Ғалымдар адамдарды зомбиге айналдырудың жолын тапты

0 4

Адам өлгеннен соң организмдегі барлық жүйе өз қызметін тоқтатады деген медициналық түсінік бар. Жүректің соғуы тоқтап, оттегінің қан арқылы өзге ағзаларға жету жолы жабылады. Алайда жуырда ғалымдар мидағы кей жасушалардың адам өлген соң тек өз функциясын орындап қана қоймай, сонымен бірге өлі тіндегі өз генінің экспрессиясын, яғни белсенділігін айтарлықтай арттыратынын анықтады. Осылайша ғалымдар адам өлгеннен кейін оны зомбиге айналдыру жолын тауып отыр.

Мұндай таңғаларлық жаңалықты Чикаго қаласындағы Иллинойс университетінің (University of Illinois at Chicago) ғалымдары ашты.
Аталған америкалық жоғары оқу орнындағы адам миының тіндерін сақтайтын биорепозиторияның болуы бұған түрткі болған.
Ғалымдар бұл бағытта ең алды­мен ота жасалынған адамнан сылып алынған тін мен репози­тория­да жатқанынан 12 сағаттан артық уақыт кеткен тіннің арасын­дағы айырмашылыққа назар аударған. Ескі тіндегі кей гендердің экспрессиясының жоғары екенін байқаған. Осыдан кейін бұл құбылысқа өте мән беріп, зерттеуге кіріскен.
«Біз бұл тіндерге симуляция жасап, ондағы барлық геннің экспрессиясын өлгенінен 24 сағатқа дейін уақыт өткенше қадағалауды ұйғардық. Ол үшін біз үй температурасы жағдайында қалдыруды жөн көрдік», дейді аталмыш зерттеуге атсалысқан Джеффри Лёб.
Бұл тіндердегі гендердің көп бөлігі 24 сағат ішінде өз қызметін өзгертпеген. Ал нейрондағы гендер адам өлгеніне бір сағат өтпей жатып дегредацияға ұшырай бастаған. Керісінше «зомби гендер» адам өлген соң өзінің белсенділігін арттырған.
Ғалымдар артынан анықтағандай, бұл гендер мидағы қорғаныс қызметін атқаратын глиалды жасушалармен байланысты болып шыққан. Мұндай белсенділікті ғалымдар «Глиалды жасушалар немесе нейроглия ми жарақат алғаннан кейін ғана қызметіне кіріседі. Олар миды өлген жасушалардан тазартады», деп түсіндіруде.
Бұл тарапта жүргізілген тәжірибе нәтижесі көрсеткендей, нейроглия тін өлген соң өсіп, 24 сағаттан соң белсенділігі жоғалып, өзін қоршаған өлі тінге «сіңіп» кетеді.
Бұл жаңалық несімен құнды? Ғалымдар аталмыш жаңалықтың өз кезегінде адамның жүйке тінін зерделеудің тәсілін өзгертуге мүмкіндік беретінін алға тартып отыр. Сондай-ақ адам өлгеннен кейін де тіршілігін жалғастыра алатындығына жол ашылуда. Яғни алдағы уақытта өлген адамды қайта тірілту қиял ғана емес, шындыққа жанасатын секілді.

Саян Тілеужан

Leave A Reply

Your email address will not be published.