Гүл сатушы Жұлдыз

0 16

Гүл сату – ерекше кәсіптің түрі. Бүгінгі таңда гүл бизнесі әлем нарығында ерекше қарқын алып келеді. Тіпті біздің өңірде де. Жалпы гүл бизнесі сырт көзге оңай көрінгенімен машақаты көп сала. Тараздық гүл сатушы Жұлдыз Қуаныш жастығына қарамастан қиындығы мен қызығы көп салаға бет бұрған. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында гүл сатушы бойжеткеннің кәсібінің қыр-сырымен танысып, ақыл-кеңестеріне құлақ түрген едік.

Бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алып жатқан Жұлдыз Қуаныш жақында ғана осы салаға бет бұрыпты. Кейіпкеріміз гүл сатудың маусымдық бизнес екенін де жасырмайды. Нақтырақ айтқанда, мерекелердің қарсаңында сауда қатты қызады екен. Ал жаз айлары гүл бизнесі үшін қолайсыз саналады. Соған қарамастан Ж.Қуаныш өңірде гүл сату бизнесі өте қарқын алып келе жатқанын айтады. Әрі облыс орталығы Тараз қаласында уақыт өткен сайын бәсекелестік артып келе жатыр екен. Сондықтан да ізденіп, гүлдің сапасынан бөлек, оны тұтынушының талғамына сай әрлеуді де қолға алыпты.
– Қазір тұтынушылардың талғамы әртүрлі. Біз сол үдеден шығу үшін барынша жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен гүлдің өзін ғана сатпай, әрлеуге де баса назар аударамыз. Бүгінде тараздықтардың таңдауы көбіне голландиялық раушан және қызғалдақ гүлдеріне түседі. Аталған гүлдердің бірнеше түрі бар. Бағалары да әрлеуіне байланысты әрқилы. Сондай-ақ біз сәндеуден бөлек, гүлдердің қасына шарларды да қосып, көңіл жадырататын сыйлықтың ажарын одан әрі аша түсеміз, – дейді Ж.Қуаныш.
Өз саласын жетік меңгеруді қолға алған гүл сатушы қазіргі таңда шаһардың орталығынан шағын ғана өз сауда дүңгіршегін ашыпты. Ол сатылымға шығатын гүлдерді Алматы қаласындағы арнайы қоймадан алдырады. Олардың бағалары да әрқилы. Мысалға айтар болсақ, тұтынушы­лар көп алатын голлан­диялық раушан гүлінің бір данасы 1000 теңгеден басталса, қызғалдақ­тың бағасы 500 теңге. Әрине, бұл әрлеусіз. Жұлдыз сатып алушыларына кеңес беріп, тәжірибесімен де бөлісіп отырады. Өз кезегінде біз де гүл сыйлауда баса назар аударатын біршама ақыл-кеңестеріне құлақ түрген едік. Оның айтуынша, жігіттер тұрмыс құрмаған қыздарға толық бүр жармаған гүл сыйлағаны абзал. Жалғыз дана раушан гүлін адамдар сүйіктісіне ғана сыйлайды екен. Ал ақ раушан гүлін әдетте үйлену тойларына сыйлайтын көрінеді. Бұл гүл түрін аналар мен әжелерге, ұстаз немесе жеңгелерге сыйлауға болады. Өйткені ақ раушан сыйластық пен құрметтің белгісі.
– Қызыл раушан – махаббаттың нышаны. Тек қана үйленуге ұсыныс білдірерде емес, әр наурызда сүйіктіңізге қызыл раушан гүлін сыйлауға болады. Ал сары, ашық қызғылт раушанды әпкеңіз, қарындасыңыз бен құрбыларыңызға сыйласаңыз өте жарасымды бола түспек. 8 наурыз мерекесі қарсаңында қызғалдақ гүлдеріне сұраныс арта түседі. Шындығында, бұл гүл түрі бақыт, махаббаттың белгісі. Қызғалдақтың саны да көп нәрседен хабар береді. Мәселен 1 дана
қызғалдақ ғашық адамға сыйланады.
3 дана қызғалдақты барлық адамға ешқандай себепсіз сыйлауға болады. 5 дана қызғалдақты анаңызға, әжеңізге, әпкеңіз бен қарындасыңызға сыйлауға болады. 7 данадан тұратын қызғалдақты ғашық адамыңызға ғана сыйлағаныңыз дұрыс. Сондай-ақ сүйіктіңізге ақ немесе қызыл қызғалдақты ұсынғаныңыз абзал, – дейді гүл сатушы қыз.
Алда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні келе жатыр. Әлбетте, бұл мерекені гүл шоқтарынсыз елестету мүмкін емес. Әрбір жан өз жақын адамына гүл сыйлап, көңілін көтергісі келеді. Ал гүл сыйлаудың да өзіндік жазылмаған заңдары мен ережелері бар. Дегенмен кімге қандай гүл сыйласақ та, шын ниетпен берсек болғаны.

Ш.Биділдәұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.