырады. Нәтижесінде осындай ет аралас жаңбыр жауады», деп байлам жасаған.
Бір қызығы, тұрғындар жеті қат көктен түскен еттің дәмін еш қорықпастан татып көрген. Кейін мұндай эксперимент жасаған кентуккиліктер медициналық тексеруден өтіп, әрбір дәрігердің жеке қабылдауында болған. Аталмыш штаттағы аурухана дәрігері Л.Кастенбайн: «Ет аралас жаңбырдан дәм татқан штат тұрғындарының денсаулығын бір ай бойы бақылауда ұстадық. Сөйтіп, біз барлық пациенттің ағзаcын тексердік. Қуаныштысы сол, еш өзгеріс байқамадық», деген.
Бүгінде Кентукки штатында жауған ет аралас жаңбырдың құрамы Трансильван университетінің базасында сақтаулы тұр. Бұл туристерді тартудың бір амалы болып тұрғаны анық.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.