Ғасыр жасаған аналарға құрмет

0 0

Халқымыздың ең орнықты, оралымды ойға жетелейтін, мағыналы қағидасының бірі – үлкенге құрмет көрсету. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа бастаған өңір жастары, мерейлі мереке күні қарсаңында аймаққа еңбегі сіңген һәм ғасыр жасаған ақ жаулықты аналарды арнайы құттықтап шықты.

Науан наурыз береке мен мерекеге толы ай. Ал Табиғат Анамен бірге тіршіліктің тізбегін тектілікке жалғап келе жатқан аналар барда өмірдің әр күні мереке десек асып айтқандық болмас. Сондықтан қашанда ырыс-құттың ұйытқысына телитін нәзік жандылардың мерекесі мейірім мен махаббаттың, сұлулық пен жылулықтың, ілтипат пен ізгіліктің салтанатты сәті.
Анашым!
Асыл анам, есіл анам,
Елжіреп есіркеймін, есіме алам.
Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді,
Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам, – деп мұзбалақ ақын Мұқағали жырлағандай, аналардың алдында әлем бесігінде тербелген әрбір адам баласы қарыздар. Мереке иелерінің басты кейіпкерлері де ақ жаулықты аналар екені анық. Бұрынғылардың сүрлеу сарынымен өмір көшіне ілескен бұрымдылардың да басты табиғи бағыты ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, жаулығын арына жалау ету. Ел ішінде қаракөздерімізге тәрбиенің қайнар көзі боларлық өнегелі аналарымыз жетерлік. Олар жанымыз нәзік екен деп, сын сағатта саңылау сағалаған жоқ, ел басына күн туғанда ермен бірге иық тіресіп, ел болашағын маңдай терімен суарды, ерлігімен есте қалды. Әрқайсысының өмір жолын ерлік дастаны дерсің. Ана алдындағы қарызды өтеу қаншалықты қиын болса, ананың ерлігі жайлы айтып тауысу да соншалықты оңай емес. Оны тек іспен жеткізу игіліктің игілігі. Осы ретте облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа Байзақ ауданына арнайы ат басын бұрын, ең алдымен мерейлі мерекені ғасыр жасаған аналарды құттықтаудан бастады. Алғашқы үлкен есік марлан далаға маңдай тері теңіздей төгілген Социалистік Еңбек Ері, жасы ғасырдан асқан Мәрзия Ибрагимованың шаңырағы болды. Балалық, жастық шағы ашаршылық пен сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген кейуана өзінің бастан кешкен оқиғаларымен бөлісіп, жас ұрпаққа ақжарма тілегін жеткізіп, ақ батасын берді. Бұдан кейін жастар 105 жастағы Райхан Шомаеваның шаңырағына ат басын бұрды. Тыл майталманы 1915 жылы 1 қаңтарда Тұрар Рысқұлов ауданы, Жамбыл кеңшарында дүниеге келген екен. Жолдасы Нəметқұл Шомаев 1913 жылы туған. Соғысқа дейін Байзақ ауданына қарасты Суханбаев кеңшарында есепші қызметін атқарған. 1942 жылы соғысқа қатысып, хабар-ошарсыз кеткен. Райхан әжей 1929 жылдан бастап Суханбаев кеңшарында еңбек еткен. Атап айтқанда, қызылша, жүгері, бидай егіп, адал һәм абыройлы қызмет еткен. 1 қыз 1 ұл тəрбиелеп, қазіргі кезде қос перзентінен 8 немере, 26 шөбере, 3 шөпшек сүйіп отыр. Соңғы жылдары кеңшарда сауыншы болып зейнетке шыққан асыл текті ананың өмір жолы әрбір өскелең ұрпаққа өшпес өнеге. Сол секілді байзақтық қарт ана Хадия Халилова да тыл майталманы. Саналы ғұмырын, салтанатты жастық шағын еңбекке арнаған жан. 17 немере, 22 шөбересі бар қарашаңырақтың қазынасы биыл 107 жасқа толады. Серікбол Қайратұлы бастаған, байзақтық белсенді жастар қостаған игі іс көңілге риясыз қуаныш ұялатты. Аналарға алғыс айтылып, гүл шоқтары беріліп, ғасыр жасаған аналардың ақ батасын алды. Сонымен қатар игі шараның шарапаты тәуелсіз Қазақстанды құру жолында еңбегі сіңген облыс азаматтары мен зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, спортшылар, құрылысшылар секілді тұлғаларға да тиді. Және Тараз қаласындағы перзентханаларда дүниеге нәресте әкелген жас аналарды құттықтап, гүлдер мен сыйлықтарын табыс етті.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.