Ғасырдан асқан ғақлия

0 15

Ғұлама Абайдың қара сөзі осыдан тура 130 жыл бұрын қағазға қонған. Жалпы ұлы Абайдың прозасы, яғни қара сөздер мұрасы қазақ халқы өзін-өзі тануының һәм тәрбиелеуінің қуатты құралы. Ол ұлттың киесі болып келді, бола да бермек. Оның сыры – Абай қалың елі қазағын жарқын да тура жолға сілтеді. Не жазса да түпкі мақсат осы. Жатса-тұрса соған қам жеген ақын: «Іште дерт қалың, Ауыздан жалын, Бұрқ етіп, көзден жас шықсын» дейді. Біле білсек, күллі ғақлия өстіп қайғырған, шерленген, жаны қиналған ұлт ұстазының қаламынан төгілген.

Негізінде баршамызға тағдыр мен тәлім әліппесі болған Абайдың «Ғақлия» атты кітабы жеті жылдың жемісі. Онда ұлтының мінез-машығы мен қам-қарекеті жан-жақты тергеліп, терең тексерілген. Демек, оны ұлт ұстазы Абайдың зерттемесі, ғалымдық еңбегі деуге керек. Қысқасы, кітап «Ғақлия» – қазақтың өз мінін өзі көретін, оны түзейтін ғажайып айнасы.
Құранда: «Қандай бір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді», – деген. Оқысын, өзгерсін, мінезін түзесін. Абайдың қара сөздері міне, осы ниеттен туған. Асыл мұраның бүгінгі күнге ескірмей, көнермей жетуінің сыры, кепілі осы екеніне адамзат түгіл, уақыттың өзі таласқа түсе алмас.
Бірақ кешегі саяси қыспақ уағында қара сөздер үсті-үстіне келіп, жаңаша жүйеленді, рет саны өзгерді, ол-ол ма, Абай кітабы төл атауын да жоғалтты. Негізінде абайтанушылардың пікіріне сүйенсек, Абайда прозалық кітап екеу. Көзі тірісінде біріншісі – кітап «Ғақлия», екіншісі – «Ғақлиат тасдиқат» (қысқаша «Тасдиқ») аталып, бөлек көшіріліп келген екен. Оған архив қорында сақтаулы Мүрсейіт Бікіұлының көшірме қолжазбалары куә. Бірінші қолжазба кітабына Абай 41 қара сөзін енгізіп, оған «Ғақлия» деп ат қойған, осы тұста арабтың «ғақлия» сөзі «ақылмен, оймен түсіну» деген мағына беретінін айта кетсек.
Абайдың екінші кітабы – «Тасдиқ», қазіргіше «38-ші қара сөз». Оның кітап «Ғақлияға» үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Неге десеңіз, ол пәлсапалық трактат. Оның тақырыбы, мазмұны, мақсаты, көлемі, жазылу стилі мен мерзімі мүлде бөлек.
«Қара сөзбен» айтатын өсиетіне Абайдың 1890 жылдан кіріскені аян. Дәлелге М.Әуезовтің: «Осы жылдан соң өлеңмен айтпақ болған сөздерінің талайын қара сөз үгітіне айналдырып жіберген» деген пікірін келтірсек те жеткілікті.
Егер «Ғақлия» кітаптың алғашқы парағы 1890 жылы ашылса, оның даяр болғаны қай жыл? 1897 жыл деуге негіз бар. Оған Абайдың бір жасқа толмай-ақ асырап алып, бәйбішесі Ділдәнің бауырына салған немересі Уәсилә Мағауияқызының (1890-1954) естелігі сәуле түсіреді. Абай балаларды оқуға жеті жасында береді екен. «Мен де сегіз жасқа шығарымда оқыдым» дей келе: «Әлі есімде, бір күні біздің оқып отырған үйімізге әкем (Абай) келді. Әкем молдаға қарап, балаларға мына бір кітапты әкелдім. Бүгіннен бастап осы кітапты оқыт деді. Кейіннен байқасам, сол кітап әкемнің «Ғақлия» атты қара сөзбен жазылған кітабы екен» – деп жазады Уәсилә. Бұл жерде «сегіз жасқа шығарымда» деп Уәсиләнің көрсетіп отырғаны – 1897 жыл.
Тағы М.Әуезовке жүгінейік: «1896 жылдан бастап, Абай барлық шығармаларын жинастырып, көшіруге ұйғарады». Ал енді 1896 жылы Абай «барлық шығармаларын жинастыруға» неліктен кірісті? Бұл «Ғақлия» кітабын еңсерген хәкімнің қарекеті шығар, бәлкім.
Сонымен, қолда бар дерек-дәйектер Абай «Ғақлия» кітабын 1890 жылы бастап, 1897 жылы толық аяқтап шыққан деп тұжырымдауға мүмкіндік береді.
Қара сөздер алғаш 1933 жылғы толық жинақта жарияланған. Бірақ олардың рет саны өзгеріске ұшырағаны да тап осы жинақ. Оған 1930-жылдардағы атеистік көзқарас өз әсерін тигізгені анық. Бұл уақытта Абайдың «Ғақлиқат-тасдиқат» атты екінші қолжазба кітабын қаз-қалпында жариялау – өзіңе өзің ату үкімін шығарумен пара-пар болған дейді абайтанушылар. М.Әуезов «Тасдиқ»-ты өзге қара сөздердің арасына «38-ші қара сөз» деген атаумен кіріктірген екен. Бұл азаматтық ерліктің үлгісі еді. Абайдың ең көлемді сөзі бүгінге осылай аман жетті. Тұңғыш толық жинақта қара сөздердің рет саны осындай себептен өзгертілген көрінеді.
Қорыта айтқанда, қара сөздердің шынайы рет санын М.Әуезов 1933 жылғы толық жинақта өзгертуге мәжбүр болған. Бұл Абайдың қос кітабы да төл атауын жоғалтты деген сөз.
Бәлкім, қара сөздердің рет санын Абайдың өзі емес, көшірген адамдар қойған шығар? Мұндай ой тумауға тиісті «Ғақлия» кітабы Абайдың көзі тірісінде көшіріліп, көпке таралып отырған.
Ол Абайдың өзі «Ғақлия» деп ат қойған кітапқа енген 41 сөздің ең көлемдісі. Онда ойшыл екі келелі мәселені көтерген. Біріншісі – біздің қазақ қайтсек өнер, білім жолын таппақ, қайтсек егін, сауданы керек қылмақ деген, екіншісі – елді билеп, басқарудың тиімді жолы қайсы деген. Ойшылды толғандырған қос мәселе осы.
Қазақ ұлысын өзге халықтармен теңестіретін құдірет – «егін, сауда, өнер, ғылым» дейді Абай. Осыған көзі жеткен кезден ақындық қызметке шындап кірісіп, қазаққа төнген надандық бұлтын ыдыратуға бар күш-қуатын сарқа жұмсағаны аян. Енді, ең алдымен, билік тақырыбын көтеруі заңды. Себебі, ол халықты тығырықтан алып шығар құдіреттің бірі. Қаршадайынан ел жұмысына араласқан, биліктің оңы мен солын жақсы біліп, мол тәжірибе жинақтаған Абай 1-сөзінде: «Осы қазақ халқының осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң, менің ойыма келеді» (3-сөзі) дей келе, билікке қатысты әлі күнге өз өміршеңдігін жоғалтпаған нақты ұсыныстарын ортаға салған.
Бір қызығы, қысқа ғақлиясының бірін (19-сөзі) кемеңгер «баб» деген. Қазақтың өрісті жолға шығуы Абайдың арманы, басты миссиясы болды.
Абай қалам тербеген тақырып мол. Баршасы нақты да қысқа түрде. Әрбірі, тағы бір айтсақ, «ел қатарына кірсек» деген ұлы мұратқа көтерер бір-бір басқыш сияқты. Ойшыл көбіне-көп адамның мінез-құлқын талдап, қам-қарекетін екшеп, тексереді. Онымен шектеліп қалмай, фәни өмірдің сырын ұқтыруға күш салады. Өсиетін, бір жағынан, қызықты, күлкілі, ұғымға оңай ғып, екінші жағынан, араб, парсы сөздерін кіріктіре, салмақ сала айтады.
Абай көпшілікпен әңгімелескен жиын, сұхбаттарда өзінің көңілін алаң қылған мәселелерді ортаға салып, артынша сол ой-толғауларын ақ қағаз бетіне түсіріп отырған.
«Шығармаларда Абай өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе-жүз кездесудегі мәслихат, кеңес құрып отырған ұстаз тәрізденеді», – дей келе, М.Әуезов пікірін былайша түйеді: «Өзінің адамгершілік, әлеуметшілдік, ағартушылық ойларын айтуда Абай педагогикалық жақсы әдісті қолданады. Оңайдан қиынға қарай, жақыннан жыраққа қарай, қызықты, күлкілі жайдан үлкен толғаулы қорытындыға қарай біртіндеп жетектейді. Сатылап отырып, үгіт-насихат асырады».
Осы пайымға ой үндестірсек, алдыңғы топтағы 11-ші сөзінде Абай есер кісілер мен есті кісілерді салыстыра келіп: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деп кеңес береді.
Осы сияқты ғылым сарасын табуға қатысты айтқан ақыл-кеңестері Абайдың өз басының тәжірибесінен екеніне ешкім таласа қоймас.
Сонымен, қара сөздердің ортаңғы тобы, яғни 15-25-сөздер арасы талапты шәкірт жастарға арналған. Оларға есті де өнерлі, білімді адам болу, сол сияқты ғылым табу үгіті басымырақ.
Тағы бір айта кетерлік жайт, «Насихат» деген атпен, қазіргіше 37-сөзге топталған Абайдың нақыл-афоризмдері. Олардың бір бөлігі ұстаздың шәкірт достарына ғибрат алсын деп айтқан ұлағатты сөздері. Мысалға:
Досы жоқпен сырлас,
Досы көппен сыйлас.
Қайғысыздан сақ бол,
Қайғылыға жақ бол, –деген афоризмді айналасындағы жастарға айтқан жалынды кеңесі екені айдан анық.
Қорыта айтқанда, «қара сөздер» – қазақтың рухани қамшысы, мәңгілік қазынасы. Есеңгірегенде ес жиғызатын, имендіретін киелі қамшы. Абайдың сыр сандығы, тәрбиелік бойтұмарымыз – қара сөздердің алғаш жазылағанына да биыл тура 130 жыл толып отыр. Бұл сөз құдіретінің мәңгілігімен салыстырғанда қылдай қысқа мезет. Бірақ осы уақыт аралығында хәкімнің қара сөздері баға жетпес мұраға, халықтың сарқылмас жан азығына айналды. Мыңдаған жыл өтсе де қадірін жоғалтпайтын, құнын жоймайтын қара сөздер қашанда жанымызда, жадымызда болғай!

Айсана Нұрбап

Leave A Reply

Your email address will not be published.