"Кәсіпкерлік"

Гүлбегі Мавлюда

Written by Aray2005

Әдетте, біз көктемде ғана қыр қызғалдаққа, айнала көк майсаға оралғанын көргендіктен гүлді осы мезгілде өседі деп ойлаймыз. Алайда жыл он екі ай бойы құнарлы топыраққа тұқымын сеуіп, екіқұлақтанып шыққан өскінін баладай баптап, әрқайсысын жекелеп отырғызып, жайқалып кеткенінше жұтатын ауасына дейін бақылап күтетіндер бар. Солардың бірі– Мавлюда Конурбаева. «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-ның «Гүлзар» жылыжайында меңгерушілік қызметін атқаратын ол гүлдің бізге беймәлім «тілін» де ұғады.

Табиғат тынысын тап басуды М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Биология» факультетінен меңгерген Мавлюда Ирисалиқызы осы мамандығы бойынша колледж студенттеріне сабақ берді. Зертханада жұмыс істеп, үйренгенін іс жүзінде шыңдай түсті. Сәтін салып 2015 жылы осы «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Гүлзар» жылыжайына жұмысқа келеді.
– Бастапқыда мұнда жұмысшы болып келіп, гүлдің тұқымын сеппей тұрып топырағын қалай баптайтынынан бастап, оның жайқалған сәтіне дейінгі күтімін жасап, жылыжайдағы еңбектің қыр-сырын түгел үйрендім. Кейін бригадир, содан соң шебер болдым. Сірә, еңбегімді басшылықтың бағалағаны болар, биылғы жылдың басында жылыжайдың меңгерушілігіне тағайындады. Бұдан бұрын 3 жылы­жайымыз бар еді. Биыл олардың қатары жетеуге артып, қазір барлығы
10 жылыжай алуан түрлі гүлдерге толды. Негізінен цинния, целозия, тагетес, питуния және оның шабо, канна секілді түрлерін егеміз. Мысалы, шабо мен циннияны Тараз қаласына биыл алғаш рет отырғызудамыз. Жыл сайын 1 миллион данадан астам гүл өсіріп, көктемде қала көшелері мен саябақтарға отырғызамыз, – дейді гүл өсіруші.
М.Конурбаеваның айтуынша, алдымен тұқымды сенімді жерден сатып алған сәтте арнайы зертханада ешқандай кеселі жоғын тексереді. Содан соң оны себетін топырағы дайындалады. Орманнан қарашірік әкелініп, топырақ құнарландырылады. Оған себілген тұқым 1-2 аптадан кейін қосқұлақтанып, жас өскін бой көтереді. Оның жұтатын ауасы мен мезгілінде су ішуін қадаға­лап отырып, төртқұлақтанған сәтінде жекелеп отырғызылады.
– Гүл де қыз бала секілді еркелет­кенді, көңіл аударғанды және жарықты сүйеді. Күн көзі көрінбейтін бұлтты кездері электр қуатымен жарықтандырамыз. Гүл өскен жерде жақсы әңгімелер айтылып, жағымды аура орнаса, барынша әдемі өседі. Және оларды суғарғанда да суды қалай болса солай құюға болмайды. Суғарудың екі тәсілін қолданамыз. Үстінен арнайы аппаратпен бүрке шашып және су құйылған үлкен астауға гүлдерді ыдысымен қою арқылы суғарылады. Бұлар күніне 2 рет су ішеді. Суына да қажетті дәрумендер қосып, алдын ала әзірлейміз. Міне, осындай күтіммен өскен гүлдер аулаға, көше бойына 10 сәуірден бастап отырғызылады. Олар қар түскенге дейін қалаға көрік беріп, ауаны тазартып тұрады. Ол гүлдерден қазан айында тұқым жинап аламыз. Сөйтіп, келесі маусымға әзірлейміз. Ал қызғалдақты сәуірден бұрынырақ сыртқа отырғыза беруге болады, – деп гүл өсіру процесімен таныстырған Мавлюда Ирисалиқызы бұл істе еңбекқорлық қажеттігін көрсетті.
Алуан түске боялған әсемдігімен көзді қызықтырып, көңілді өсіретін гүлдің адам денсаулығына да пайдасы көп екен. Арнайы зерттеулер нәтижесі гүлдің көрікті пішіні, түсі көзбен көру арқылы ағзаның жұмысын жақсартатынын анықтапты. Мәселен, сары түс зат алмасу қызметін жақсартып, орталық жүйке жүйесінің жұмысын реттеп, иммунитетті көтереді. Қызыл түс мидың психикалық белсенділігін арттырады, шаршауды басады. Қандағы адреналинді көтеріп, адамға күш-қуат береді. Ал жасыл түстісі ойлау қабілетін жақсартып, кері энергияны қуып, адамдағы қорқынышты басады. Гүлдің исі де жүйке жұмысына оң әсерін тигізеді.
Адамға берер пайдасы мол гүлді өсіріп, көшемізге сән беріп жүрген бағбандардың еңбегі ерен. Биолог маманның айтуынша, жүйкеңіз жұқарып, әлденеге ашулансаңыз немесе шаршасаңыз гүлмен сөйлесіңіз. Сырласыңыздың «тілі» болмағанымен сізге берер әдемі әсері мол.

Қамар Қарасаева

ПІКІР