«EXPO» кешені ел игілігіне қызмет етеді

0 0

Өткен жылы Астана қаласы халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесіне төрін ұсынғанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Бұл мемлекетіміздің елорданың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында абыроймен өткере білген халықаралық маңызға ие кезекті шараларының бірі еді. Бүгінде аталған көрмені өткізу үшін салынған алып кешенде ауқымды жобалар жүзеге асуда. Бір сөзбен айтқанда, Астана қаласы 20 жылдық белесінде еліміздің туристік және қаржылық-іскерлік орталығына айналды деп айтуға толық негіз бар.

ЕЛОРДАНЫҢ ІСКЕРЛІК ОРДАСЫ

Өйткені, қазіргі таңда ЭКСПО кешені Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған жаһандық жобаларды дамыту алаңы саналады. Бір ғана «Астана» халықаралық қаржы орталығы жобасының өзі бүгінде Еуразиялық кеңістік бойынша қаржылық қызмет көрсететін ірі орталыққа балануда. Бұл жоба өз алдына алдағы үш жылда «Астана» халықаралық қаржы орталығын әлемдегі ең атақты 50 халықаралық қаржы орталығының қатарына қосу міндетін қойып отыр. Осылайша бұл бастама бұған дейін аса ауқымды халықаралық саяси-іскерлік шаралардың ордасы саналған Астана қаласына «Қаржы астанасы» деген жаңа мәртебе алып берді.
Ағымдағы жылдың 14 қарашасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО кешеніндегі «Нұр Әлем» сферасында орналасқан «Astana International Exchange» биржасындағы алғашқы сауда-саттықты бастап берді. Биржа отандық және шетелдік алпауыт компанияларға ірі көлемдегі қаржылық операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, бір жыл бұрын жаһан жұртшылығы көз тіккен көрме алаңдары бүгінде іскерлік орталықтарға айналып, онда заманауи биржа инфрақұрылымы іске қосылуда.
Көрмеден кейін жүзеге асырылып жатқан жоғары технологиялық жобалардың бірі «Astana Hub» халықаралық IT стартаптар технопаркі болмақ. Америка Құрама Штаттарының атақты Кремний алқабының қазақстандық баламасы саналатын паркте «Мade in Kazakhstan» брендін дамытуға мол мүмкіндік жасалған. Әсіресе, технопарк Қазақстан қоғамы үшін таңсық инновациялық экожүйе мен ІТ-бизнесті жетілдіруді жолға қояды. Технопарк базасында цифрлы технологияларды жетік білетін жоғары білімді мамандарды даярлаушы IT-Университет те жұмыс жасамақ. Бұл құрылым өз кезегінде «Carnegie-Mellon» және «Singularity University» сияқты озық технологиялық университеттермен ынтымақтастық аясында құрылуда.
Өткен жылы Астана атын күллі әлемге танытқан халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесі жасыл энергия мен қуаттың баламалы көздерін насихаттауды мақсат еткені мәлім. Сондықтан да көрме кешеніндегі бірқатар ғимараттар «Халықаралық жасыл технология және инвестициялық жобалар орталығының» жұмысын жүргізуде кәдеге жарағалы тұр. Сәйкесінше, орталық баламалы энергия көздері саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен озық технологияларды қолданысқа енгізуге септігін тигізбек. Сол арқылы Қазақстанның «жасыл» экономикаға ауысуының ғылыми негізі жасалады.

ЖАҢА КЕШЕНДЕР ТЫҢ МҮМКІНДІКТЕР БЕРЕДІ

Осынау ауқымды жобалар жалпы аумағы 173,4 гектарды құрайтын көрме кешенінде инфрақұрылымдық ресурстың бір ғана бөлігін ғана қамтуда. Ал қалған аумақтарда заманауи іскерлік орталықтар ашылады. Мәселен, мұнда жақында «EXPO Business Centre» бизнес орталығы ашылады. «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Нұр Әлем» сферасына жақын орналасқан бизнес орталық кәсіпкерлерді өзінің ыңғайлы инфрақұрылымымен қызықтыра алады. Инфрақұрылымдық тиімділік оның логистикалық әлеуетінен де байқалады. Мәселен, EXPO Business Centre-ден Астананың әкімшілік орталығына, Н.Назарбаев атындағы халықаралық әуежайға және «Нұрлы жол» теміржол вокзалына әп-сәтте жетуге болады.
Жаңа бизнес кешен қазақстандық кәсіпкерлікті дамытудағы жетекші құрылымға айналмақ. Келер жылы кешен аумағында еліміздегі ең ірі көрме орталықтарының бірі ашылады. Бұл орталық ауқымды халықаралық және ұлттық көрмелерді, маңызды шараларды өткізуге арналған бизнес-арена болмақ. Көрме орталықтың жалпы аумағы – 20 мың шаршы метрді құрайды. Онда мультифункционалды павильондар мен залдар бар.
Көрме орталығының заманауи сәулеті мен озық үлгідегі құрылғыларымен жабдықталуы да кез келген ауқымды шараларды өз деңгейінде өткізу мүмкіндігін сыйлайды.
Ал ауқымды іскерлік және мәдени кездесу­лер ұйымдастыруда ЭКСПО-ның Конгресс орта­лығы пайдаға жарайды. Айтулы шараның ашылу және жабылу салтанаттары өткізілген орталық залдарының сыйымдылығы 4 500 адамды құрайды. Кезінде ЭКСПО-ның символына айналған «Нұр Әлем» сферасы – көрме кешенінің орталық нысаны. Әзірге әлемде баламасы жоқ
80 метрлік шар формасындағы ғимарат қазірдің өзінде туристер қызыға тамашалайтын орынға айналды. Оған қоса мұнда мектеп оқушыларының интеллектуалдық әлеуетін анықтайтын шаралар ұйымдастырылып тұрады. Бүгінгі күнге дейін сферада «Kids & Student Future Energy» бағдарламасының аясында өткізілген ашық сабақтарға он мыңға жуық зерек оқушылар қатысты. Дәл осы мүмкіндік «Нұр Әлемді» Қазақстандағы білім мен ғылымның жетекші базасы етті.
Иә, тәуелсіз елімізді төрткүл дүниеге таныту мақсатында бой көтерген ЭКСПО кешені астаналықтар мен қала қонақтарының сүйікті орны болып қала береді. Мұнда автотұрақ, мейрамханалар мен дәмханалар өз қызметін жалғастыруда. Қазір ЭКСПО аумағында мұз қалашығы, сырғанақ ашылды. Бірер күн бұрын мұнда еліміздің бас Жаңа жылдық шыршасы­ның алауы жағылды.
Осылайша бір жыл бұрын «ЭКСПО – 2017» көрмесі өткен кешен ел экономикасы мен ғылыми-техникалық прогресіндегі жаңа жетістіктердің орталығына айналды.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.