Ет бағасы қашан тұрақтайды?

0 0

Елбасының ет экспортын арттыру тапсырмасынан кейін бұл бағыттағы шаруаға жан біткені рас. Тиісті министрліктердің бірлескен қимылының арқасында қазақ малының етіне деген алыс-жақын шетелден сұраныс артты. Әсіресе Иран, Ресей, Қытай, Өзбекстан елдеріне ет шығару көлемі көбейе түсті. Бұл қысы-жазы малдың соңында жүрген шаруа үшін үлкен мүмкіндік болғанымен елдегі ет бағасына кәдімгідей әсер еткені рас. Былтырдан бастап ет құнының уақыт өткен сайын қымбаттай түскені отандастарымызды кәдімгідей қынжылтып келеді. Жергілікті билік пен жауапты мекемелер бағаны қолдан қысқанымен, одан анау айтқандай нәтиже шығар емес.

Қазір әлемдік сарапшылар қой етіне деген сұраныстың артып келе жатқанын айтады. Содан болар, қой шаруашылығы ықылым заманнан атакәсібіне айналған елдер осы төл тұқымын көптеп өсіруді қолға ала бастапты. Әсіресе Моңғолия 60 миллион қойымен көш бастап келеді. «Қорасында» 43 миллионға жуық қойы бар Түркия да бұл бәсекеде екінші орыннан көрінуде. Қорасында дейтініміз, жер көлемі жөнінен әлемде 36-орында тұрған Түркияның халқы 82 миллион адамнан асады. Яғни халық тығыз орналасқандықтан, оларда жайылымдық жер мәселесі кейінгі кезде күн тәртібінен түспей келеді. Моңғолияда да мыңғырған мал санының көбейгенінен олардың да өрісі тарылуда. Ал ұлан-ғайыр даламызбен тоғызыншы орынға жайғасқан Қазақ елінің қой саны небәрі 25,6 миллиондай ғана. Себебі көбіне жекенің ғана қолында қалған төрт түлік бүгінде көк қуып әркімнің алқабына кіріп кетіп, берекесі қашып жүр.
Жекенің меншігінде қурай басып құр бос жатқан миллиондаған гектар жерлерді мемлекет қорына қайта алып, оны тиімді игеру мәселесі жыл өткен сайын айтылса да, бұл тірлік өнетін емес. Ауыл шаруашылығын кешенді дамытудың жолын нұсқаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында жерді ұтымды пайдаланудың өзектілігіне ерекше тоқталды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген ауыл шаруашылығы жерлерін инвентаризациялау елімізде 16,5 миллион гектар алқаптың пайдаланылмай жатқанын анықтаған, яғни осыншама алқап ел игілігін арттыруға тартылмаған. Осы себепті Үкіметке барлық ауыл ­шаруашылық жерлеріне аудит жүргізу және жер кадастрының ақпараттық жүйесін цифрландырып шығу тапсырылды. «Жер– өндірістің басты факторы. Осы мәселеде тиімділік пен айқындық болмаса, ауылды өркендете алмаймыз. Мұның күрделі жұмыс екенін түсінеміз. Бұл жерде Ауыл шаруашылығы және Цифрлық даму министрліктерінің үйлесімді өзара іс-қимылы қажет. Бұл жұмысты келесі 2020 жылдың соңына дейін аяқтау маңызды. Ауылшаруашылық жерлерінің тиімді пайдаланылуына бақылауды құжат жүзінде де, тәжірибеде де күшейткен абзал. Жер сонда жұмыс істей алатындардың қолында болуға тиіс. Үкімет, атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді ұтымды пайдалануға мониторинг жүргізуге кірісті. Бұл жұмыс аяғына дейін жеткізілуге тиіс», деген еді Президент.
Бұл тұста жер мәселесін тектен-тек сөз етіп отырғанымыз жоқ. Миллиондаған гектар жер кезінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, талай ауыл айдың-күннің аманында жайылымынан айырылды. Өріс тарылған соң кім мал ұстасын? Қашанғы қораға қамап отырмақшы? Егін, жемшөп шаруашылығындағы қордаланған мәселелердің өзі бір төбе. Міне, осындай факторлардың кесірінен кезінде қой санын 50 миллионға жеткіземіз деген жоспарымыз уақыт өте келе, осылайша құр желпінген адамның мақсатсыз арманындай желге ұша берді. Осыдан кейін қой еті қымбаттамағанда қайтсін. Өйткені сұраныс көп, ұсыныс аз. Қысқасы, ет нарығында бәсеке жоқ.
Бәсеке демекші, бүгінде мал шаруашылығымен айналысушылар экспорт бәсекесіне түсіп кеткен бе дерсің. Ауыл шаруашылығы басқармасының цифрларын сөйлетсек, былтырдан бері облыста ет экспортының жұмысы жанданған.
– 2019 жылға бекітілген жоспарға сәйкес облыстан 1 500 тонна сиыр еті экспортқа шығарылуы тиіс болса, жыл басынан бері тауарөндірушілер 923,2 тонна сиыр етін экспортқа шығарып, жоспарды 61,5 пайызға орындады. Сонымен бірге 733,5 тонна қой еті экспортталып, жоспардың (жоспар – 2000 тонна) орындалуы 36,7 пайызды құрайды. Өткен 2018 жылдың осы кезеңінде 524,5 тонна сиыр еті (биылғы жылдан 398,7 тоннаға кем) және 1125,3 тонна қой еті (биылғыдан 391,8 тоннаға артық) экспортқа шығарылған, – дейді басқарманың баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақов.
Енді алдағы үш айда кәсіпкерлер қалған межені толық болмаса да жүз пайызға жете-қабыл орындайтынына сенейік.
Қой етінің экспорты облыста былтырғыға қарағанда биыл біршама кеми түскен. Десек те жалпы алғанда екі-үш жылдан бері бұл нарық төңірегінде бәсеке қалыптасып, жұмыс жүре бастағанын аңғартады. Берекенің көзі ұсақ малда екенін білетін қазақ малшылары алдағы уақытта да нәсібін осы істің төңірегінен теретіні анық. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, экспорт мәселесіндегі кейбір түйткілдер ретімен шешілуде. Жуырда біздің қой еті импортына тәуелділер қатарына Біріккен Араб Әмірлігі де қосылды. Ол жақта қой етіне деген сұраныс жоғары екен. Отандық ақпарат құралдарынан оқығанымыздай, әмірлік тұрғындары әр қойды 350 доллардан сатып алып жатқан көрінеді. Яғни өзіміздің ішкі нарықтағы бағадан үш есе қымбат. Иран елі де Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен қоңды қой етіне деген сұранысын арттырған.
Баға тұрақтылығын алға тартып, бірнеше жылдан бері айтылып жүрген тағы бір жоба – облыстық көтерме тарату орталығы биылдан бастап жұмысына кірісті. Жобаны мойнына алған «Көтерме тарату орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Самат Үрпеков әзірге құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Тараз қаласы шетіндегі «Ауыл-Береке» базарының дәл іргесінен салынып жатқан алып орталық болашақта азық-түлік қауіпсіздігімен әрі бағаны реттеумен айналыспақ.
– Облыстық көтерме тарату орталығының көздеген мақсаты – ең алдымен шаруаларға көмектесу. Біз сырттан тауар тасымаймыз. Тек жамбылдық шаруалардың ғана өнімін көтерме бағаға сатып алып, оны қоймамызда сақтап, керек кезінде базар саудагерлеріне төмен бағамен сатып отырамыз. Яғни өндіріс, тауар айналымы, тұтыну бағытындағы тұрақтылықты да қамтамасыз етпекпіз. Егер біз диқандардың еккен пиязы мен картобын тұрақты түрде алып тұрсақ, шаруалардың ертеңгі күніне деген сенімі оянбақ. Күмән сейіліп, сенім орнаған жерде тірліктің де өнетіні жасырын емес. Қазір жобамызға Үкімет тарапынан да ақша бөлініп жатыр. Әзірге біздің облыста пилоттық түрінде жүзеге асатын жобаға мемлекет 30 пайыз, құрылтайшылар 70 пайыз үлеспен қатысуда.
Алдымен жұмысты көкөніс бағытында бастамақпыз. Ал орталық қоймасын базардың түбінен салу себебіміз – біз логистика, тасымал мәселесін қатты ескердік. Өйткені кейбір көкөніс түрлері ыстық пен суықта тез бұзылатындықтан, үлкен базардан алшақ кетпеуге тырыстық,– дейді С.Үрпеков.
Расымен де бұл жоба сәтті жүзеге асып жатса, ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандырудың таптырмас құралы болғалы тұр. Орталық басшылығы келесі кезеңде көкөністен концерві өнімдерін шығарып, алыс-жақын шетелге, әсіресе халқы бізден әлқақайда көп Ресей нарығына шығаруды көздеп отыр.
– Әрине, бұл біздің перспективалық жоспарымызда тұрған іс. Алдымен ішкі нарығымызды қамтамасыз ету бағытына бар күшімізді саламыз. Тіпті шамамыз келсе, мал бағып немесе диқаншылықпен айналысамын деген шаруаға қаржы беру тетігін де қарастырып көрмекпіз. Өйткені бізге де тұрақты тұтынушымен қатар, серіктестер де керек, – дейді «Көтерме тарату орталығы» ЖШС директоры С.Үрпеков.
Орталық жұмысы жолға түскен соң облыстағы ет нарығына да кірмек. Яғни мал шаруашылығы субъектілерімен келісімге келу арқылы етті көтерме бағамен мол мөлшерде қабылдап алатын орталық өз қоймасында бұл тауардың қорын қалыптастырмақ. Соңғы жылдардағы ет экспортының салдарынан елдегі еттің тапшылығы бағаны шарықтатып жібергенін бұған дейін де айтқанбыз. Шарықтаған бағаны нарықтың ырқына көндіру үшін қолдан небір амалдар жасалған. Тіпті облыстық тұрақтандыру қоры арқылы да әлеуметтік азық-түліктер төменгі бағамен үлестірілуде. Бірақ нәтиже ойдағыдай емес. Әлеуметтік базар тауарларының бағасы қаладағы өзге базарлардан сәл төмендеу болса да, жұрттың оған жаппай ағылып жатқанын байқамадық.
Осы күнге дейін кәсіпкерлік, экономика салаларында он бес жылдай тер төгіп келе жатқан Самат Үрпеков маман ретінде Қазақстанның ет экспортынан елге кіретін импорттық ет көлемі басым болып тұрғанын айтып өтті. Демек, біздің кәсіпкерлер етті сыртқа елдегі бағадан қымбаттау өткізіп жатқанда өзге елдің малшылары өзінің арзан өнімін біздің нарыққа тықпалап жатыр. Әрине, бұл жерде отандық кәсіпкерлерге «Экспортыңды қоя тұр, алдымен өзімізді жарылқайық» деп айта алмайсың. Өйткені таңдау әркімнің өзінде.
Байқауымызша, импорт пен экспорттың арасындағы баланс дұрыс болмауына байланысты баға саясатының құбылып кетуі заңдылық. Сондықтан сала маманы Самат Үрпеков бұл проблеманы шешу үшін облыстағы ет шаруашылығы бәсекесін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің қойған тапсырмалары дұрыс бағытта екенін алға тартты.
Тақырыпты түйіндей түссек, о бастан атакәсібі болып келе жатқан мал бағудан қазақ ХХІ ғасырда да қаша қоймас. Есесіне кезінде нағыз бақыт қалада екен деп ауылдан үдере көшкен жұрт қазір бұл қарқынын басқан. Алтын бесік – ауыл екенін көпшілік түсінді. Бірақ баққан малының өнімін базарға, тіпті әлемдік нарыққа жеткізу, өткізу ісіндегі іркілістерді Үкімет уақыт созбай ырыққа көндірсе, халық та қарап жатпас. Моңғолия да сол ізденістің арқасында мал тұқымын асылдандырудың тың тетіктерін тапты. Әлі де осы бағыттағы технологияларды амалдап келеді. Ал қазір елімізде қой шаруашылығы ауыл­ шаруашылық өнімдерінің 4-ақ пайызын құрап отыр екен. Соңғы жылдары Өзбекстан бізден жаппай қой сатып алуға кірісіпті. Әрине, қоңсымыздың бұл қарбаласы қазақ жерінде өскен қой етінің дәмділігінен бе, әлде базар бағасының арзандығынан ба, ол жағы аса маңызды емес. Ең бастысы – сұраныс артуда. Демек, елдегі ет бағасы бұдан әрі шарықтамасын десек, бәсекені арттыру жолында ендігі бір байламға келетін уақыт жеткен сияқты.

Жасұлан Сейілханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.