Гүлдің бабын білген пайдаға кенеледі

0 13

Жамбыл ауданындағы «Азамат» қожалығы гүл өсіріп, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуде. Осы уақытқа дейін қияр, қызанақ егумен айналысқан кәсіпкер биылдан бастап гүл өсіруді қолға алып отыр.

«Азамат» қожалығының жылыжайында саябақтар мен аулалардың сәнін келтіретін петуния, барқытгүл, сальвия, целозия, циния, портулак гүлдерінің 700 мыңға жуық түрі бар. Кәсіпкер жиырмаға жуық азаматты жұмыспен қамтып келеді. Гүлді табыс көзіне айналдырған бағбан отбасының мүшесі, шаруашылық менеджері Нұржан Көпбосынов мемлекеттен несие алғанын айтады.
– Жылыжай 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Нысанға «Қазагроқаржы» арқылы шағын несие беріліп, қаржыландырылған болатын. Жоба құны 135 миллион теңгені құрады. Гүлдерді күтіп-баптайтын жұмысшыларымыз бар. Жұмысшылар бұған дейін де көкөніс өсіргенде қолғабыс етіп, нәпақаларын алатын. Қала көшелері мен аулалар, саябақтардан бөлек, ғимараттардың да ішін көріктендіру біздің салаға тиесілі. Сол себепті біздің қорымызда 100-ден аса сорт бар. Қалауын тапса, табысты кәсіп деп ойлаймын, – дейді «Азамат» шаруа қожалығының менеджері Нұржан Көпбосынов.
Кәсіпкер топырақ тектес құнарлы торфты Ресейден алған. Ал гүл ұрықтары Голландиядан жеткізіліпті. Шаруашылық жылыжайы қала сыртында орналасқан. Аумағы 1 гектар. Көбіне біржылдық өскіндерді өсіреді. Биылға шамамен 700 мыңға жуық түп гүл егіліпті. Бағасы орта есеппен 80 мен 100 теңге аралығында. Қазіргі уақытта жылыжайда жұмыс қызған. Гүл өсіру кәсібін дөңгелетіп отырған азамат алдағы уақытта өнім пайда әкелсе гүл түрін көбейтіп, көкөніспен қосымша гүл шаруашылығын да жүргізу жұмысын көздеп отыр. Алдағы уақытта көздің жауын алатын жылыжайда өсірілген неше түрлі бұл гүлдер қаланың көркіне көрік беріп, ажарын аша түспек.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.