Токиода топ жара аламыз ба?

0 2

Токио Олимпиадасының басталуына айдан аса уақыт қалды. Бүгінгі күнге дейін ел спортшылары 24 спорт түрінен 60 жолдама жеңіп алды. Оның жетеуі жамбылдық спортшыларға тиесілі. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің берген ақпаратына сүйенсек, қазір еліміз Олимпиада алдындағы соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр.

 

– Барлығы әлемде Олимпиада ойындарын өткізудің және оған біздің спортшылардың қатысуының маңыздылығын түсінеді. Пандемия кезінде біздің алдымызда барлық спортшыларымызды Токиодағы Олимпиада ауылына және ойын аяқталғаннан кейін аман-сау және қауіпсіз оралу міндеті тұр. Токио Олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің және біздің тарапымыздың негізгі басымдықтары әрдайым спортшылардың және ойындарға қатысушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі болды және болып қала береді. Елдердің, соның ішінде Қазақстан делегацияларының алдында ұйымдастырушылардың қатысушылардың денсаулығын сақтау үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты бірқатар талаптары айтылды және біз өз тарапымыздан өз спортшыларымызды қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды жасауға ниеттіміз. Қазіргі уақытта Ұлттық Олимпиада комитеті Қазақстанның ұлттық федерацияларымен бірлесіп, Олимпиада құрамасын алдағы Олимпиада ойындарына дайындау жұмыстарын жалғастыруда, – дейді Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Спортшыларды коронавируске қарсы вакцинациялау күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып отыр. Екпе егу ағымдағы жылдың наурыз айында басталып, қазір Олимпиада ойындарына лицензия иелерінің шамамен 60 пайыздан астамы және олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама мүшелерінің 150-ден астамы вакцина қабылдаған.

– Біз Олимпиада ойындарына дайындықтың соңғы кезеңіне кірісудеміз. Спортшыларымыздың қарбалас күнтізбесі оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар арасында үзіліс жасауға мүмкіндік бермеуде. Сонымен қатар қазіргі кезде олимпиадалық спорт түрлері бойынша бірқатар спортшылар шетелде оқу-жаттығу жиындарында жүрсе, қалғандары қазақстандық базаларда жаттығуда. Іріктеу сындары маусым бойы өтеді. Былтыр Олимпиада ойындарының кейінге шегерілгенін ескерсек, бұл спортшыларымызға әсер етті. Екі жылдан бері Олимпиада ойындарының ауыстырылуын есепке алғанда, барлық атлеттер ауыр қысымға ұшырап келеді, – дейді ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков.

Сонымен қатар Токио Олимпиадасына арнайы «плейбук» әзірленуде. Онда ойындардың қауіпсіз өтуі үшін Олимпиадаға қатысушылардың барлығына қосымша және қатаң шектеу шаралары, Жапонияға кетер алдындағы екі апталық карантин, ПТР сынағы, тек Олимпиадалық ауыл мен спорт нысандары арасындағы қозғалыс, туристік немесе басқа олимпиадалық емес орындарға баруға тыйым салу, жапондық қоғамдық көліктерге отыруға шектеу қою және арнайы тағайындалған COVID офицеріне күнделікті есеп беру туралы талап-ескертпелер көрсетілген.

Міне, осылайша Токио Олимпиадасы қатаң карантиндік талаптар негізінде өткелі тұр. Бұған дейін Жапония билігі Олимпиада ойындары көрерменсіз өтетіндігін айтқан болатын. Алайда нақты қандай шектеулер қойылатындығы әзірге белгісіз.

Бір қунарлық хабар, Токио Олипиадасында төрелік ететін төрешілер тізіміне қазақстандық маман еніп отыр. Асқар Молдағали 17 төрешімен бірге каратэ спорты бойынша қазылық етеді.

Әрине қазір әлем елдері әліптің артын бағып отырғаны анық. Бір айдан аса уақытта тағы көп нәрсе өзгеріп кетуі мүмкін. Алайда Олимпиада алауы дер кезінде тұтанып, төртжылдықтың айтулы додасы дүркіреп өтсін деп тілейміз!

Еске сала кетсек, Олимпиада ойындары 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді. Спортшыларымызға тек сәттілік жолдас болсын!

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.