«Ей, қазақтың баласы, есіңде ұста, Өлсем өлем, сірә, мен намысымнан!»

0 11

Көктемнің елшісіндей болып ентелеп жеткен ақпанның 9-ы қара өлеңнің Хантәңірі– Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Көзі тірі болғанда ақиық ақын биыл 90 жасқа толар еді. Әдеби әлманах бойынша екі туған күні бар Мұзбалақ ақынның мерейтойын арда қазақ дәл осы күні тойлауды дәстүрге айналдырған. Екі дүниенің саф сезімін, парасат-парызын, пайым-пәлсапасын поэзия тілінде сөйлеткен тау таланттың туған күні мәртебелі Мәңгілік ел әдебиетінің мерекесіне айналып кеткен.

Елінің махаббатын, рухын, алапат сезімін, қайсарлығы мен құдіретін, достығы мен адалдығын қасиетті қара өлеңге кестелеген ақиық ақын Мұхамметқали Мақатаевтың өміршең өлеңдері халқындай қарапайым, табиғаттай тылсым, сәбидей пәк, махаббаттың өзіндей мөлдір. Бір күндік сәуледей ағып өткен ғазал ғұмырында «Өшеді өлең немесе көшеді өлең» деп өзі пайымдағандай, ақиқаттың ауылын іздеп шарқ ұрған шыншыл ақын туындылары қазанат қадаммен қаншама уақыт жылжи жөнелсе де қазіргі егемен Қазақстанның еркін аспаны, асқақ һәм азат даласы мен асқар тауларында қырандай қалықтап, жиырма бірінші ғасырға салтанатты сап құрып, рухани керуеніміздің көш басында келеді. Ақын шығармашылығының өзі қазақ поэзиясының қазынасы.
«Болашағым, сен тұрсаң мен өлмеспін» деп өзі сенім артқандай, Мұқағали жырларының басты оқырманы, ол – болашақ. Әрине, өмір жүрек пен көңілге ізін өрнектеп салмай өтпейді. Ақынның семсердей сынақтардың жүзінен жүгіріп өткен сәттері де аз емес. Себебі шын таланттардың тағдыры талас-тартысқа толы болары әмбеге аян. Сондай сәттерде Мұқағали Алатаудай сенімін алдағы буынға, бүгінгі жастарға артты. Оған негіз де жоқ емес. «Ей, безілдектер, Сендер емессіңдер маған баға беретін! Нағыз бағалаушылар әлі алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсысымызды өз орнымызға солар қояды. Ежелден солай болып келген, солай болады, бола береді де. Мен өзім жайында мынаны айтамын: мен жиырма бірінші ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да…», дейді Мұқағали бұл тұста. Ақиық ақын өз заманында лайықты бағасын алмаса да, бүгінгі ұрпақ оны бір ғасырда бір туатын алып тұлға ретінде таниды.
Табиғат, жанымды алсаң, алшы менің,
Бір түйір жерге түскен тамшың едім.
Мұқағали жоғалса, қайтер дейсің,
Артымда қалсын жерім, қалсын елім! – деп жырлаған Мұқағали Мақатаев қазақтың поэзия әлеміне шетсіз-шексіз кеңістік пен көз сүрінген биіктік әкелген, кәусар қуат пен тояттамас көңіл, шалқыған шаттық пен мұңға тұнған махаббат, буырқанған шабыт пен сабырға көнбес сағыныш сыйлаған сұрапыл сезім иесі. Мұхиттағы мұзарттай Мұхаммедқали ақын елдің санасынан қас қағым сәтке де ұмытылған емес. Абайдың сөзімен айтқанда, «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!».
Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден, – деп жырлап өткен ақынның жыл керуені алға жылжыған сайын артында қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздардың қараңғы түн қойнауынан сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде.
«Мықты болсаң ақын боп жаралып көр, Қолқасынан гүлдердің нәр алып бер» немесе «Жырым менің – өзімнің асау жаным» деп өзі айтқандай, ақындық алапат амбиция иесі өзінің әрбір жырында туған жердің тұғырына арқа сүйейді.
Соқ, соқ жүрек!
Соқ, жүрек, қозғал, миым,
Ми қозғалмай, ойды да қозғау қиын.
Жырсыз өмір – мен үшін өмір емес,
Жырсыз өмір – мен үшін тозған бұйым,– деп өз автопортретін өлеңмен бедерлеген мұзбалақ:
Зәр ұсынған кісіге нан ұсынған,
Алысудан аулақпын, табысудан.
Ей, қазақтың баласы, есіңде ұста,
Өлсем өлем, сірә, мен намысымнан! – деп серт етеді.
Қалай айтсақ та мәңгілікке маздаған марғасқа ақын Мұқағали ұлттық рухтың текті перзенті, поэзиядағы патриоттық пен нәзіктіктің қайнар бұлағы. Оған дарқан далаға көсіле тасыған дария жырлары дәлел. Сондықтан Ұлы дала ұрпағы оны «нұр жауып тұрған көктемде де», «күз келген күрең шақтарда да», «ақ қырау тұрған ақпанда да» еріксіз еске алады.
«Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылғам,
Тау деген ана туған дара тұлғам…
Тауға барып, көкке ұшып кетсем бе екен,
Ұстап алып, қыранның қанатынан», – деп ақиық ақын өзін танығандай. Ол биігінен ақын еш аласармақ емес.
Бүгінде Мұқағалиға еліктеп, арнау жазып, талантты тағдырға тағзым етіп, поэзияға ат басын бұрып жүрген жастар қауымы да аз емес. Жыл сайын қалалық, облыстық және республикалық деңгейде Мұқағали оқуларын өткізу әдеби дәстүрге айналды. Себебі ол өзі айтып кеткендей XXI ғасырдың құрдасы, мәңгі сырласы һәм мұңдасы.
Ойлайыншы, не берді жастық маған?
Үйрет деп асау берді бастықпаған.
Жастық маған от берді жалындат деп,
Жастық маған оқ берді жауыңды ат деп.
Жастық менің жаныма жыр байлады,
Жастық мені жалтартпай шыңға айдады.
Жастық мені шындады, шынықтырды,
Жастық шіркін өмірді шын ұқтырды.
Ризамын жастыққа, текке өтпеді,
Әзір тұр гүл-бағымды көктеткелі.
Жастық маған ақыл-ой, сана берді,
Амал не, жастық өзі қалады енді, – дейді ақын адамзат өміріндегі қайталанбас жалынды жастық шақ туралы. Ел жастарының жүрек ұранына айналуға әбден лайық сүйекті сөзді де, рухты да осы жырдан табуға болады. Расында, толқыны тау қопарып, тас жаратын жастық шақ, өмір өзенінің өр рухты асау сәті екені бабаға да, балаға да мойындалған шындық. Ал оның құдіретін бір ауыз өлеңге сыйдырып жіберген өлең иесі мен киесінің өлшемін өмірден таппайтынымыз анық. Себебі ондай талант тек жаратушы Алланың ғана сыйы, ардақты аманаты.
…Туған күніңмен поэзия, мерекеңмен әдебиет, мың жаса Мұқағали!

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.