Ғалымжан балуан күміс белбеумен оралды

0 16

Жаса, Жамбыл спорты! Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен оныншы мәрте ұйымдастырылған «Қазақстан Барысы» турнирінде жампозымыз Ғалымжан Қырықбай жасындай жарқырады. Айтулы аламанда абыройымызды асқақтатқан балуанымыз жүлделі ІІ орынға ие болып, айды аспаннан бір-ақ шығарды.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында алауы тұтанған дүбірлі доданың ашылу салтанатына Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Барысы» турнирінің қатысушыларына арналған құттықтау сөзін оқыды.

«Қадірлі спортсүйер қауым, құрметті балуандар! Баршаңызды «Qazaqstan Barysy» турнирінің басталуымен құттықтаймын. Қастерлі тәуелсіздігіміздің мерейлі жылында, Елорда күнінің қарсаңында күш атасы Қажымұқанның 150 жылдығына орай өткізіліп жатқан бұл сайыстың символдық мәні зор. «Qazaqstan Barysy» турнирі халқымыздың ежелден келе жатқан төл өнері – қазақ күресін егемендік кезеңінде қайта жаңғыртты. Бұл сайыс бабалардың батырлық рухы мен жауынгерлік шеберлігі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын аңғартады. Соңғы жылдары кең қанат жайып, жан-жақты дәріптеле бастаған қазақ күресі қарқынды дамуда. Оған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін «Qazaqstan Barysy» республикалық турнирі зор үлесін қосып келеді», делінген Президенттің құттықтау сөзінде.
Биыл оныншы мәрте ұйымдастырылып отырған аламанға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыстардан 37 балуан қатысты.
Әлемдік пандемияға байланысты барынша сақтық шаралары ескеріле ұйымдастырылған балуандар бәсекесінің ақтық айналымына жерлесіміз Ғалымжан Қырықбай еш қиналмай жетті. Финалда Шығыс Қазақстан облысының балуаны Дәурен Нұралиновпен күш сынасқан Ғалымжан негізгі уақытта дес бермеді. Тек белбеу сайысында әдіске түсіп қалып, қолда тұрған алтыннан айырылып қалды. Қола белбеу маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповқа бұйырды.
Жеңімпаз атанған балуанға әдеттегідей 25 000 000 теңге және алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «тайтұяқ» табысталса,
ІІ орын иеленген жерлесіміз Ғалымжан Қырықбай 5 500 000 теңгеге ие болды. Үздік үштікті түйіндеген балуан 1 800 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.
Жалпы Ғалымжанның бүгінде талабы тау қопарардай. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті соңғы жылдары әлемдік додаларда атой салып, талайды таңғалдыруда.
Облыс мерейін асқақтатқан балуанды күні кеше жамбылдық жанкүйерлер «Әулие-Ата» әуежайынан күтіп алып, құрмет көрсетті. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков бастаған топ толағайды гүл шоқтарына көмкеріп, ізгі тілектерін жолдады. Нұрбол Әбдімажитұлы Ғалымжанның жас та болса бүгінде өңір намысын байрақты бәсекелерде қорғап жүргенін айрықша атап өтіп, оның жеңісі бүкіл Жамбыл спортының жеңісі екенін баса айтты.
Ал Ғалымжан Қырықбайдың осы дәрежеге жетуі үшін ұзақ жылдар бойы тер төккен жеке бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақтияр Ақбергенов шәкірті келер жарыста алтын белбеу алатынына нық сенім білдірді.
Келесі сөз кезегін алған «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев жүрекжарды тілегін білдіре отырып, Ғалымжанға облыстағы балуан ағаларының атынан сәйгүлік мінгізді.
Өз кезегінде жампозымыз жамбылдық жанкүйерлердің ыстық ықыласына алғысын білдіріп, әрдайым намысты қолдан бермеуге күш салатындығына уәде етті.
Бұл күні «Қазақстан Барысы-2021» турнирінің күміс жүлдегері Ғалымжан Қырықбайды Дулати университетінің ректоры Талғат Ильясұлы да қабылдап, құрмет көрсетті. Ректор облыс мәртебесін көтеріп, ел мерейін асқақтатқан Ғалымжанды жеңісімен құттықтап, толағай табыстар тіледі!
Міне, осылайша Жамбыл жерінде жеңістің жалауы қайта желбіреді. Бейбіт Ыстыбаевтай апайтөс балуаннан кейін «Қазақстан Барысында» топ жаратын балуан енді қашан шығар екен деп көпшілік үмітпен қараған. Енді қазақ күресінің ертеңі Ғалымжан Қырықбай екені анық аңғарылып тұр.
Ендеше, жеңіс құтты болсын! Жамбыл күресінің жұлдызы әрдайым биік болғай!

Саян Тілеужан

Leave A Reply

Your email address will not be published.