Айна

«Фотография — өмір шындығы»

Written by Aray2005

Кезінде республикалық бірқатар басылымдарда жемісті еңбек етіп, елге сиқырлы суреттерімен танылған, бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде аға оқытушы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып қызмет атқаратын Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының және ҚР Журналистика академиясының «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері Асылхан Әбдірайымов Тараз топырағына табан тіреп, редакциямызға да арнайы ат басын бұрған еді. Сәті түскен сырлы сұхбат барысындағы емен-жарқын әңгімеден ойлы оқырманымыз да тұшынсын деген ниетпен ел назарына ұсындық.

– Асылхан аға, кез келген адамның бойындағы талант бала күнінде байқалады әрі өскен ортаның да тигізетін әсері өзгеше. Сіздің балалығыңыз қай өңірде өтті және фотоөнер саласына қалай келдіңіз?
– Көненің көзіндей болып жеткен ежелгі қалалардың бірі – мың жарым жылдан аса тарихы бар киелі Түркістан шаһары – менің туған жерім. Балалық шағым осы өңірде өтті. Ахмет Ясауи, Арыстан баб секілді шығыстың ұлы тұлғаларымен қатар, талай жыршылар мен сөз бастаған шешендердің, қол бастаған батырлардың мекені болған Түркістанның тұмса табиғаты, сыр бүккен тарихы кім-кімді де еліктірмей қоймайды. Сондықтан шығар, бала күнімде фотограф болуды қатты армандадым. Фотоөнерге құмартуымның арқасында оқушы кезімде үйдегі үлкендер сатып әперген фотоаппарат арқылы суретке түсіру ісімен тәп-тәуір-ақ айналыстым. Алайда орта мектепті тәмамдағаннан кейінгі өмірім мүлдем басқа арнаға бұрылып, су инженері болу мақсатында 1977 жылы Ташкент қаласындағы техникумға оқуға түстім. Одан кейін Мәскеуде білімімді ұштап, осы оқуымды Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінде қайта жалғастырдым. 1988 жылы аталған білім ордасынан инженер-гидролог мамандығын алып шыққаныммен, бала күнгі арманым алға жетелеп, алғашқы еңбек жолым бәрібір өнер саласынан бастау алды. Нақты айтқанда, «Қазақфильм» киностудиясының деректі фильм бөлімінде оператор ассистенті болып жұмысқа тұрдым. Әйтсе де, фотоөнер саласына келуімнің сәті тек 1990 жылдары ғана түсті. Бұл салаға түбегейлі бет бұруыма республикалық басылымдарда фотожурналист болып жұмыс істеуім себепкер болды. Осылайша «Атамекен», «Заң», «Қазақстан әйелдері», «Парасат», «Жас алаш» секілді бірқатар газет-журналдарда фотожурналист болып жемісті еңбек еттім. Бүгінгі таңда осы салада жүрген көптеген әріптестеріммен қалай Қазақстанның фотоөнерін дамытуға, оған жастарды қалай баулуға болатыны жөнінде ақылдасып, бірігіп жұмыс істеп жүрміз. Алғашында, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлының ұсынысымен «Фотопублицистер клубы» ретінде бастап, одан соң 2010 жылы «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігін құрдық.
Оның құрамында әр облыстағы, аймақтардағы газет-журналдардың фототілшілері, ҚР Үкіметінің, түрлі министрліктің, Парламенттің баспасөз қызметінде жұмыс істеп жүрген фотографтар бар.
– Сіздің «Жас Алаш» газетінде жұмыс істегеніңізді сол кезде газетке басылған фотоларыңыз әйгілеп, ел өзіңізден бұрын аты-жөніңізді таныды. Десе де, газет оппозиция бағытында болғандықтан базбіреулердің ықпалынан керек көріністерді нысанаға ала алмай, жолыңызды бөгеген кездер болды ма?
– Иә, мен «Жас Алаш» газетінде 17 жылдай еңбек еттім. Біздің газеттің қоғамдағы көзқарасы, бағыты, ұстанымы бойынша кезінде көптеген фототүсірілімдер жасадым. Біраз қиындықтар кездескені, әлдебіреулердің қыспаққа алғаны, қудалауы болды. Алайда газеттің әр кездегі бас редакторлары менің құқығымның тапталуына жол бермеді. Осы күні ойласам, аталған басылымда қызмет еткенімде қоғамда болып жатқан ащы шындықты, өзекті мәселелерге қатысты тақырыптарды жасқанбай көтерген екенбіз. Ал ол қадамға біз ұлттың, елдің мүддесі тұрғысынан бардық деп ойлаймын. Жалпы, сол кездері суреттерді мүмкіндігімше еш бұрмалаусыз, шынайы түрде түсірдім. Себебі фотожурналистикада ең бірінші деректер мен суреттердің нақтылығы қажет. Қалай болды, солай беру басты міндет. Сол кезеңде еңбек еткен басылымдардағы суреттердің барлығын саналы түрде, адал оймен ұсынып жүрдім.
– Сіздердің ұйым қазақтілді фото маман­да­ры­­ның шығармашылық ортасын қалып­тас­ты­ру­шы алғашқы мектеп. Жастарға сәтті шыққан кадр деп қандай фотоны айта аласыз?
– Табиғаттың сұлулығын немесе өзге де көріністі көз алдыңа еш боямасыз, айна қатесіз тоса қоятын құдірет – фотоаппарат. Десе де талантсыз, талғамсыз, сезімталдық пен еңбексіз сәтті дүние жасау мүмкін емес. Негізінен кәсіби адамдар оны «суреттің мықтылығы» деп айтады. Сәтті кадр шығару үшін сіздің техникаңыздың, ең соңғы үлгідегі қымбат фотоаппаратыңыздың мүмкіндігі оның
25 пайызын ғана құрайды. Ал сіз түсіру барысында техниканы меңгерген кәсібилігіңіз, жарықты дұрыс пайдалану секілді қасиеттеріңіз– 25 пайыз. Ой, композиция, үйлесімділік 50 пайыз болғанда ғана сәтті кадр шығады. Кез келген суретті түсірген кезде шүріппені басу ең соңынан жасалады. Бірінші адам тақырыпты дұрыс таңдауы керек. Композиция мен ойды іске қосу екінші кезекте. Сондықтан кез келген мықты аппарат жақсы түсіреді деген ұғым қате. Ол үшін ой, тақырып, жүрек сезімталдығы керек. Шығармашылық талант болмай, бәрі бос әуре. Қысқасы, сурет сөйлеу керек.
– Қазіргі таңда фотоаппараттың мүмкіндігі мықты. Дегенмен кез келген адамның «мен фотограф бола аламын» деген ойымен келіспейтін сияқтысыз…
– Иә, қазіргі таңдағы соңғы үлгідегі ұялы телефонда барлығы бар. Ал онымен кездейсоқ адам сапалы сурет жасай алмайды. Жақсы сурет– ойлы сурет. Әр нәрсенің өз заңдылығы бар. Тиісті ережелер дұрыс сақталса, туынды әрқашанда сұранысқа ие болады. Жақсы суретке адам қайта-қайта қарай бергісі келеді. Соңғы уақытта шеберлік сабақтарын өткізу барысында, деректі фотография туралы баяндамалар жасап жүрмін. Фотография– өмірден алынған шындық. Сол қалпы, еш боямасыз. Деректі фотография қазір әлем бойынша бағалы саналады. Оған дүниежүзі өте қатты көңіл аударады. Себебі ірі-ірі оқиғалар, қоғамда орын алған түрлі құбылыстар, ұлттық салт-дәстүр бәрі де осы деректі фотоға жатады. Кез келген адам сурет түсіргенде оның өзіндік ойы, жан-жақтылығы және әдебиеттен, өнерден хабары болуы керек. Кейбір теңдессіз суреттер ойда жоқта түсірілуі мүмкін. Алайда ондай сәттер сирек кездеседі. Ал өте жоғары деңгейдегі суреттер еңбекпен, біліммен келеді. Жалпы, фотографияда әртүрлі жанрлар көп. Мысалы спорттық, портреттік түсірілімдер. Фотограф боламын деген адам осы жанрлардың ішінен өзіне ұнайтын, жүрегі қалайтын біреуін таңдап, қыр-сырын зерттеп, тәжірибе жинауы қажет. Мәселен, марқұм Дендірбай Егізов деген ағамыз келесі жылы 80 жасқа толғалы отыр. Ол өмір бойы бір ғана «Спорт» газетінде қызмет атқарды. 1980 жылы өткен Мәскеу Олимпиадасында Серік Қонақбаев, Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков сынды жеңімпаздардың жүлде алған сәттерін суретке түсірген. Бүгінде ол суреттер өте құнды. Өйткені ол тарихи суреттер. Осы ағамыз Сидней Олимпиадасында да Ермахан Ыбрайымов, Бекзат Саттарханов, Мұхтархан Ділдәбековтерді суретке түсірген. Кез келген фотограф өзінің шын ұнататын жанрын таңдап, соны жан-жақты зерттеп, зерделеп, сол салада еңбектенсе жаман болмайды. Себебі жүрек қалауы адамды шыңға жетелейді.
– Мен мынадай суретті түсірмеймін деп өз еркіңізбен бас тартқан кезіңіз болды ма?
– Ия, тоқырау заман етектен тартып, елді нарық қыспаққа алған тұста жұрт ақша табудың тез әрі оңай жолын іздегені белгілі. Сол кездері бір азаматтар ойын картасының сыртына жалаңаш қыздардың суретін түсіріп беру жөнінде ұсыныс жасап, келіссөздер жүргізбекші болды. Қысқасы, қысылып-қымтырылғандарды қомақты ақша ұсынып, былғаныш іске тарту жат пиғылдылардың әдеті болса керек. Мұндай жолмен ақша табу адамдық арыма сын. Ал менің бар арманым – ұлтқа қызмет ету болғандықтан бас тарттым. Ұлтқа қызмет ету дегеніміз – қазақ фотографиясы саласында жіберген немесе дұрыс жолға түспей жатқан кемшіліктерді толықтыру, тұралаған істі аяғынан тұрғызу. Одан бөлек кезінде жалақысы да, қаламақысы да қомақты бірнеше іргелі орыстілді басылымдар жұмысқа шақырғаны есте. Бірақ көңілім қаламағандықтан бармадым. Сол үшін де мен тек қана қазақ басылымдарында жұмыс істедім. Фотография саласының дұрыс жолға қойылуы – фотограф боламын деген жастардың өз тілінде оқып, білім алуы. Міне, менің бар мақсат-мүддем – болашақ жастардың өнер айдынында еркін самғауына жол ашып, жағдай жасау.
– Жас фотографтарға қандай кеңес бересіз?
– Жалпы фотограф «Немен түсірдің?», «Қалай түсірдің?», «Неге түсірдің» деген осы үш сұраққа нақты жауап бере алуы керек. Ал «маған жәй ұнайды» деген жауап жеткіліксіз, дұрыс емес. Бұл, қолыңдағы аспапты дұрыс меңгеру, экспозицияны (диафрагма, түсірілім уақыты, сезімталдық) дұрыс қою және композицияны ұтымды шығару деген сөз. Ондай туынды жасап жатсаңыз, онда фотосуретіңіз көрерменді қаратады, ойландырады, жылатады не қуантады. Яғни – ойлау, түсіру, жеткізу. Осыны жас фотографтар ұмытпағаны абзал.
Мен 25 жыл осы салада еңбек етсем де өз-өзімді әлі дамыту үстіндемін. Өйткені фотография саласына үңіліп қарасаң, оның артар салмағы мен жауапкершілік жүгі өте ауыр. Сондықтан фотографтар өз-өзін ұдайы дамытып отыруы тиіс.
– Сынды қалай қабылдайсыз?
– Кез келген сын объективті, орынды болса, одан сабақ алу керек. Керек болса, орынды сын адамның кәсіби өсуіне, тәжірибе жинауына азық болады. Десе де, өмір бойы мен газет-журналда жұмыс істегендіктен, түсірген суреттерім ақпараттық деңгейде болды. Осы орайда менің атыма «Фотоларында көркемдік жоқ» деген сын айтылған еді. Өйткені фотоөнер саласы көркем фото, деректі фото, техникалық фото деп үш түрге бөлінсе, менің жасаған жұмысым көбіне деректі фото болатын. Ол арнайы жарық қойып, жасанды туынды жасауды қажет етпейді. Менің жұмысым қас-қағым сәтте қыза түседі. Мұрағаттарымды сараласақ, ол өткен ғасырдың 10 жылы мен осы ғасырдың 10 жылын, яғни, өтпелі кезеңді қамтиды. Ондағы суреттердің барлығы да еш боямасыз, тосыннан түсірілген немесе болған оқиғаны қоспасыз баяндайтын дүниелер. Мен табиғатты немесе адамдарды арнайы дайындалып түсірген емеспін.
– Отбасыңызда жолыңызды қуған­дар бар ма?
– 25 жасар Асқар есімді ұлым бар. Ол журналистика факультетінде білім алып, осы саланың қоғаммен байланыс мамандығын игерді. Магистратураны да тәмамдаған. Сол ұлымды кезінде фотоөнер саласына тартып, біраз баулығаным бар. Оның қолынан фотожурналист болу келеді. Десе де оның қай саланы таңдайтынын өзінің ішкі ойы, жан қалауы біледі. Сондықтан шығар, ол қазір өз мамандығы бойынша еңбек етіп жүр.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР