Сараптама

Ет экспортының көлемі екі есе ұлғаяды

Елбасының «Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында экспортқа бағытталған индустрияландыруды экономикалық саясаттың өзегі ету жайына айрықша тоқталды. Әсіресе, халық жиі тұтынатын тауарларды өндіру ісін жолға қою арқылы экспорттан бұрын ішкі нарық сұранысын қамтамасыз ету басты назарда болмақ. Қазына қаржысынан алдағы үш жылда экспорттық тауар өндірушілерді қолдауға 500 миллиард теңге бөлінеді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту жоспарлануда. Қазірдің өзінде агросалаға серпін беретін осынау жоспарды жүйелі жүзеге асыру аясында өңірде бірқатар нақты жұмыстар қолға алынған.

Жамбылдық шаруалардың өнімдерін шетелдік нарыққа жөнелту шаралары жыл басында облыс әкімінің бастамасымен түзілген агроөнеркәсіп кешенін дамыту картасына да енгізілді. Онда зәкірлі кәсіпорын технологиясын пайдалана отырып, ет экспортының әлеуетін арттыру жоспары жасалған. Мәселен, жобаның алғашқы кезеңінде қой еті өндірісін көбейту, оны шетел нарығына бағыттау шараларында «Меркі ет комбинаты» және «Оңтүстік халал өнімдері» жауапкершіліктері шектеулі серіктестіктері жетекші кәсіпорынға айналады. Зәкірлі кәсіпорындарды шикізатпен қамту ісіне 125 шаруа қожалығы тартылады. Мұнан бөлек, «Селекция» дистрибьютерлік орталығы қой тұқымын асылдандыру мақсатында ғылыми-консалтингтік сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастырмақ. Ал, сиыр етін экспорттаудағы зәкірлі кәсіпорын ретінде 3 мың басқа арналған ірі бордақылау алаңдары құрылады. Сол арқылы бірер жылдан соң өңірдегі ет экспортының қауқары еселеп артпақ. Ал, қазіргі таңда жамбылдық шаруалар шетел нарығына ет өткеру бойынша бекітілген меженің үдесінен шығу үшін еңбек етуде.
– Жыл басынан бері жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен 1 953 тонна ет экспортқа шығарылды. Оның 1173,1 тоннасы қой еті. Өнімнің бұл түрі негізінен Меркі ауданындағы «Меркі ет комбинаты» мен «Оңтүстік Халал Тағамдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде дайындалады. Қаңтар айынан бері аталған кәсіпорындармен Иран Ислам Республикасына – 1006,4, Бахрейн Корольдігіне – 147,5 тонна қой еті жөнелтілді. Сондай-ақ, Тараз қаласындағы «Смагулов А.Т.» жеке кәсіпкерлігі мен «Salsabil» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Кувейт, Бахрейн Корольдігіне өнім өткеруде. Ал, сиыр етін экспорттауға «Первомайские деликатесы», «Меркі ет комбинаты» сынды кәсіпорындармен бірге Қордай, Байзақ, Жамбыл ауданының шаруа қожалықтары да атсалысуда. Олардың өнімдері негізінен Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің нарығында жоғары сұранысқа ие. Жамбылда өндірілетін құс пен жылқы еті де көрші мемлекеттерде жеңсік ас саналады. Қаңтар-қазан айларында «Әулие-ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қырғыз Республикасына 145,7 тонна құс етін жеткізді. Сонымен бірге, Жамбылдан шетел экспортына жол тартқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің құрамында 1,2 тонна жылқы еті де бар, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Сражаддин Сүлейменов.
Негізінен өңірде 2018-2027 жылдар аралығында етті мал шаруашылығын дамытуға арналған ұзақ мерзімге жоспарланған салалық бағдарлама қабылданып, тиісті көрсеткіштер бекітілген. Сол бағдарлама шеңберінде мал тұқымын асылдандыру мақсатында 6 жыл ішінде шаруа қожалықтармен 36 мыңға жуық мүйізді ірі қара малының аналық басын сатып алу жоспарланған.
Осылайша, алдағы 2-3 жыл көлемінде ет кластерін дамыта отырып ет экспорты көлемін 2 есеге арттыру жоспарда бар. Өз кезегінде, Әулиеата жерінде өндірілген қой етін көптеп тұтынатын Иран Ислам Республикасы, Бахрейн Карольдігі, Кувейт мемлекеттерімен жасалған ұзақ мерзімді келісімшарттар да ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтудың негізгі тетігіне айналмақ.

Жалпы, ет экспортын дамыту жұмыстарын қолға алудағы мақсат өңірде өндірілген өнімді шетел нарығында сұранысқа ие етумен бірге жергілікті агроөнеркәсіп кешенінде жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың тұрмысын түзеуге жағдай жасау екені белгілі. Ендігі кезекте ет өнімдерін өндіретін жетекші кәсіпорындарға экспортпен қатар ішкі нарықтың сұранысын өтеп, қыс жақындағанда ырыққа көнбейтін бағаны тұрақтандыру мүмкіндігін зерделеу де артық болмас.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР