Ежелгі сақтар

0 267

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев таяуда жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында біздің тарихымыздың тым тереңде жатқандығын алға тартып, рухани мұрамызды төрткүл дүниеге тегіс таныту керектігін айтты. Өз мақаласында Елбасы «Тіпті, қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақ, ғұн және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ» деп атап көрсетті.

Міне, осы орайда қолыма қалам алып, ежелгі сақтар туралы жазуды жөн көрдім.
Сақтардың Еуропаға қоныс аударған алғашқы легін тарихта «кемерлер» немесе «кемерліктер» деп атап кеткен. Өйткені, олар біздің заманымыздан бұрынғы ІІ-І ғасырларда-ақ Қара теңіз жағалауын, яғни, теңіз «кемерін» өздеріне мекен еткен. Еуропаға алғаш көшіп барған сақтардың осы тобы Қара теңіз бен Азов теңізі аралығында көшіп-қонып жүріп, мал бағумен айналысқан көшпенділер болған.
Геродоттың жазуы бойынша, Арал теңізі мен Каспий теңізі жағалауын мекендеген сақ тайпаларын «массагеттер» деп атаған. Массагеттер соғыс өнерін жетік меңгерген ежелгі тайпалардың бірі саналады. Олардың жеткілікті дәрежеде атты және жаяу әскері болған. Массагеттер қару-жарақтары мен әшекей бұйымдарын мыс пен алтыннан жасайтын болған.
Сақтардың қазіргі қазақ жерінде дәуірлеп тұрғанына көз жеткізетін дәлелдер жеткілікті. Олар қазақ жеріндегі археологиялық қазбалардан табылып жатқан алтын киімді адамдардың мүрделері. 1969 жылы Есік қаласынан табылған сауыт-саймандарымен бірге жерленген алтын адамның табылуы бүкіл әлемде болып көрмеген жаңалық болды. Бұл, сөз жоқ, қазақ археологиялық қазба жұмыстарының табысы еді.
Соңғы кезеңдерде осындай археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қазақ жерінен, атап айтқанда Қарқаралы маңы мен Шығыс Қазақстаннан алтын адамның сауытының сынықтары табылған-ды. Ал жақында Тараз қаласы маңындағы Жетітөбе деп аталатын қорымнан алтыннан құйылған сауыттың сынықтары табылды.
Журналист Алма Үмбеттегі 2013 жылы 3 қыркүйекте «Ұлан» газетінде жариялаған «Алтын емелдің қазақшасы – «Алтын ер» атты мақаласында б.д.д. VІІ-ІV ғасырларда мекен еткен сақтардың зират-қабірі «Бесшатыр» қорғандары туралы былай деп жазады: «…«Алтын емел» ұлттық бағында таңғажайып құпия сырын жасырған жұмбақ мекендер де жеткілікті. Қашқария сапарында этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың демалуға аялдаған тұма бұлағы. Табиғат өзі «өрген» «Ошақтас» текше тас сөрелері, 700 жылдық тал, «Ерен тоғай», «Ақсақал» нысандары… Біздің дәуірімізге дейінгі VІІ-ІV ғасырларда осы өңірде мекен еткен сақтардың зират-қабірі – «Бесшатыр» қорғандары мемлекеттік ұлттық бақтың қақ ортасында жайғасқан. Қабір түрлі көлемді
30 қорған мен жүздеген тас бағаналардан тұрады. Биіктігі 17 метрдей болатын алып қорған есімі беймәлім сақ тайпасына арналып жасалған деген пікір бар. Оны айнала текті сақтар мен көсем нөкерлерінің сәл кішілеу қабірлері. Одан әрі ерлік көрсеткен әскерлерінің қорғандары қалқияды…»
2013 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданынан табылған «Үржар ханшайымы» ежелгі сақтардан қалған мұраларды толықтыра түсті. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған Берікхан Тайжігіттің «Тағы бір «Алтын адам» табылды! Ол «Үржар ханшайымы» аталып отыр» деген мақаласы көне заманды зерттеушілердің назарын аударды. Б.Тайжігіт Үржар ауданындағы Таскескен – Бақты тас жолының бойындағы Лайбұлақ және Жаңа тілек ауылдарының орта тұсынан табылған алтын адам туралы былай деп жазады: «…Есік қорғанынан табылған алтын адамдыкіндей басындағы сәукелесі мен үстіндегі киімі әжептәуір, сүйегі сол қалпы жақсы сақталған. Бәрі де алтын зерлі. Құлағындағы алтын сырғасына, басындағы алтын сәукелесіне, мүйіз тектес өрнектеріне қарап, Семей педагогикалық институтының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, осындағы қазба жұмысын жүргізген студенттердің жетекшісі Амантай Исин: «Мұны ІІІ-V ғасырлардағы қола дәуірге, тіпті ғұн-сарматтар заманына жатқызуға болады», – дейді.
Жарма қылып қазған бейіттің жан-жағын, төбесін, енін қалыңдығы 10-15 сантиметрдей жалпақ тастармен жауып қоршапты. Мүрдесінің төбесі батысқа қарағанымен, басын солтүстікке бұрып жерлеген. Аяқ жағында қойдың сүйектері мен қыштан, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар, бас жағында алақандай домалақ жалпақ тас жатыр. Экспедиция жетекшісі Темір Смағұловтың жорамалы бойынша, бұл «құрбандық тасы» деп аталады. Яғни, мәйіт жерленген соң тастың үстіне майшам қойылуы мүмкін. Бұдан өзге солтүстік-шығыс жақ іргесіндегі бөлек зираттан тағы бір мәйіт шыққан. Оның басы, қолы кесіліп тасталған. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл ханшайымның құлы, бәлкім, күңі болуы мүмкін. Сақ заманының билеушісінің қызы болуы мүмкін деген бұл алтын адамды зерттеуші ғалымдар «Үржар ханшайымы» деп отыр. Амантай Исаұлы қазақ ғылымы мен мәдениетіне үлкен жаңалық әкелетін бұл құнды жәдігер Тарбағатайдың күнгейінде де саяси орталықтың болғанын айғақтайды дейді.
Ғалым А.Тоқтабаев 2003 жылы «Аруна» баспасынан жарық көрген «Жеті қазына» кітабында ежелгі сақтар мен ғұндардың қоладан жасалған қазаны туралы тың деректер келтіреді. «Ежелгі сақ пен ғұн тайпаларының қорғандарынан қоладан жасалған қазандар әлі күнге дейін табылуда. Б.з.б. VІІІ-ІІ ғасыр арасында өмір сүрген сақтар ұлан-ғайыр далада көшпелі ғұмыр кешкен. Мал өсірген. Сүтін ішіп, етін жеген. Ол үшін ең қажетті ыдыс қазан болған. Сақтар қазанның бүйірін күн белгісімен және үш сирағын қошқардың мүсінімен әшекейлеп жасаған.
Ғұн тайпалары осындай бір ыдыспен
V ғасырда еуропалықтарды да таныстырған. Ұстайтын екі құлағы бар ғұн қазандары сақтардыкіне қарағанда сопақшалау…» деп жазады автор.
Осындай ас ішетін ыдысты ойлап тапқан сақтар мен ғұндардың мәдени тұрмыс-тіршілігі еуропалықтарды таңғалдырған.Темірді балқытып, онан әртүрлі тұрмысқа қажетті ыдыс-аяқтарды, аң аулауға арналған қару-жарақтарды жасап шығарған сақтар мен ғұндар тасқа қашап сурет салуды, өз әріп-таңбаларымен жазу жазуды кең қолданған. Ежелгі дәуірдегі ата-бабаларымыздан қалған тас кітаптағы жазулар мен тасқа қашап салынған суреттер, ауыз әдебиеті үлгілері ұрпақтан ұрпаққа тарап, осы дәуірге келіп жеткен. Аттың жалында, түйенің қомында жүріп, елін, жерін қорғаған сақтар мен ғұндар келер ұрпаққа өздерінің салт-дәстүрін, ұлттық өнерін, адал еңбекке, шыншылдыққа баулитын мақалдар мен мәтелдерін, аталы сөздерін өсиет етіп қалдырған.
Ал Арал-Каспий даласының көшпелі тайпаларының діни нанымдары мен ғұрыптары туралы 2010 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы» кітабында да қамтылған. Аталмыш еңбекте «…Арал- Каспий өңірі дах-массагет тұрғындарының діни-идеологиялық түсініктері басты белгілері жағынан қола дәуіріне барып тірелетін және скиф, сармат пен сақ тобының туыстас халықтарының көзқарастарынан көрінетін ежелгі үнді-иран негізі арқылы анықталды. Олардың негізінде политеизм – табиғат пен адамды Ғаламдық тәртіпке келтірілген шекте басқаратын басты-басты бірнеше құдай бар деген түсінік жатыр…» деген жолдар бар.
Геродот пен Ксеркстің осы мағлұматтарына сүйеніп, пікір өрбітер болсақ – сақ тайпаларының ежелден қазіргі ұлан-байтақ Қазақстан жерінде өмір сүргеніне көзіміз жетеді. Біздің болжауымызша, жоғарыдағы аттары аталған тайпалар бір-бірімен туысқан тайпалар. Кейбір ғалымдардың пікірінше, сақ, массагет, скиф тайпа­лары тілдері мен ділдері, діндері бір туыс­қан тайпалар қатарына кіреді. Сақ, массагет, дах мен скифтер туралы грек-рим авторлары – Ксенофонттың, Курций Руфтың, Помпей Трогтың, Аррианның, Страбонның шығармаларында кездесетінін ғалым Ф.Я.Коське атап көрсетеді (Коське Ф.Я. «Племена Северной парфии в борьбе с македонским завоеванием. Вестник древней истории. 1962, №1).
Профессор М.Мырзахметұлы Ресей оқымыстылары мен Еуропа оқымыстыларының түркі халықтарының мәдени үрдісіне көз жұма қарауын, олардың кереғар идеологиялық бағыт-бағдары туралы былай деп жазады: «Түркі халықтарының тарихы мен мәдени үрдісі біздің тарихи тағдырымыздың анықталар жері тарихи үш бұрыш аралығында тоғысып жатты… Ата-бабаларымыздың арпалысып, алысып өткен бір бұрышы Қытай империясы болса, екінші бұрышын парсы әлемі анықтаса, үшінші бұрышы соңғы үш-төрт ғасыр ішінде тікелей араласа бастаған Ресей мен еуропалықтар құрайды. Көшпелі өркениетті осы үшбұрышымыз түгелдей бірауыздан жабайылықтан аспаған әлем ретінде танып, көшпелілер тек қиратушылар, әлемдік өркениетке еш нәрсе қоса алмаған төмен қолды халықтар деп ғасырлар бойы ой санамызға өсиетін құйып келді. Қытай мен еуропалықтар бізді варварлар десе, арабтар бізді ажам халықтар деп қарайды. Көршіміз Ресей болса, бізді мәдениет пен ғылымнан тұл қалған бұратаналар деп кемсітетіні бар. Бұл жай ғана нәрсе емес, идеологиялық тұрғыдан ұстанған саналы саяси бағыт-бағдар. Бұл таным нәтижесіз де емес, ол біздің өткен тарихымызға деген салғырттық дертіміз бен осыдан туындайтын мәңгүрттік қалпымыз дер едім. Бұл кәнігі қалыптан шығудың, жалған таным шеңберін бұзудың әрекеті әлі де әлжуаз қалпында тұр. Мысалға айтар болсақ, француздардың Бонапарты, арғы замандағы А.Македонский немесе бергідегі Ресейдің отаршыл қанды балақ генералдары мен Ермак жұлдызы жоғары жандар ретінде ғасырлар бойы мадақталып, санамызға сіңдіріліп келеді. Ал Азияның Еділі, Шыңғысхан мен Темірін атай қалсақ болды, еуроцентристерді былай қойғанда, кейбір қаламгер қандастарымыз тарихтың су асты терең ағыстарын аңдамай, әлемдегі қаныпезер жауыздар деп шулай жөнеледі. Әрине, бұлайша адасу еуроцентристердің жанына жағады. Ондайларға сыйлық үстіне сыйлық ұсынып, алаулатып, жалаулатып жатады. Сонда олардың зымияндық ойларын ерте сезінген біздің ұлттық даналарымыз ұлы Абай мен Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан мен Сәкендер аяқтарын жаңсақ басқандар ма? Бір қызығы олар, тіпті Алып Ер Тоңа, Шыңғыс, Темірлердің тарихи орнын жете танып, олар жайлы көптеген еңбектерді зерттей отырып, әлемдік деңгейден қарап, бағалай білді емес пе? Неге біз осы танымдарға қарама-қарсы жүземіз?» (М. Мырзахметұлы «Түркістан Тараз арасы…, Астана, «Білге» баспасы, 2002 жыл, 192-193-беттер).
Ежелгі замандағы «сақтар» деп аталатын халықтың біздің арғы бабаларымыз болғаны рас. Еуроорталық ағымның түркі халықтарына арналған негізсіз болжамдары ешқашан шындыққа сәйкес келмейтін. Олар сақтар мен ғұндардың тікелей ұрпақтары саналатын түркі халықтарын, оның ішінде қазақтарды мәдениеттен жұрдай, жабайы халықтар деп келді. Тек қана ХІХ ғасырдың аяғында ғана Дания ғалымы В.Томсен Орхон және Енисей өзендері бойынан табылған «Күлтегін», «Тоныкөк» жазба ескерткіш-жазуының құпия сырын ашқаннан соң ғана олар түркі халықтарына деген көзқарасын өзгертуге мәжбүр болды.
Сақтардың б.з.б. VІІ-ІV ғасырларда жасағаны белгілі. Олар Орталық Азия, Қазақстан және Шығыс Түркістан жерлерінде өмір сүріп, сол дәуірлерде дүниежүзіндегі өзге ұлттар мен ұлыстар секілді аталған кең аймақта көшіп-қонып жүрді. Қолда бар тарихи деректерге сүйенсек, ежелгі сақтар тек мал шаруашылығымен ғана емес, егіншілікпен де, темір қорытумен де айналысқан. Жаулардан қорғанатын қамалдар да салған. Жастарды аңшылыққа үйрете жүріп, соғыс өнеріне де машықтандырған.
Ирандықтар сақтарды «ахеменидтер» деп атаған. Ирандықтардың сына жазуында сақтарды осылай деп жазғаны белгілі болды. Мұны көптеген жазба деректер де растайды. Жер астынан табылған әртүрлі ескерткіштер де осыны айғақтап отыр.
Қара теңіздің солтүстігі мен Арал теңізінің жағасы, Әмудария мен Сырдарияның төменгі ағысын мекендеген сақтардың тарихы жөнінде көптеген ғалымдар зерттеу еңбектер жазып, олардың тарихтағы орнын анықтады.
Ежелгі сақтардың мекендеген жері туралы Ә.Қоңыратбаев былай деп жазады: «Біздің эрамызға дейін VІІІ-VІ ғасырларда сақ, массагет тайпалары осы күнгі Алтай, Орталық Азия және Қазақстан жерлерін мекендеген. Олардың қонысы теріскейде Каспийден Тянь-Шань тауларына дейін, түстікте Согда, Сейістан осы күнгі Түркімения жеріне дейін созылған…» (Ә.Қоңыратбаев «Қазақ эпосы және түркология». Алматы, «Ғылым» баспасы, 1987 жыл, 17-бет).
Ежелгі сақтар туралы ежелгі грек және отандық тарихшылар Геродот, Рим тарихшысы Помпей Трог, Полиэн, Арриан, В.В.Григорьев, Н.Я.Бичурин, В.В.Бартольд, Л.Н.Гумилев, С.П.Толстов, О.А.Вишневская, Н.Я.Марр, И.М.Дьяконов, Страбон, В.М.Массон, С.Г.Кляшторный, Ә.Марғұлан, Н.Келімбетов, Т.А.Сұлтанов, А.М.Мандельштам, М.Ақынжанов, И.Кругликова, У.Шалекенов, Ә.Қоңыратбаев, М.Мырзахметұлы, Т.Жұртбай, Ғ.Есімов, М.Жолдасбеков, А.Қыраубаева, А.Мектептегі, филология ғылымдарының докторы М.Иманғазинов, аспаптану ғылымдарын зерттеуші З.Жәкішева, К.Әкішев, Қ.Салғараұлы, ақын Шаяхмет Оразымбекұлы, Г.Қошаев, М.Әбілұлы, Т.Әсемқұлов, ақын Зайда Елғондинова, журналистер А.Оспанбай, Думан Анаш, тағы да басқалар ғылыми, әдеби еңбектер жазғаны белгілі.
Кеңестік жүйе кезінде айтыла бермейтін, тіпті ауызға алуға, жазуға тыйым салынатын «қазақ аспаптану ғылымы» деген ғылым қазіргі таңда өсіп, өркендеу жолында екені анық. Осы аспаптану ғылымы арқылы қазақтардың арғы бабалары – сақтардың музыка аспаптарында домбыра бар екені анықталды. Қазақ аспаптану ғылымына өз үлесін қосып жүрген белгілі аспаптанушы Зәбира Жәкішева «Домбыралы сақтар» деп аталатын ғылыми мақаласында: «Жаратылыс, тіршілік, табиғат құбылыстары мен замана, уақыт, қоғам үрдісіне сай үздіксіз алмасулар мен өзгерулерді бастан кешіп келе жатқан дәстүрлі музыкалық аспаптарымыз тарихы сонау көне ғасырлардан бермен қарай тамыр тартады. Қазақтың ұлы даласының әр өңірінен анықталып, табылып жатқан музыкалық аспаптардың архаикалық нұсқаларының халық тұрмыс-тіршілігі мен тарихының барлық жақтарына қатыстылығы барынша айқындала түсуде…» – деп жазды (З.Жәкішева «Домбыралы сақтар» «Қазақ тарихы» жорналы, 2011 жыл, 5,9-бет). Ал Р.Садоков «Музыкальные культуры древнего Хорезма» атты ғылыми-танымдық мақаласында Хорезм ойпатындағы ежелгі сақ әуеншісі туралы:
«…Музыканттың басында шошақ төбелі тымақ. Аспаптың мойны қысқа, басы артқа қарай қайырылған. Аспап барлық нұсқасымен екі ішекті қазақ домбырасын бейнелейді…»– деп жазады (Р.Л.Садоков Музыкальные культуры древнего Хорезма. Москва: Наука, 1970).
Домбыраны сақтардың көнеден келе жатқан музыка аспабы дейтін болсақ, ел аузында кездесетін «домбырашы сақтар», «домбыралы сақтар», «сақтардың жыршылары», «сақ жыраулары», «сақтардың әншілері», «сақтардың жоқтаушылары», «сақ күйшілері» деген сөз тіркестері ғалымдардың «сақтар – қазақ халқының арғы тегі» деген болжамын дұрысқа шығарады.
Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газеті қазақтың ұлттық өнер университетінің доценті, Арқа, Қаратау күйлерін насихаттаушы, шертпе күйдің шебері атанған, «Қазақтың шертпе күйлері», «Шертпе күйдің төрт мектебі», «Ұстаздың педагогикалық репертуары» атты кітаптардың авторы, сонау сақ, сармат, ғұн дәуірлерінен бері халқымыздың рухани азығы болған күй өнерін насихаттап келе жатқан Жанғали Жүзбаевтың қоғамға қосқан үлесі туралы былай деп жазды: «Күй өнері – қазақтың музыкалық мәдениетіндегі ең күрделі өнер. Сақ, сармат, ғұн дәуірлерінен сұрыпталып, талай жылдың соқпағынан сүрленіп, бүгінге жеткен ұлттық өнерді өлтірмей, байырғы жолды сақтаған дәулескер күйшілеріміздің бірі – Жанғали Жүзбаев…» («Jambyl-Taraz» газеті, №27, 5 шілде 2017жыл).
Мұның өзі күй өнеріміздің ежелгі сақ дәуірінен келе жатқан ұлттық болмысымызды асқақтататын өнер екенін дәлелдесе, осы өнерді бүгінгі ұрпаққа насихаттап, рухани азығымызды молайтуға үлес қосып жүрген өнерлі азаматтарымыздың ұрпақтарымыздың болашағы үшін еңбектеніп жатқанынан дерек береді.
Белгілі ғалым А.Қыраубаева сақтар жайлы: «Сақтар біздің заманымыздан бұрын Монғұлия мен Дунайдың арасын мекендеген. «Сақ» сөзі қазақ тілінде күні бүгінге дейін сақталған. Мысалы: сақа (асық), сақшы, сақпан, қарсақ, сақсыну, тағы басқа. «Сақты» грек тарихшылары– искит, еуропалықтар (европалықтар) – скиф дейді. Сақтар жауынгер болған. Жауынгер көшпенділердің батырлары туралы аңыз-әңгімелер б.з.б. V ғасырда өмір сүрген грек тарихшысы Геродоттың «Тарих» атты кітабында, қытайлықтар Сыма-цяньның «Жылнама», Бань-Гудің «Ханнама» атты кітаптарында жазылған. Олар біздің заманымыздан бұрын гректермен мәдени, сауда-саттық байланысын орнатқан. Византиялық Феофилакт Симокатта: «Күншығыста тұрған скифтерді біз түріктер деп атаймыз», – деген. Көне Грециядағы жеті ғұламаның бірі саналған Анахарсис көшпелі скифтердің ұлы…» – деп жазды (А.Қыраубаева «Ежелгі әдебиет». Алматы, «Өнер» баспасы,
2008 жыл, 6-бет).
Қазақтың көрнекті ғалымы М.Жолдасбеков жер астынан табылған өнер туындыларының әдебиетке қатысы туралы былай деп жазады: «Жазба деректемелер мен жер астынан табылған өнер бұйымдары сол кездердің өзінде-ақ кәсіби шебер-ұсталардың (теміршілердің), зергерлердің, тас қашаушылардың, қолашылардың, тас оюшылардың (бәдізшілердің) болғандығын көрсетеді. Бұл жайында Византия елшісі Земархтың жазып қалдырған құнды деректері де өте қызықты.
Аталған кезеңнің шеберлік өнері сонау біздің заманымызға дейінгі сақ, үйсін, қаңлы дәуірлерінде туған ертеректегі мәдени дәстүрлер негізінде дамиды. Сол кездердің сақталып бізге жеткен тарихи аңыздарында халықтың ұғымына сәйкес қасиетті жерлер, соғыста қайрат көрсеткен ерлер дәріптеледі. Мұның мысалы ретінде көне жазуларда ерекше аталатын тамаша «Отыкен» қойнауы мен ғажап тау алқабын, Ергенекөң жайындағы жыр жолдарын, басқа да әсерлі аңыз-ертегілерді айтуға болар еді. Сол аңыз-ертегілерде аталған жерлер ыдырап тозған елдің құтты мекені, шапқыншылықтан қажыған ердің панасы ретінде суреттеледі…» (М.Жолдасбеков «Асыл арналар. Алматы, «Жазушы» баспасы, 1986 жыл, 6-бет).
Ежелгі сақтардың жазу өнері болғаны белгілі. Алфавиті болған. Олар кейінгі ұрпақтарға аманат ретінде жазу-сызу өнерін ойлап тапқан. Тас кітаптарға қаріптерді ойып жазған, тастарға қырнап сурет салған.
Әдебиетші-тарихшы Алма Үмбеттегі ежелгі дәуірдегі жазу-сызу жөніндегі «Ежелгі қазақ қарпі» атты танымдық мақаласында былай деп жазады: «Ежелгі жазу-сызу пиктографиялық немесе петроглифтік, идеографиялық жазу және дыбыстық жазу деп үш түрге бөлінеді. Пиктографиялық (петроглифтік) жазу-белгілі бір ой, идеяны суретпен бейнелеу. Идеографиялық– белгілі бір сөзді шартты таңбамен көрсету. Дыбыстық – сөздегі дыбыстарды белгілі бір әріптермен беру.
Қазақстанның көне тарихы бұл жазу-сызудың қай түрінен де кенде емес. Бағзы замандарда табиғи тас, ағаш, қыш құмыраны, мал мүшесі – жауырынды түрлі металл беттерін бабалар «қаламұшы» айшықтаған болатын. Олардың біразы бүгінгі күнге жетті. Ру-тайпалық кезеңдегі дәстүр бойынша жазуды теріге, киізге бастырған. Қозы жүнінен жұқа етіп жайып, талдырма тәсілімен басылған киізге, ала қой терісіне жазу түсіру – дала мәдениетінің басты бір белгісі саналған. «Киіз кітап» деген атау осыдан шыққан.
Жазу ісімен негізінен абыздар, есепшілер, хан ордасындағы шежіреші-тарихшылар, мөр ұстаушылар айналысқан. Құпиясы толық ашылмаған ежелгі таңбалар, көне түркілік Орхон-Енисей жазуы, соғды негізді Ескі ұйғыр жазуы өмірге келді. Қазақтар 28 әріпті араб емлесін де өз тіліне икемдеп қолданды. 1929 жылы 29 әріптен құралған латын жазуына, 1940 жылдың қараша айынан бастап латын негізді қазақ жазуына көшті. 42 әріптен тұратын орыс графикасына бейімделген кирилше жазу үлгісі күні бүгінде қолданысқа ие.
Академик Әлкей Марғұланның зерттеуінде: «Ұлы Түрік қағанатына дейін (б.з.д. V – ІV ғ.ғ) Руна жазуын мәдениет құралына айналдырған елдер: ғұндар, үйсіндер, қаңлылар болды. Қаңлылардың жазуы көлденеңінен түскен» – дейді.
Сақ дәуіріне жататын күміс тостаған 1970 жылы Есік обасынан (Жетісу) табылды. Руна жазуы тостаған сыртына 26 әріппен екі жолға түсіріліпті…
Бұл жазу Найман мемлекетінің ресми жазуы болғандықтан, найман жазуы деп те аталады. Ескі ұйғыр жазуын жетік білетіндерді бітікшілер деп атаған.
Шыңғыс ханның қол астына кіргеннен кейін бітікшілер ұлы қаған ордасында жазуды мемлекет ісінде қолданған. Ескі ұйғыр жазуы – жоғарыдан төмен қарай тік әріптермен, солдан оңға қарай таңбаланады.
ХІ-ХІІ ғ.ғ. Қарахан әулеті түріктерінің тілінде баласағұндық Жүсіптің «Құтадғу біліг», қашқарлық Махмұттың «Диуани лұғат ат – түрік» еңбектері жазылды. Шағатай тілінде иасылық Қожа Ахметтің «Диуани хикмет» бастаған топ шығармашылығы жарық көрді.
Шағатай тілі – Шыңғысхан ұлының атымен аталып кеткен ұлыстың жазба тілі. Әмір Темірдің қол астындағы Мәуреннахр (қазіргі Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстанның батысы, Қазақстанның оңтүстігі) мемлекетінің тілі саналады…» (А.Үмбеттегі, республикалық «Ұлан» газетінің 2014 жылғы, №6 саны).
Қазақ энциклопедиясында б.з.д. VІ-VІІ ғасырларда өмір сүрген Анахарсис туралы былай деп жазады: «…Тарихта «Скиф-Анахарсис» деген атпен белгілі болған Сақ тайпасының ғұламасы» (Қазақ энциклопедиясы, Алматы, «Ұлттық энциклопедия», 1999 жыл, 359-бет).
Анахарсис туралы философия ғылымдарының докторы, академик Ғ.Есім: «Әлемдік тарихта есімі «Анахарсис Скифский»деген атпен қалған, сақтар мемлекетінің әйгілі ойшылы туралы ақиқат та, аңыз да баршылық» –деп жазды.
Анахарсис туралы филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қыраубаева, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Иманғазинов, филология ғылымдарының кандидаты, профессор М.Әбілұлы, тағы да басқа ғалымдар ғылыми-зерттеу мақалалар жазды.
Ғалым М.Иманғазинов қазақтың көрнекті ақыны Ш.Құдайбердиевтің «Крез патша» атты поэма жазғанын, поэмада Анарыстың досы Солонның өмірінен деректер келтіретін жеткізеді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор М.Иманғазинов «Сақ Анахарсис және оның тарихи-әдеби орны» деп аталатын ғылыми мақаласында былай деп жазады: «…Еуропалық ғалымдардың пікіріне көңіл қойсақ, ол әлемдегі «жеті данышпанның» бірі болып, артына талай өлмес мұра қалдырған. Сол сөздердің бірқатары қазірге дейін пайдаланылып жүр.
Геродот өзінің «Тарихының» төртінші «Мельпомена» атты кітабында Анарыс туралы мынадай жайтты айтады: «Дарий жорық жасаған елдердің ішінде скиф жұртынан басқа, Евексин Понтта («Қара теңіз жағалауы» деген мағына) ең бір жабайы тайпалар тұрады. Шынында да, Понттың осы өңірінде бірде-бір көзі ашық тайпа жоқ, скиф Анахарсистан басқа бірде-бір әйгілі адамды кездестіре алмадық. Бізге белгілі халықтардың ішінде тек скифтер ғана адам өміріне қажет ең мәнді өнерді меңгерген. Олар еліне шапқан жаудың бірде-бірін құтқармайды, егер өздері қаламаса оларға ешкім жете алмайды. Себебі, скифтердің не қалалары, не бекіністері жоқ, олар үйлерін өздерімен бірге алып жүреді…» – десе, жабайылар елінде туған Анақарыс шамамен жиырма бес жасында Элладаға барып, оқымыстысы бар, дана-данышпандары бар бәрін аузына қаратып, өзін және халқының даналығын мойындатып кетеді.
Еуропалық ғалымдар Анарыстың есімі ерте кезден-ақ елге танымал екендігін айтып жүр. Бірақ өзі шыққан елінде оның кең көлемде зерттелмей, көмескі күйде қалуы өкінішті жайт. Оның есімі соңғы 10-15 жылда ғана ауызға алынатын болды.
Анахарсис б.д.д. 620-555 жылдары өмір сүрген. Платон оны «Аты аңызға айналған скиф, өзінің Грекияға жасаған саяхаты кезінде даналығымен даңққа бөленді және Солонның ықпалымен өмірін философия ғылымына арнады», – деп жазады. Ал Платон Анахарсистен үш жүз жыл кейін өмір сүрген адам болса, оның есімін Афиныдағы саяси реформатор Солонның жазбаларынан оқып-тануы әбден мүмкін. Өйткені, Солон Платонның шешелері жағынан жақын туысқаны болып келеді.
«Тарих атасы» Геродот пен Страбон Анахарсисті «жеті ғұламаның бірі» деп мойындайды. «Жеті ғұлама» деген атауды алғаш рет қолданысқа енгізген гректің дарынды тарихшыларының бірі – Плутарх (б.д.д. қырқыншы жылдары туып, шамамен 120-125 жылдары қайтыс болған). Мұндай пікірді ол «Тарихи адамдардың салыстырмалық өмірбаяндары» деген тарихи кітабында «Жеті ғұлама сауығы» деген еңбегінде айтып кетеді. Оның ойынша «Жеті ғұламаның» қатарына Солон, Периандр, Фалес, Питтак, Биант, Хилон, Клеобул болса, олардың қатарында сауыққа Анахарсис та қатысқан…» (М. Иманғазинов «Сақ Анахарсис және оның тарихи-әдеби орны». «Қазақ тарихы» журналы, №1, 2011 жыл,
33-бет).
Біздің әйгілі бабаларымыздың бірі Анарыс Қоңырұлы – қазақ философиясының атасы. Оның өскелең ұрпаққа қалдырған мұрасы біздің рухани байлығымыз болса, Анарыстың тарихи тұлғасы біздің халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.

Меңдібай Әбілұлы,
филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің оқытушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.