ГҮЛ САТУШЫ

0 0

Ол жастайынан гүлді сүйді. Бақшасындағы гүлдің әрбір талына ерекше баппен қарайтын. Оларды өмір тұрағы іспеттес жерден жұлып алғысы келмейтін. Нарық заманы жеткенде сүйікті ісі күнкөріс көзіне айналды да, баптап өсірген гүлдерін ақшаға айырбастайтын болды. Оларды жұлып алуға қимаса да фәни дүние мәжбүрледі оны. Бірақ ол жүрегінде бүр жаратын өз гүлінің де жалғанның жарлығымен ғұмыры үзілерін білмеп еді…

…Күндегі әдетінше жәшік толы гүлдерін көтерме бағамен өзіне белгілі дүкендерге өткізіп, Таластың жағалауында тынығып отырған. Сәл тыныстап алғаннан кейін үйіне қайтпаққа жолға шықпақшы. Өзі Шымкент қаласында тұрады. Ол шаһарға жеткенше екі сағат көліктің рөлінде тапжылмай отыруы керек, сол үшін де жаны сүйетін жерде демалып алмақ болды. Көлігінің есіктерін айқара ашып тастап, су толқынымен есіп өтетін самал желге салқындағанды жаны сүйетін. Ол бала күнінен табиғатқа ғашық-ты. Тағы да сол әдетімен Табиғат-анаға еркелеп, Таластың сылдырап аққан суының сазын тыңдап жатып көзі ілініп кетіпті…
Ашық көгілдір аспанға ұмтылған зәулім ағаштардың бұтақтарының арасынан сығалаған күн нұры бақ ішін күрең түске бояп, салқын самал еседі. Алуан құстың дауысы жапырақтардың сыбдырымен араласып, оған арықтардан аққан судың сылдыры қосылып, айналаны сұлу саз әлдилеп тұр. Аяғының астындағы жердің қалың біткен көк майсадан топырағы көрінбейді. Жалаң аяқ басып келеді, бірақ жердің ызғарлы сызын емес, ерекше жылылық сезінеді. Көз тартып, қызықтырған, бірінен-бірі асқан гүлдердің жұпар аңқыған иісі өз алдына бір керемет. Жадап жүрген жанына шуақ сыйлаған осынау бақ ішінің ғажайып күйін сөзбен айтып жеткізе алмас. Тек көзбен көріп, ғажап әсерін сезініп, бұрын-соңды бұл көрмеген жұмақ барына көз жеткізіп келеді…
– Ағай, тұрыңызшы, өтінемін, ағай, көмектесіп жіберіңізші.
Жүдеген жанын жұбатқан сұлулық әлемінен кеткісі жоқ еді. Әттең, бұл кім болды екен оятып жіберген?..
Көзін ашса, қарсы алдында жалынышты түрмен қарап жылы жүзді келіншек тұр.
– Ағай, кешіріңіз. Өтінемін, көмектесіп жіберіңізші.
– Қандай көмегім қажет?
– Мынау кілемдерімді жуамын деп салмағын ауырлатып алыппын, көтерісіп жіберіңізші. Екеулесек те біздің шамамыз жетер емес.
Басын көтеріп қараса, әлгінің артында тағы бір келіншек тұр екен. Енді есіне түсті, бағана бұл машинасымен келіп тоқтағанда осы маңда талдырмаш екі келіншек үлкен-үлкен кілемдерді өзеннің жағасында жуып жүрген. Бұл солар екен ғой. Яғни мұның ұйықтап кеткеніне біраз уақыт болып қалғаны ғой.
Көмек сұраған келіншектерге қолдан келгенінше жәрдемдесіп, оларды үйлеріне көлігімен жеткізіп салды. Алтыншаш есімді сүйкімдісі көмегіне разы болғандықтан шығар, үйіне шай ішіп кетуге шақырды. Бастапқыда қол ұшын созған аз ғана көмегінің есесін қайтарғандай бәлсінуді ұятқа санап, шақыруын қабыл алмаған еді. Бірақ сүйкімді келіншек қоярда-қоймай өтінген соң көңілін қимады. Үйіне кірді. Дастарқанынан дәм татты. Бірінен соң бірі тете өсіп келе жатқан әп-әдемі балалары бар екен. Шағын ғана екі бөлмелі үйдің іші тап-тұйнақтай жиналған. Шашау шыққан басы артық бір зат жоқ. Бәрі орнында, бәрі мұнтаздай тап-таза. Келіншектің үй шаруасына ептілігі көрініп-ақ тұр. Емен-жарқын сөйлеуінен ақкөңілділігі де аңғарылады. Үйелмелі-сүйелмелі балаларының да сөз саптауларынан, қылықтарынан тәрбиеліліктері сезіледі. Бұл үйдің жиһаздары ескілеу, жұпыны көрінгенімен мұнда өмір сүріп жатқан жандардың мәдениеттіліктері табиғи түр сұлулықтарымен жарасым тауып тұр. Қарабайыр үйдің көркін ақжарқын жандар сәулелендіріп тұрғандай сезіледі.
Тұрғын бұл үйге алғаш рет келсе де көңіл сарайына нұр сәуле жылылық сепкендей күйде қайтты. Алтыншаш та төрт баласымен бірге мейірімді жүздерімен жылыұшырап шығарып салып тұрып: «Жолыңыз түссе келіп, дәм татып тұрыңыз», деп қалды. Алтыншаштың сол әдемі күлімсіреген жанарынан бір сәуле ұшқыны мұның жүрегінің төріне қонақтап қалғандай. Оның үйінен алыстаған сайын ол бір бақытқа толы сарайдай болып қала берді. Расында, сол үйге тағы да қайта барғысы келеді. Іштей бір сезім солай тартып тұрғандай. Әйтеуір, жан дүниесін бір ғажап сезім баурап алды. Сол күннен бері бұл басқа әлемге кенеттен еніп кеткендей. Бұрындары шаршаса қабағы шатынап, сөйлегендерге ызғарлы жауап қатушы еді. Енді мұның бәрі де өзгерген. Тіпті көппен жылыұшырай сөйлескісі келеді де тұрады. Ішіне сыймай тұрған қуанышын әлдекіммен бөліскісі келетіндей. Бірақ ол не қуаныш екені өзіне де беймәлім. Әйтеуір, көкірегін кернеген бір шаттық бар. Бұрынғыдай қолына түскен табысын үнемдеп жұмсауды да қойған. Көңіліне жаққан нәрсені сатып алғысы келеді. Алтыншашқа сыйлық жасасам дейді. Балаларын тәттілермен, сыйлықтармен қуантсам дейді ішкі көңілі.
Бұрын-соңды кешіп көрмеген, беймәлім әлемде жүргеніне оншақты күн болып қалған. Алтыншаштың жарқын жүзін көруге асыққан көңілі сабыр бермей, кешке дейін жұмыстарын жылдамдата бітіріп, аяғы солай тартты.
Шағын ғана екі бөлмесі көнетоз төсек-орын, жиһаздармен жабдықталған қарабайыр үй бұған алтынмен апталған кең сарайдай сезіліп, есіктің қоңырауына қолы батылсыздана әзер барды. Қоңырауды үшінші рет басқанда барып арғы жақтан:
– Бұл кім? – деген нәзік дауыс естілді. Жүрегі атқақтап сала берді. Иә, бұл Алтыншаш қой.
– Алтыншаш, қарағым, бұл мен ғой – Тұрғын ағаң.
– Әәә, қазір-қазір, аға.
Есік ашылғанда бұған жұмақтың қақпасы айқара ашылғандай сезілді. Жүрегі өрекпіп, тұла бойы бір ысып, бір суып, не күй кешіп тұрғанын өзі де айыра алмай дегбірі қашты. Жарасымды жымия сәлемдесіп, бұған қарай созған Алтыншаштың аппақ, нәзік қолын күректей алақанына салғанда тіптен естен айырыла жаздады. Оның тым нәзік салалы саусақтарын «қатты қысып жібермедім бе…» деп тағы мазасы кетті. Бір көруге асығып жеткен періштесін көргенде әбден ес-түстен айырылып, өзінің әр қиымылы өзіне оғаш көріне берді. Мұның осыншалықты қысылғанын Алтыншаш мүлдем сезбейтін сияқты. Сол қалпынша жас балаша жалбалақтап, мұны төрге өткізіп, өрнекті құрақ көрпесін төседі. Хал-жағдайын, жұмыс жайын сұрап, бұрыннан таныс жақынындай сыйлап жатыр.
– Қапырық күннен әбден ыстықтап келген сияқтысыз, салқын сусын әкелейін. Деміңізді басыңыз. Шайды сосын дайындайын, – деп орнынан жеңіл қозғалған сүйкімді келіншек асүйге өтті. Бір бөлмеде оңаша қалғасын ғана Тұрғын бұлқынған жүрегіне тоқтау салып, өз-өзіне келді. Сабыр шақырды. Сәлден соң асүйден сөйлей келген Алтыншаш қолындағы ыдыстарын үстел үстіне қойып, жеміс шырынынан құйып ұсынды. Салқын сусын шөліркеп қалған таңдайын жібітіп, жан сарайын аша түсті. Бұл ішкені бұрын-соңды ішіп жүрген сусындарынан өзгерек. Ұзынша қырлы стақанды бір ішкенде төбесіне бір-ақ көтерді.
– Әбден шөлдепсіз ғой, әкеліңіз құяйын. Шілденің күні де қуырып барады. Оған қоса темір көлікпен жүргендіктен таңдайыңызды кептірген ғой, – дейді Алтыншаш. Мұның айтқысы келіп, бірақ батылсыз тілі жетпей отырған ойын оқып қоятын сияқты ма, қалай.
Салқын сусын ішіп отырып, жай-жағдай сұрасқан соң ерік бермей, өрекпіген көңілі басылайын деді. Алтыншаштың әрбір сөзіне сабырмен, ойлана жауап қатып отыр. Сәлден соң мектептен балалары да келе бастады. Алтыншаштың төрт баласымен бірге бір дастарқан басында шүйіркелесіп шай ішті. Олармен де емен-жарқын әңгімелесіп, алты жасар кенжесінің алаңғасар қылықтарына күліп, жадырап қалды. Көптен бері дәл бұлай көңілді отырмаған болар, сірә. Отбасы жылуын енді сезінгендей. Сүйіп қосылған жары дүниеден өткелі он жылдан астам уақытта дәл мұншалық көңілі жадырап көрмепті. Жар махаббатына деген сағынышы оянып, енді тәтті мұң баурап алды. Бірімен бірі жарыса сөйлеп, шаттана күлген балалар да бұған әлі кездесіп көрмеген әке мен бала махаббатын сезіндірді.
Аздаған уақыт өткенде ас та дайын болды. Тағы да Алтыншаштың балаларымен бүтін бір отбасындай шүйіркелесе отырып ас ішті. Қаншама шебер аспаздардың қолынан шыққан неше түрлі дәмнен татып жүрсе де, алайда бүгінгі жеген тамағы бөлекше. Дәмі таңдайында қалды.
Ас артынан әңгіме-дүкен құрысып, тағы біраз отырды. Әшейінде жалғыз өзі өткізе алмайтын уақыт зымырап шыға келіпті. Сағат тілі түн жарымынан асқанын көрсетіп тұр. Кеткісі жоқ, бірақ қайтпасқа болмайды. Мүмкін, мына балалар да ұйқылары келгенімен осының көңіліне қарап, түк білдірмей ойнап отырған болар. Осыны ойлағанда іштей қатты ұялды. Балалар мейманды шешелерімен бірге есік алдына дейін шығарып салды. Тағы да мұны іштей қимастықтың құрсауы қинай бастады. «Тағы да келермін-ау, бірақ қайта-қайта келе бергенім де ұят. Енді қашан мұнда келіп, әлгінде ғана кешкен бақытты сәт басыма тағы орнар екен…»
* * *
Жабықтырған жалғыздықтың мұңын жан жылуымен серпілткен Алтыншаш Тұрғынға өмірдің қайғымен қатар қуаныш та сыйлайтын ғажайыптары барын ұғындырды. Әр кездесуінде әдемі күлімсіреген қос жанарынан мейірім шуағын шашып, махаббаттың талай қиындықтың тас қамалын бұзып-жара алатынына көзін жеткізді. Оның төрт бүлдіршіні бұған адамның жеке отбасынан басталатын бақыт небір қайырымды істерге жетелейтінін көрсетті. Адам нағыз бақытты алдымен өзінің ошақ қасынан тауып қана өзгелердің игілігіне жарап, қуанышқа кенелтетін әрекеттерге апаратынын да Тұрғын Алтыншаштың шаңырағынан сезінді. Оның шат күлкіге толы, жұмақ сынды шаңырағына күн сайын барып тұрса да сол отбасына деген сағынышы тарқамады. Керісінше оларды көрген сайын қимастық, сағыныш сезімі арта түсетін тәрізді.
Уақыт өте келе Алтыншаштың үйі бұның өз отбасы секілді болып қалды. Олар да мұны барған сайын отағасын күткендей қарсы алады. Жар құшағының жылуын да, жар сүюдің бақытын да Алтыншаштан тапты. Әкелік махаббатын да сүйкімді келіншектің балалары оятты. Тіпті «өз балаларым емес қой» деген ой бұған бір сәтке де келген емес. Үйлі-баранды болып кеткен өзінің туған балаларына сырттай қамқор. Олар да мұның аман жүргеніне қуанышты. Олардан гөрі Алтыншаштың балаларын көбірек сағынып тұратын сияқты.
Өмірде бәрі түгел жақсы болып тұрмайтын бір заңдылық бар ғой. Әлденеге жеттім-ау деп қуансаң, екінші бір жағынан кемшін тұсы ішкі шаттығыңды бәсеңсітіп тұратыны бар. Тұрғын да Алтыншашты ойламаған жерден тағдыр өзі кездестірген сыйы деп біледі. Соның шаңырағында жан жылуына бөленіп, өзінен әлдеқашан алыстап кеткен бақытын қайта тапқандай көңілін толықтырған еді. Бірақ ол бірде Алтыншаштың ішімдікке жақындығын көрген. Әуелгіде мұны қадірлі қонағы ретінде сыйлағандықтан дастарқанына арақ қояды деп түсініп жүрді. Жақынырақ таныса келе, сүйкімді келіншектің ешкіммен бас қоспаса да үйде жалғыз отырып-ақ ащы судан ұрттап, көңілін демдейтінін білді. Бастапқыда ішінде айтсам деген талай сөздері сайрап тұрса да оның көңіліне тиюден қаймықты. Кейін оны әйел басымен масаң күйде жиі көретін болғасын жайлап айтып көрді. Оның бұл ескерткен ақылға тоқтамайтынына көзі жетті.
Бір күні тағы Шымкенттегі бақшасынан әкелген раушан гүлдерін дүкендерге өткізіп болғасын тәтті-дәмділер алып, өзі ыстық ұясына балайтын сүйкімді келіншектің үйіне келсе, мұның періште тұтқан аруы ылқым-сылқым, масаң күйде табалдырықтан аттай құлап, ұйықтап қалыпты. Бұл есікті өз кілтімен ашып кірген еді. Есік алдында ештеңеден бейғам, қорылға басып ұйықтап жатқан сүйіктісінің мына түрін көріп шошынды. Балаларының бәрін жазғы демалысқа шығысымен ауылдағы ата-әжесіне жіберген болатын. Үйде оңаша қалғасын балаларынан ұялып, тартынып ішетінін ешкім жоқта удеткенге ұқсайды.
Сүйіктісінің жиіркенішті қалпын алғаш көргенде тіксініп, орнында қалт тұрып қалған Тұрғын сәлден соң есіне келіп, оны орнынан көтеріп алды. Сусепкінің астына апарып, бетін салқын сумен жуындырды. Төсекке жатқызды. Үсті-басын реттеді. Ұйқыдан оянғанша қасында тапжылмай отырды. Түн жарымында мас келіншек оянды. Тұрғын шай әзірлеп, дастарқан басына шақырды. Әңгімені неден бастарын білмей ойланып отыр. Шай үнсіздікпен басталды. Ілкім уақыттан соң Тұрғын:
– Алтыншаш, жарқыным, әп-әдемі төрт бірдей бала тәрбиелеп отырсың. Қызың бойжетіп те қалды. Қыз шешеге қарап өседі. Ол да ертең бір әулеттің анасы болады. Ал ұлдарың бір-бір шаңырақтың иелері, – деп іштегі ойын енді бастай беріп еді:
– Тоқтат, Тұрғын! Не айтпағыңды білем, – деп Алтыншаш сөзін дереу тоқтатып, ары қарай өзі өктемдете сөйлей жөнелді:
– Көшеде кездестірген көршімнің ауыр сөзі жаныма қатты батты. Содан жақын құрбымның үйіне барып шағындым. Ақтарылып отырып, аянбай іштім. Білем, сен маған жаның ашығандықтан айтасың. Көршім де ауыр айтса да мені түзелсін деп ескерткен шығар. Бірақ ешкім де менің жан жарамды жаза алмайды. Ал арақ… арақ аз да болса қайғымды сейілтеді. Бір-екі сағатқа болса да жұбатады. Айтшы, осы сен маған кімсің?
– Жанашыр жақыныңмын. Қаласаң, жан жарыңмын. Өмірдің қуанышы мен қайғысын бөлісер жолдасыңмын.
– Бірақ ол жағы тек екеумізге ғана мәлім. Өзгелер үшін сен менің күнде келіп-кетер көңілдесімсің. Неге біз заңды түрде некелесіп, некемізді жұртқа жария етпейміз? Себебі менің қолымда төрт балам, ал сенің өз алдарына үй болған ұл-қыздарың бар. Тіпті немерелерің де бар. Міне, біздің заңды некелесіп, ел-жұртқа ерлі-зайыпты болып көріне алмайтынымызға кедергі көп. Ал мен неге заңды некелескен, ел-жұртым ақ батасын беріп, сүйіп қосылған жарыммен бақытымды жалғастыра алмадым? Балаларымның қызығын қосағыммен бірге неге көре алмадым? Сұм ажал оны біздің ортамыздан тым ерте алып кетті. Арада бір жыл өтсе де ауыр қайғыны ұмыта алмай, жабырқап жүргенімде сені кездестірдім. Жар махаббатын сағынып жүргенімде оны маған сен сыйладың. Бірақ сен менің жүрегімде шер болып қатқан мұзды жібіте алмадың. Қайғыны уақытша ұмыту үшін сенен бұрын мен арақпен достасып қойған едім. Енді мені сенің ешбір ақылың да, ескертпелерің де одан айыра алмайды. Түсінемісің? Мен бәрібір жанымның жарасына арақтың уытын құйып, жегідей жеген зардабын алыстата тұруға мәжбүрмін.
Алтыншаш жас балаша өкіріп жіберді. Тұрғын оған ақыл айтып, ескерту жасай бергенге аяды. Онсыз да жаралы жанын ауыр сөздермен қинағысы келмеді. Ебіл-себілі шыққан келіншекті құшақтап, қосыла жылады. Жұбатарға сөз таппады. Тек осылай оның қайғысын бөліскенді жөн санады. Одан өзге қолынан келер дәрмен жоқ.

* * *
Қыстың соңғы күндері болғанымен, әлі де аяз сына қоймаған. Ақпанның айналаны ақ түтекке орап, аязын аямай төккен кешінің бірінде Тұрғын күндегі әдетінше Алтыншаштың пәтеріне келді. Бұдан бір-екі күн бұрын сәл жылылау күні ауылдағы аталарына барған балалары қыстың күшейген аязынан қайтуға жолға шыға алмай қалғандарынан хабардар. Алтыншаш үйінде жалғыз болуы керек. Есіктің қоңырауын үш рет басты. Құлыпты ашпақ тұрмақ, іштен дыбыс та сезілмейді. Алтыншаш бір жерге шығып кеткен болар. Тұрғын есікті өз кілтімен ашып, ішке кірді. Тым-тырыс. Кіреберістің жарығын қосты. Аяқкиімін шешіп, асүйдегі үстелге қолындағы азық-түлік салынған сөмкесін қойып, қайта шықты. Төргі бөлмеге қарай өтті. Табалдырықтан аттай бере кілт тоқтады. Есінен тана жаздады. Көздері шарасынан шығардай бақырайып, шошына жан дауысымен айғайлап жіберді.
– Алтыншааааш!
Төрдегі диванда сұлық түсе жатқан келіншектен қыбыр білінбейді. Екі аттап жанына жетіп барған Тұрғын денесін ұстағанда жансызданып, сұп-суық болып жатқанын көріп, әбден зәре-құты қалмады. Санасын жаман ой жауласа да үмітсіз емес. Айғайлап, жұлқылап жатыр. Екі бетінен алақандарымен ұрғылайды. Бірақ әлдеқашан жан шығып кеткен денеден тіршілік табы білінбейді. Жедел жәрдем шақырды. Ол келгенше бетіне су да бүрікті. Мұрнына спирт жақындатты. Оянатын келіншек жоқ. Диванның алдындағы үстелде таусылмай қалған арағы бар бөтелке мен қырлы стақан тұр. Ішіп отырып жантәсілім еткенге ұқсайды.
Жедел жәрдеммен жеткен дәрігерлер оның мәңгілік сапарға аттанып кеткенін айтып, денесін алып кетті. Түс көргендей, ес-түссіз халде ойға шомып қала берді.
Сүйіктісінің денесін дәрігерлер мәйітханаға тапсырғанын естігеннен кейін қаралы хабарды оның жақын-жуықтарына естіртпек болды. Ауылдағы кәрі әке-шешесіне, балаларына қалай естіртуді білмей, өзі де аяқ астынан кездескен ауыр қазаның қайғысынан әлі арыла алмай тұр. Алтыншаштың туған күні кешінде оның етене жақын құрбысы Ғазизамен танысқан-тын. Ақынжанды, әркез көңіл күйінің қандай екенін ашаң жүзі жасыра алмай, білдіріп қоятын Ғазизаның адамгершілігі басымдығын бұл да сезетін. «Не де болса Алтыншаштың қазасын жақындарына естіртуді сол сезімтал құрбысынан бастайын, әрі менің де ары қарай не істеуім керегіне сол көмектесер» деген оймен Тұрғын Ғазизаға қоңырау шалды. Үйіне арнайы барып, қазаны естіртіп, онымен ақтарыла әңгімелесіп, көз жастарына ерік берді. Ғазизаның үйіне осы барғанында оның жолдасымен танысты. Желбіреген селдір шаштарымен төбесінің қасқаланып жылтыраған құйқасын жасырып, қайыра тарап қойған, жағы суалған сопақша, қарасұр өңді, елулерді еңсерген Тасқара есімді бұл кісінің мұны жақтырмағаны сұсты көзқарасынан сезіліп тұрды. Бірақ Тұрғын оның суық жүзінен тайсалмай, ертең мәйітханадан Алтыншаштың денесін алып келуге бірге барулары керектігін айтып кетті.
Алтыншаштың тағы бір жақын араласатын құрбысы Маржан. «Сыр жасырмас жан құрбым» деп, соған барып-келіп жүретін. Маржанның күйеуі, мүмкін көп ішетіндіктен шығар, Алтыншашты оншалық жақтыра бермейтін.
Мәйітханаға бірге баруға шақырған дос-жарандарынан жалғыз Ғазиза ғана келді. Маржан күйеуі де, өзі де бұл жолы мүлде төбе көрсетпеді. Ғазиза Тұрғынды көре салысымен жанарлары жасаурап, күйеуінің қанша айтса да жақын адамының өліміне селт етпегенін ашына айтты. Тіпті сол Тасқара талай рет Алтыншаштың қолынан дәм татып, үйінде бірнеше рет қонақ болған. Талай мәрте доспейілділік әдемі әңгіме айтып, данагөйсіп сөйлегені де бар. Енді міне, сол досшыл Тасқара жақын араласқан адамды соңғы сапарға шығарып салуға да, қабіріне топырақ салуға да жарай алмады. Қазақта «Бір күн дәм татқан үйіңе он рет сәлем бер» дейді. Тасқара бұл жолы нағыз өз бет-бейнесін ашық көрсетті. Халық даналығы «Адамның кім екенін не қайғыда, не қуанышта сына» дейді. Рас екен…
Ауылдан Алтыншаштың балалары келгенімен, олар жылап, қайғырғаннан басқа қолдарынан ештеңе келмейді. Кәрі әке-шешесінен де қайран жоқ. Мәйітханаға Тұрғын Ғазизамен бірге барып, сүйіктісінің денесін алып келді. «Ер адам ғой» деп мәйітті әкелісуге шақырған Маржанның күйеуі де келмеді. Тіпті телефонмен де сөйлеспеді. Талай жылдан бері жақын құрбы болып жүрген Маржан да телефонда сөйлескенімен, алайда келмеді. Алтыншаштың қазасына қайғырған балаларын да келіп жұбатпады. Достықтың да жалғаны болатынын еске салды. Ақкөңіл Алтыншаш көзі жұмылғанша осы Маржанды «досым» деп қолынан келгенінше сыйлап өтіп еді. Ол жайында бірде-бір рет жағымсыз пікірде болған емес. Сөйткен құрбысы тым болмаса соңғы сапарға шығарып салуға да жарамады. Көзі тірісінде Алтыншаштың «досым» дегендері жетерлік-ақ еді. Солардың ішінде нағыз досы жалғыз екен. Заты нәзік әйел болса да Ғазиза ғана суық мәйітхананың үрейінен де қаймықпай, Тұрғынмен бірге құрбысының денесін әкелісті. Бұл фәниден соңғы рет киетін кебініне керекті ақ шүберекті де өзі барып алып келді.
Ертесіне Тұрғын өз үйіне қайтып, жылыжайындағы раушан гүлдеріне барды. Ең әдемілерінен таңдап алып, көлігінің жүк салғышы лық толғанша салды. Қайтадан жолға шығып, Таразға тартты.
Көздеп келген шаһарына жеткенде күндегі әдетімен гүл дүкендеріне бұрылған жоқ. Ешбір кемшілігіне қарамай, жан-жүрегімен сүйген аруы – Алтыншаштың денесін жер қойнауына өз қолымен тапсырған бейіт басына барды. Әлі сызы кеуіп үлгермеген жас топырағы күннің суығымен қатып тұр. Көлігінің жүк салғышына толтырып әкелген алқызыл раушандарын жалықпастан бір түйірлеп қабір үстіне жайды. Тым аз ғана уақыт қуаныш сыйлап, бақыт мәнін ұқтырып кеткен Алтыншашына көзі тірісінде әкелетін раушандарымен қабірін де көмкерді. Әлгінде ғана аязбен мұздақтанып қатып, сұсты көрініп жатқан қабір үстіне көктем келіп, гүл кілемін төсегендей.
«…Әттең-ай, жаныңды қарыған қыстың аязын да дәл осылай көктемнің гүлімен көріктендіре алғанымда ғой. Онда… онда қазір біз бұлайша кездесіп тұрмас едік-ау. Менің зор сүйіспеншілікпен баптап өсірген алуан гүлдерім де сенің жан жараңды жаза алмады. Әттең!..»

* * *
– Аға, бүгін қанша гүл әкелдіңіз?
– Өзіңнің берген тапсырысыңды түгел әкелдім.
– Бұрын тапсырыстан бөлек, өзіме де гүл сыйлап кетуші едіңіз ғой.
– Кешір айналайын, бүгін есімнен шығып кетіпті.
– Аға, бір апта болды келмей кеттіңіз. Кеше телефон шалып, тапсырыс бермесем бүгін де келмес пе едіңіз?
– Жоқ. Енді айтқан тапсырысың бойынша уақытында жеткізіп тұрамын.
– Аға, сізге не болған? Тіптен көңілсізсіз ғой. Көктем келді, елдің бәрі көңілді, ал сіз…
– Менің көктемім келмеске кетті. Енді көңілімді жадыратар гүлімді де іздемеймін. Өйткені ол мені қалдырып кетті. Оралмас сапарға аттанды.
Дүкенші қыздың сұрақтарына селқос жауап қатып, көлігіне мінді де келесі дүкенге қарай аяңдады. Гүл сатушы жұпар аңқыған раушандарға бұрынғыдай сүйіспеншілікпен қарамайды. Селқос қимылмен тек күнделікті міндетін ғана атқарып жүр. Ол риясыз сүйген әсем гүлдерін суық қабір басында қалдырған…
– Аға, гүліңіз бар ма?
– Жоқ. Менің гүлдерім таусылып қалды…

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.