Ғалымжан мен Айболға сенім артамыз

0 12

Тәуелсіздік таңы тудырған теңдессіз спорт додаларының бірі – «Қазақстан Барысы» турнирі екені белгілі. Елбасы жүлдесі үшін балуандар сынға түсетін бәсеке 2011 жылы тұңғыш рет ұйымдастырылғанда келешегіне күмәнмен қарағандар болған. Алайда жыл өткен сайын «Қазақстан Барысы» турнирі ұлттық спортсүйер қауым үшін үлкен мерекеге айналды. Әр жылда кіл мықтылардың ішінен шын дүлдүлдер дараланып шығатын айтулы аламанның биылғы облыстық іріктеуі де тартысқа толы болды.

Биыл оныншы мәрте түндігін түрген турнирдің өтуіне облыс әкімдігі мен «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалы ұйытқы болып, іріктеу бәсекелерінің алауы «Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының» спорт кешенінде тұтанды. Оған 22 спортшы қатысып, жан алысып, жан беріскен белдесулер көрсетті. Әсіресе Айбол Айтбек, Ғалымжан Қырықбай, Абай Ерболұлы және Дәулетхан Жақыповтардың өнері көпшілікті сүйсіндіргені анық. Бұл аламанда Дәулетханның жолы болмағанын ашып айту керек. Ал мойынқұмдық Абай бұған дейін де өз талантын танытып келе жатқан балуан. Соңғы екі-үш жылдың бедерінде аудандық іріктеуде қарсылас шақ келтірмеуде. Сондықтан оның болашағы алда екеніне бек сенімдіміз. Ал ақтық айналымда күш сынасқан Айбол Айтбек пен Ғалымжан Қырықбайдың тіс қаққан спортшылар екені белгілі. Сондықтан екі балуан кездесу бойы бір-бірін ала алмай, адымдарын аңдысып жүрді. Десе де Айболға қарағанда жас әрі денелі Ғалымжанның бұл жолы бағы жанып, қарсыласынан басым түсті. Естеріңізде болса, Ғалымжан 2019 жылы Универсиада алтынын да олжалап, абыройымызды асқақтатқан болатын. Енді оған республикалық турнирде облыс намысын қорғау міндеті тұр. ІІ орын иеленген Айбол да жарыс ережесі бойынша ел біріншілігінде бақ сынай алады. Үздік үштікті түйіндеген Абай Ерболұлына тағы бір жыл шеберлігін шыңдауға тура келеді.
Жалпы он жылдық тарихта «Қазақстан Барысы» турнирімен қатар, «Еуразия Барысы» мен «Әлем Барысы» атты байрақты бәсекелер де жалауын желбіреткені белгілі. «Еуразия Барысына» алғашқы жылдары Польша, Қытай, Түркия, Моңғолия елдерінің балуандары қатысса, кейіннен бұл додада бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдердің мықтылары да бақ сынады. Ал «Әлем Барысы» аламанының алауы жоғарыда аталған екі турнирден кейін тұтанғанымен, бүгінде «Әлем Барысы» атағына алыстағы Бостандық аралының балуандары да таласуда. Бұл қазақ күресіне деген әлем елдерінің қызығушылығы мен құрметін көрсетіп тұрғаны айқын.
Әлемдік пандемияға байланысты аталған турнирлердің биылғы тағдыры қалай болатындығы белгісіз. Ал «Қазақстан Барысы» шілде айында әр облыстың мықтыларының басын Нұр-Сұлтан төрінде түйістіреді деп күтілуде. Бұл додада Ғалымжан мен Айболдың тілеуін тілеп, тақым қысамыз.

Саян Тілеужан

Leave A Reply

Your email address will not be published.