"Тарих. Таным. Тағылым."

Ежелгі Баркуаб қаласы туралы не білесіз?

Written by Aray2005

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ежелгі дәуір өркениетін зерттеп, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, түп-тамырымызды білу арқылы ұрпақ алдындағы ұлағатты парызымызды орындайтынымызды баса айтты. Мемлекет басшысы аталмыш мақаласымен «Рухани жаңғыруға» тағы бір тың жол салды. Әрине, өткенімізді білмей, болашаққа бағдарлы қадам жасай алмайтынымыз анық. Бұл тұрғыда қасиетті Әулиеата өңірі тарихи-мәдени орындарға бай. Соның бірі — биыл археологиялық қазба жұмыстары қолға алынған ежелгі Баркуаб қаласы.

Жалпы, Жуалы ауданындағы Теріс ауылының іргесінде орналасқан Баркуаб қаласына барлау жұмыстары бұрындары да жүргізілген. Жетісу археологиялық экспедициясының жетекшісі Бернштам мен Каллаурдың еңбектеріне сүйенсек, Баркуаб қалашығы ертеде «Иркут шаһары» деп аталыпты. Араб тілінен аударғанда көне қаланың екі атауы да «Теріс» деген мағына береді. Бүгінде Баркуаб қаласының орнынан біздің дәуірімізге дейінгі І және ІІ ғасырларға тиесілі қыш ыдыстар мен басқа да құнды жәдігерлер табылуда. Және оның дені ерте ғасырдағы Қытай империясында жасалған бұйымдар көрінеді. Бұл Баркуабтың көне қала ғана емес, орта ғасырдағы ірі сауда орталығы болғанын айғақтап тұрғандай.
Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, қазір жергілікті билік бұл қаланы ерекше назарға алып отыр екен. Осы орайда, археологиялық қазба жұмыстарына аудандық бюджеттен арнайы қаржы қаралған.
– Негізі, Баркуаб қаласының тарихы Таразбен тамырлас. Тараз шаһарының 2000 жылдық тарихы болса, ғалымдар Баркуаб қаласы одан да ерте кезеңде пайда болған деген дерек айтуда. Оған қоса, мұнда табылған бұйымдар орта есеппен 2500 жыл бұрын пайдаланылған деген болжам жасалуда. Оны ресми айғақтау үшін біз қазба орындарынан табылған жәдігерлерді Жапония мемлекетіне жібердік. Онда 8 ай зерттелген бұйымдар бізге жуырда ғана келді. Қазір тілмаштар жапон тіліндегі жазбаны аударып, археологтармен бірге жұмыс жасауда.
Бұған дейін аудан көлемінде мұндай археологиялық қазба жұмыстарына ақша қаралмаған. Сондықтан да облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен келісе отырып, қазба жұмыстарына 10 миллион теңгені жергілікті қазынадан бөлдік. Одан бөлек, табылған жәдігерлерді орналастыру үшін аудан орталығынан 30 миллион теңгеге музей салынды. Қазір Баркуаб қалашығынан табылған кейбір жәдігерлерді сонда қойып жатырмыз, – дейді аудан әкімі.
Иә, Бақтияр Бейсембайұлының бастамасы қос қолдап қолдауға тұрарлық. Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына арқау болған өткенімізді танытып, өшкенімізді жаңғырту деген осы. Тағы бір ерекше айта кетерлігі, Жуалы ауданының әкімдігі Баркуаб қаласындағы қазба жұмыстарына сырттан адам шақырмай, өзіміздің жамбылдық археологтарға сенім артқан екен. Ал, археологиялық экспедицияның жетекшілігіне белгілі өлкетанушы, тарихшы, археолог Сауран Қалиев бекітілген.
Өкінішке қарай, біз Жуалы ауданында болған іссапарымызда Баркуаб қаласының қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан орнын көре алмадық. Оған себеп, Жуалыға қар ерте түсетіндіктен, жергілікті билік қаланың төбесін арнайы жабындымен жауып тастаған екен. Және археологиялық жұмыстар да көктемге дейін тоқтатылған. Десе де, біз биыл ауданнан ашылған тарихи-өлкетану музейіне арнайы ат басын бұрып, табылған құнды жәдігерлерді көзбен көрдік. Мұражай екі қабаттан тұрса, оның төменгі бөлігі толықтай Баркуаб қаласына арналыпты. Мұндағы құнды қазынаны бізге мұражайдың ғылыми қызметкері, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев жан-жақты таныстырды.
– Негізі, Баркуаб қаласы туралы ІХ ғасырда өмір сүрген араб саяхатшысы Ибн Хардарбей арнайы жазба қалдырып, онда ежелгі шаһарды «Баркубе» деп атаған екен. Ол араб тілінен аударғанда «Теріс» деген ұғымды білдіреді.
Қазір осы Баркуаб қаласынан табылып жатқан жәдігерлер адамдарды еріксіз таңғалдыруда. Мәселен, таңбалы тас аталатын жәдігерге ою-өрнектердің қалай әдіптелгенін түсіну қиын. Бейне бір табиғи құбылыстар тасқа ою салып кеткендей. Дәл сондай, мұнда балық шаруашылығында пайдаланылған тастар да археологтардың қызығушылығын тудыруда. Сондай-ақ қазба орындарынан кетпен, майшам, өрнек тоқуға арналған керме, диірмен, тас астау және қыш ыдыстар табылуда.
Ең таңғаларлығы, 30 метр тереңдіктен табылып жатқан молалар болып тұр. Ондағы мәйіттер мұсылманша жерленбеген. Бас жағына тас қойылып, бір қырымен жатқызылған. Археологтар бұған қатысты ертедегі адамдар қайтыс болған жақындарын ананың құрсағында жатқандай етіп жерлеген деген болжам айтуда. Әрине, ол әлі талай зерттеуді қажет етеді.
Тағы бір айта кетерлігі, Баркуаб қаласының жанында Жылқышы төбе атанып кеткен жер бар. Археологтар осы жерден қазба жұмыстарын бастап, қазір үш қабаттан тұратын үйлердің төбесінен түсті. Және бөлмелердің қуыстарынан кәріз суын ағызатын құбырларды қазып алып жатыр. Бұл шын мәнінде таңғалатын нәрсе. Сонда осыдан 2500 жыл бұрын үш қабатты үйлер тұрғызылып, онда кәріз жүйесі орнатылғаны ғой.
Осы орайда, ғалымдардың ойын сан саққа жүгіртіп отырған тағы бір жайтты айтып өтсем. Топырақтан аршылып алынып жатқан жәдігерлердің ішінен үлкен пішінді жалғыз бас табылды. Денесі жоқ басты қазір алматылық ғалымдар зерттеп жатыр. Ол жөнінде тарихшылар: «Ертедегі хандар өз жауларының басын кесіп алып, шатырының маңына іліп қойған. Бұл Томирис шауып алған Кир патшасының басы секілді бір ұлы адамның басы болуы мүмкін» деген болжам жасауда.
Әрине, бұның бәрі ресми дәлелденбей бір тоқтамға келу қиын. Сондықтан біз қазір Жапония зерттеушілерінің байламын күтіп отырмыз. Егер олар Баркуаб қаласының осыдан ІІІ дәуір бұрын өмір сүргенін растаса, онда Қазақстан тарихына үлкен дүмпу болғалы тұр. Алматылық ғалымдар табылған бастың тарихын ашып берсе, тереңнен тамыр тартқан түп-тамырымызды танытуға жасалған үлкен қадам болар еді, – дейді өлкетанушы.
Жалпы, Дәулетжан Байдалиев елімізге есімі белгілі өлкетанушы әрі ғалым адам. Жуырда Астана қаласында өткен тарихшылар жиынында «ҚР Үздік өлкетанушысы» төсбелгісімен марапатталды. Сондықтан оның Баркуаб қаласына қатысты тарихи танымы мен болжамдары шындыққа жанасатындай.
Қалай дегенде де, ежелгі Баркуаб қаласы әлі жан-жақты зерттеуді қажет ететіні анық. Биыл ғана басталған археологиялық қазба жұмыстарының өзі талай құнды жәдігерлерді жарыққа шығарып, ғалымдардың өзін ойға қалдыруда. Демек, мұнда қатпар-қатпар шежірені қойнауында бүгіп жатқан үлкен шаһар да болуы бек мүмкін. Оны енді уақыт көрсете жатар.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ
Жуалы ауданы

ПІКІР