Гүл бизнесі – таптырмас табыс көзі

0 155

Бүгінде елімізде кәсіп істеймін деген адамға мүмкіндік көп. Әсіресе әлемде ертеден келе жатқан шаруашылықтың «әдемі» саласы – гүл өсіріп, сату кәсібі ерекше дамуда. Осы уақытқа дейін қияр, қызанақ егумен айналысып келе жатқан Жамбыл ауданындағы «Азамат» шаруа қожалығы да биылдан бастап гүл өсіруді қолға алып отыр.

Кез келген көпқабатты үйдің ауласын көріктендіру, қала көшелерін көгалдандыру, саябақтарды гүлдендіру – заман талабы. Ал дәл осы мамыр айы– қаланы безендіру мен көркейту-көгалдандыру жұмыстарының қыза түсетін мезгілі. Өңірімізде бүгінде жылыжайда гүл өсірумен айналысатын санаулы ғана шаруашылық бар. Соның бірі– Жамбыл ауданындағы «Азамат» қожалығының жылыжайында саябақтар мен аулалардың сәнін келтіретін петуния, барқытгүл, сальвия, целозия, циния, портулак гүлдерінің 700 мыңға жуық түбі бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын сұранысы жоғары көкөніс егіп келген шаруашылық тың сала, яғни гүл өсіруді жөн санапты. Сонымен қатар кәсіпкер жиырмаға жуық азаматты жұмыспен қамтып, еңбекақысын төлеп келеді. Гүлді табыс көзіне айналдырған бағбан отбасының мүшесі, шаруашылық менеджері Нұржан Көпбосынов кәсібінің қызығы мен қиын тұстарын айтып берді.
– Бұл жылыжай 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Нысанға «Қазагроқаржы» арқылы шағын несие беріліп, қаржыландырылған болатын. Жоба құны 135 миллион теңгені құрады.
Отбасылық кәсіп десек те болады. Осыған дейін қияр, көкөніс өсіріп келдік. Қыстағы дүлей дауылдың салдарынан жылыжайымызға зақым келіп, төбелері ұшып, аздап бүлінген болатын. Оны жөндеп, темірлерін дәнекерлеп жүргенімізде біраз уақытты жіберіп алып, көкөніс егу маусымынан кешігіп қалдық. Содан бос тұрмай, гүл егіп көрейік деп шештік. Гүлдерді күтіп-баптайтын жұмысшыларымыз бар. Ол кісілер бұған дейін де көкөніс өсіргенде қолғабыс етіп, нәпақаларын алатын. Қала көшелері мен аулалар, саябақтардан бөлек, ғимараттардың да ішін көріктендіру біздің салаға тиесілі. Сол себепті біздің қорымызда 100-ден аса сорт бар. Қалауын тапса, табысты іс деп ойлаймын, – дейді «Азамат» шаруа қожалығының менеджері Нұржан Көпбосынов.
Нәзік, хош иісті гүлдер күтімі ерен еңбек пен сүйіспеншілікті талап етеді. Яғни сырттай қарағанда оңай көрінген гүл өсіру кәсібінің машақаты көп болып шықты. Топырақ тектес құнарлы торф Ресейден алынса, гүл ұрықтары Голландиядан жеткізіліпті.
– Бұл гүлдер гүлзарлар мен жеке үй аулаларын сәндеуде ұтымды шешім. Бір түп петуния гүлінің өзі көлемі 35 сантиметр аумаққа гүл жайып, жаз бойы көз қуантады. Гүлдің дәндері қаңтар айында егілді. Наурыздың басында арнайы шағын ыдыстарға қайта отырғызылды. Бір-бір жарым айдан соң гүл жарды. Бұл жерде біраз жылдан бері еңбек етіп келемін. Гүлге күтім жасағанды ұнатамын. Көкөніс болсын, гүл болсын баптауы жақсы болса, жақсы көктейді,– дейді жылыжай маманы
Өтеген Ибалиев.
Шаруашылық жылыжайы қала сыртында орналасқан. Аумағы– 1 гектар. Көбіне біржылдық өскіндерді өсіреді. Биылға шамамен 700 мыңға жуық түп гүл егіліпті. Бағасы орта есеппен 80 мен 100 теңге аралығында. Қазіргі уақытта жылыжайда жұмыс қызған.
– Шынымызды айтсақ, гүл егуден аса тәжірибеміз жоқ. Бірінші рет көріп жатырмыз. Көкөністі өткеру оңайырақ. Жеңсік ас болған соң тұтынушылары көп, жерде қалмайды. Ал гүлді өткеру жағы, тұтынушылар табу қиынға соғып тұр әзірге. «Facebook» пен «Instagram» әлеуметтік желісінде парақшаларымыз бар. Әр мекемеге өзіміз барып жарнамалаймыз. Негізі бұл жылыжай көкөніс егу мақсатында салынды. Бірақ осы гүл шаруашылығы жақсы пайда әкелсе, мақсатын өзгерту жағын немесе қосымша жүргізу жағын қарастыратын боламыз. Пилоттық жоба ретінде байқап көріп отырмыз десек те болады, – дейді Н.Көпбосынов.
Бүгінде қаланы, кеңселерді былай қойғанда, ауқатты кісілер үйінің маңын гүлдендіріп, иранбаққа айналдыруға құмар. Сондықтан болар, мұндағы циния, петуния, барқытгүл деген атауын білмегенімен, қала тұрғындары үшін көзтаныс гүлдер. Жылыжайда осы тәріздес 10-ға жуық гүл тұқымы өсіріледі. Гүл өсіру кәсібін дөңгелетіп отырған азамат алдағы уақытта өнім пайда әкелсе гүл түрін көбейтіп, көкөніспен қосымша гүл шаруашылығын да жүргізу жұмысын көздеп отыр. Алдағы уақытта көздің жауын алатын жылыжайда өсірілген неше түрлі бұл гүлдер қаланың көркіне көрік беріп, ажарын аша түсетін болады.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.