Еуро-2021: Кімнің бабы, кімнің бағы жанады?

0 4

Әлемдік пандемияға байланысты бір жылға шегерілген футболдан «Еуро-2020» чемпионаты түндігін түретін күн жақын. 11 маусым мен 11 шілде аралығында алауы тұтанатын доп додасы осы сенбіде басталады. Құрамалар клубтық жарыстарды аяқтап, енді кәрі құрлық бәсекесіне тастүйін дайын. Сонымен биыл кімдер бақ сынап, қай құрама чемпиондық «тәжді» төбесіне көтереді?

 

Бұған дейін Еуропа чемпионатын Испания мен Германия құрамалары өзара 3 рет жеңіп алса, кубоктың қазіргі иесі – Португалия құрамасы. Спорт сарапшыларының болжауынша биылғы турнирді Англия, Франция немесе Бельгия құрамасы жеңіп алуы мүмкін екен. Алайда доп домалақ. Жарыс болғаннан кейін бірде бақ, бірде бап шауып жатады. Бұл ретте біз Испания, Германия, Нидерланд пен Италияның да жеңімпаз атану мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Алайда аталған төрттікке қазір буын алмасу процесі жүріп жатыр. Сондықтан «Еуро-2020» чемпионаты тәжірибе мен талантты қатар сынайтын секілді.

Ресей мен Украина бұл турнирдің ортаңқол құрамасы саналады. Букмекерлік кеңселер Станислав Черчесов пен Андрей Шевченконың шәкірттері жеңіске жететіндігіне сенбейтіндей. Олай дейтініміз Ресей мен Украинаның жеңімпаз болатындығына букмекерлік кеңселер 67 коэффициент беріп отыр. Мүмкін олар Ресей мен Украина «Еуро-2016»-да өз топтарында соңғы орын алғанын есепке алып отырған шығар. Алайда осындай ортаңқол командалар үлкен турнирлерде сенсация жасап жататынын естен шығармаған абзал. Оған «Еуро-2016» додасында атағынан ат үркетін Англия құрамасы 1/8 финалда Исландиядан жеңіліп қалғанын, Франция финалда Португалиядан ұтылғанын, ал Бельгия ширек финалда Уэльске жол бергені анық дәлел бола алады.

Негізі құрамалардың жуырда өткізген жолдастық кездесулеріне қарап та көп ой түюге болады. Турнирдің басты фавориттері саналатын Франция, Бельгия, Германия мен Англия эконом режимде ойнап жатыр. Олар кездесу бойы небәрі 1-2 голдан соғуда. Бәлкім бұл бапкерлердің турнир алдындағы айлалы саясаты шығар. Бірақ Францияның қосалқы құрамының өзі жұлдызды ойыншыларға тола екенін ескерсек, мұнда негізгі құрамдағы орын мен допқа талас жүріп жатқандай. Бір-біріне пас беріп, командаласының гол соғуына мүмкіндік тудырып жатқан сәттер байқалмайды. Бәрі кездесу тағдырын өзі шешіп, ойын үздігі атанғысы келеді. Алайда мұндай пиғыл француздардың өздеріне қарсы жұмыс істеп, жарыс жолынан шығарып тастауы мүмкін. Дәл сондай Бельгияда да гол соғатын ойыншылар артып жығылады. Дені Еуропадағы үлкен клубтарда ойнап жүрген шабуылшылар. Сондықтан мұнда да құрама арасында түсінбеушілік пен қызғаныш басым секілді. Ал Англия мен Германия өзіне тән үлгіде ойнауда. Екеуі де шабуылдаушы құрама. Гол соғатын ойыншылары да белгіленіп қойған. Екі құрама да ұтылып жатып, кез-кезген елді жеңіп кете алатын қауқарге ие.

Нидерландының керемет ойынын көпшілік сағынып қалды. Робен, Снейдер сынды сұрмергендердің дәуірінен кейін бұл елдің бағы бір ашылмай келеді. Бәлкім биылғы турнирде қызғалдақтар елінің жұлдызы жанып, айды аспаннан шығарар.

Италия байырдан қорғаныстағы құрама екені белгілі. Португалияның Роналду болмаса ойыны алға баспайды. Десе де футболды сағынып қалған жанкүйерлер барлық топтағы ойындардан тартысты кездесулер күтетіні анық. Көпшіліктің әсіресе «F» тобына назары ауып отыр. «Өлім тобында» әлем чемпионы Франция, өткен Еуропа чемпионатының жеңімпазы Португалия, қай турнирден болмасын жүлдесіз қайтпайтын «неміс машинасы» Германия сынды мықтылар ойнайды. Бұл топта Венгрияға обал болып тұр. Оларға топтан бір ұпай алса да абырой.

«D» тобында да талай қызық күтіп тұрғаны анық. Мұнда азулы Англия мен әлем чемпионатының финалисі Хорватия Еуропаның орта деңгейлі Шотландия мен Чехия құрамаларымен топтан шығу жолдамасы үшін таласады. Соңғы екі елдің футболшылары «қызылшақа» саналатындықтан басты тартыс Англия мен Хорватия арасында өтетін секілді.

Қалған төрт топтағы жағдай біркелді. Топта бір фаворит болса, қалғандары деңгейлес. Десе де төртжылдықта бір келетін турнирге ешкім осал ойыншыларын әкелмейтіндігі белгілі. Сондықтан мұнда да сенсациялар орын алуы мүмкін.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл испандық «Реал Мадрид» командасында жасындай жарқыраған Бензема ұзақ үзілістен кейін Франция құрамасына қайта шақырту алды. Сондай-ақ Солтүстік Македония құрамасында ойнайтын Пандев үшін де бұл соңғы турнир болмақ. Пандев Македонияны Еуропа чемпионатына алып шығу үшін аз тер төккен жоқ. Сондықтан оның үміті мен еңбегі ақталады деп сенеміз. Златаны бар Швеция да дұрыс ойын көрсетуі керек. Мінезі шатақтау Златанды түлен түртіп, тағы бірдеңені шығарып жүрмесе болғаны. Өзге де құрамалар сапында коронавирус пандемиясына байланысты көптеген өзгерістер орын алды. Сол себепті бәрінен де қауіптенуге болады. Ал бізге ең бастысы әдемі футбол мен тартысқа толы кездесулер қажет.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.