"Тарих. Таным. Тағылым."

Ежелгі Баркуаб қаласының орны табылды

Жуалы ауданы, Теріс ауылының іргесінде ІХ-ХІІ ғасырларға жататын ежелгі Баркуаб қаласының орны табылды. Алғашқы кезде аталған ауылдағы көне қала орнына археологтар барлау жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде, орта ғасырларда ірі сауда орталығы болған шаһар орнынан Қытайдан әкелінген қыш ыдыстар мен басқа да құнды жәдігерлер табылған еді.

Жалпы, Баркуаб қаласын кезінде Жетісу археологиялық экспедициясының жетекшісі А.Бернштам зерттеген. Сонымен қатар, Каллаур өз еңбектерінде бұл жерді Иркут деп атапты. Араб тілінен аударғанда көне қаланың екі атауы да Теріс деген мағынаны береді екен. Бүгінгі таңда көне Баркуаб қаласының орнынан табылған біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және І ғасырларға тиесілі заттар ғалымдардың қызығушылығын тудыруда. Табылған дүниелер зертханадан өту үшін Жапонияға да жіберіліпті. Бүгінде тарихшылар тиісті рұқсатын алып, көне қала орнында қазба жұмыстарын бастап кетті. Ал, облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы тарих және археология бөлімінің басшысы, археологиялық экспедиция жетекшісі Сауран Қалиевтің айтуынша, орта ғасырлық Баркуаб қалашығының астында біздің дәуірімізге дейінгі І және ІІ ғасырлардағы қала жұрты болуы бек мүмкін екен.

 

– Біз 6-8 метр тереңдіктегі көлемді алып, солтүстік батыс жақты төбеден төмен қарай қазамыз. Қазір қазуды жоспарлап отырған аумақта он жеті адамның мүрдесі бар екен. Оларды қазып алып, марқұмдардың сүйегін Бақалы ауылындағы зиратқа қайта жерлейміз. Ал әрбір қазылған қабатты, оның топырағы мен осы жерден табылған құнды дүниелерді жекелеп зерттейтін боламыз. Жер қыртысы арқылы қаланың өмір сүрген кезеңін анықтаймыз. Бұл қаланы кезінде Ұлы Жібек жолы бойымен Тараз қаласы арқылы Испиджабқа қатынайтын жол бойындағы ірі сауда орталығы болған деуге толық негіз бар, – дейді Сауран Қалиев.

 

Қалашық орнында өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін ауыл тұрғындары жерленіп келген. Оның жанында шешен ұлты өкілдерінің де зираты бар. Бақалы ауылының тұрғыны Құлибай Садықов ақсақалдың айтуынша, бұл ара кезінде Жылқышытөбе аталған екен. Ал, жаугершілік заманда бұл жер Қарауыл төбе болыпты. Жанында Теріс өзені ағып жатыр. Бұрын Теріс өзенінің жағасы ну тоғай болса, бүгінде оның басым бөлігі оталып кеткен. Ауыл ақсақалдары Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы салынғанға дейін тоғайдың Қаратауға дейін жал­ғасып жатқанын айтады. Өкінішке қарай, тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңде Жуалы ауданы­ның Нұрлыкент, Теріс және Бақалы ауылдарының тұрғындары қалың тоғайдың ағаштарын отынға пайдаланыпты. Дегенмен, бір замандағы үлкен тоғайдың шағын көрінісі бүгінде сақталған. Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, Баркуаб қаласының орнын қазуға жергілікті бюджеттен 10 миллион теңге қаржы бөлініпті. Сонымен қатар, 30 миллион теңгеге аудан орталығынан музей ашылады.

– Отансүйгіштік сезім туған жерге деген құрметтен басталады. Келешек ұрпақ тарихымызды білуі тиіс. Осы орайда, бұл археологиялық қазба жұмыстарының пайдасы көп деп білемін. Бұл жұмыстар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізінде жүзеге асырылуда, – дейді аудан әкімі.

Хамит ЕСАМАН,
журналист,
Жуалы ауданы

ПІКІР