Ғаламның рақым нұры – Мұхаммед пайғамбар

0 14

Осыдан он төрт ғасырдан астам уақыт бұрын қараңғы түнек басқан жер бетіне рақым мен мейірімнің жарық нұрын шашып Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) келген Рәбиғул-әууәл айы ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүние есігін ашқан ай болғандықтан мұсылмандар арасында «Мәуліт айы» ретінде ерекше орынға ие. Себебі, пайғамбар барша адамзаттың екі дүниелік бақыты үшін өз өмірін қатерге тігіп, көптеген қиыншылықтарды бастан өткерді. Өмірі мен бар байлығын үмметінің жолында сарп еткен алып тұлғалы пайғамбар адамзат баласына барлық жағынан үлгі-өнеге болды. Алла Тағала Құранда ол жайлы былай деген: «Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақирет күніне бар үмітін артқан һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят).

Пайғамбар жас күнінен әділдікті, туралықты ұстанып, барлық адамның сенімін алғандықтан пайғамбарлық келмей тұрып та халық арасында «сенімді Мұхаммед» (Мухаммадул-әмин) аталған болатын. Пайғамбарлық келген күннен бастап адамзатты жақсылыққа шақырып, жамандық істерден қайтара бастады. Өзінің өнегеге толы насихатты сөздерінде мұсылмандарға, адамзатқа жалпы барлық тіршілік иесіне пайдалы болатын іс-әрекеттер мен амалдарды, көркем мінездерді қалдырып кетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің бір хадисінде: «Расында мен көркем мінез-құлықтарды толықтыру үшін ғана жіберілдім», деген болатын.
Пайғамбар адамдарды өзара бауырмашылдыққа, сүйіспеншілікке, қайырымдылыққа, мейірімшілдікке, туралыққа, жанашырлыққа, өзара татулыққа, адамгершілікке шақырып, әртүрлі әлеуметтік топтардағы адамдар арасын жарастырып, қоғамда тепе-теңдік орнатты. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, байға ынсапты, кедейге сабырлы һәм қанағатшыл болуды, басшыға әділ, қызметкерге адал болуды, әйелі күйеуін, күйеуі әйелін құрметтеуді, көршіге мейірімді, жетімге қамқор болуды, ата-анаға бағынуды, туыс-туғанмен байланыс үзбеуді, жақсылықты насихаттап, жамандықтан қайтаруды, ешкімнің ала жібін аттамауды тағы да басқа көптеген қоғамдағы өзекті мәселелерді орындауға шақырды. Қысқаша айтқанда адамдарға іс-әрекеті, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы тұрғысынан үлгі-өнеге болып, нағыз мұсылманның тұлғалық бейнесін қалдырды. Жәбир ибн Абдулла жеткізген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Араларыңда мен үшін ең сүйкімділерің һәм қиямет күні маған ең жақын болатындарың мінезі өте көркем болғандарың». Олай болса, пайғамбар өз бойында көркем мінезді көрсетіп, үлгі болып ғана қоймай, көркем мінез-құлық иесі болуға шақырған, қызықтырған.
Қазіргі таңда әлемде қанша мұсылманның көздері пайғамбардың мүбәрак бейнесін көрсем деп, құлақтары оның мүбәрак даусын естісем деп, қолдары пайғамбардың аялы алақанын ұстасам деп ынтығып жүргені ақиқат. Қалайша сағынбайсың, сағынасың. Себебі, «үмметім, үмметім» деп біз үшін барлық қиындықты бастан өткеріп, біздің екі дүниенің бақытына қол жеткізуіміз үшін баға жетпес қазына саналатын Құран мен өзінің насихатты сөздерін қалдырып кетті. Біз пайғамбарды көрмесек те, оған иман келтіреміз. Оның айтқандарын орындаймыз, соңынан ереміз һәм оны сағынамыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да бізді сағынған болатын.
Бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с) көзі жасаурап жылайды. Сонда жанында отырған сахабалар одан: «Уа, Алла елшісі! Неге жылап отырсыз? Не нәрсе сіздің көңіл-күйіңізді түсірген?», деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с) оларға: «Мен бауырларымды қатты сағындым», деп жауап береді. Сахабалар: «Уа, Алла елшісі! Біз сіздің бауырыңыз емеспіз бе сонда?», деп таңданып сұрайды. Сонда пайғамбар (с.ғ.с): «Жоқ, сендер менің сахабаларымсыңдар. Ал менің бауырларым болса, мен дүниеден өткеннен кейін келетін қауым. Олар мені көрмесе де маған иман етеді (сенеді)», деп жауап береді.
Сөз соңында пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сағынышына лайықты мұсылман болып, оның қалдырып кеткен насихаттарына құлақ асып, бұйрықтарын орындап, қайтарған тыйымдарынан қайтуымыз керектігін айтып өтейін. Уа, барша әлемге нұр шашқан, барша көркем мінез иесі сүйікті пайғамбар! Біз сені сағындық!

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша өкіл имамы

Leave A Reply

Your email address will not be published.