"Шабыт"

Ғасырлардың ғазалы еді – Тараз қарт, Сезімдерді селт еткізді «Авангард»!

Written by Aray2005

Жарық жылдамдығының жалына жармасып, алабұртқан адам жанының сан алуан сергелдең сезімдерін сертті жырға серік еткен жамбылдық жас ақындардың тәуелсіз, яғни ешқандай шартты шектеулерге шідерленбей, шалқар шексіздікке рухы самғаған, жаңаша ойлайтын, жаһандық көзқараспен дүниеге һәм келешектің көкжиегіне көз жүгірткен поэзия перілерінің үшінші «Авангард» кеші өтті. Таланттар тоғысып, асау сезімнің аялдамасына, аққу көңілдің айнадай айдынына айналған «Авангардтың» бұл кеші Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Есіңе мені алғайсың» деген тақырыпта ұйымдастырылды.

Мұзбалақ ақынның туған күніне орай ұйымдастырылғандықтан ақпандағы «Авангард» Мұқағали Мақатаевтың алтын қордағы өз даусымен оқыған «Есіңе мені алғайсың» өлеңімен басталды. Және шарада жас ақындардан бөлек, жан дүниесі жырға шөліркеген, өлеңсүйер қауым мен тіл, жыр жанашырлары, сазгерлер мен суретшілер де төбе көрсетті. Аға буын толғанып, тілеулестік білдірсе, кейінгі буын жанартаудай отты жырларымен көңіл марқайтты.
– Әрине, талантты жастардың бұл бастамасы жүректі тебірентіп, риясыз қуанышқа бөлейді. Өкінішке орай, біздің жас кезімізде мұндай орта болған жоқ. Қазір осы талантты жастардың шығармашылығымен сусындап отырып, өзіміздің жас күнімізді еріксіз еске алдық. Жас ақындардың қай қайсысы да талантты. Сондықтан шығармашылықтың, поэзияның шыңына ұмтылған жастардың бастамасына шын жүректен тілектеспін, – деді кеш барысында алғаш сөз тізгіндеп, лебізін жеткізген ардагер журналист Бекет Момынқұл.
Әрине, әдеби сазды кеш барысында осы тақылеттес игі тілектер де жаңбырша жауды. Мәселен облыс әкімінің кеңесшісі, шығармашыл жастардың жанашыры Жасұлан Әбдіхалық адам мен адам қызметтес, белгілі бір себептер немесе басқа да жағдайлар бойынша байланысқаннан гөрі, осылай рухани туыстықтың қалыптасуын жақсылыққа балап, күнделікті жұмыс барысында жүрек қарайып қалмас үшін көңіл сергітіп, поэзиямен сусындаудың игілігі мол екенін айтып, әр жүрек «Авангардтан» іздегенін тауып отырғанына қуанышты екенін зор ықыласпен жеткізіп, жуырда ғана «Жүрек хаттары» деген жыр жинағы жарық көрген ақын Данияр Әлімқұлдың «Абадан» атты жалынды жырын оқып берді. Бұл кешке Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, ақын Хамит Есаман да арнайы келіп, қатысты.
– «Авангардтың» осымен үшінші кездесуі бола тұра, жас ақындардың арасында үлкен қызығушылық тудырғаны көңіл қуантады. Сондай-ақ «Авангардтың» әр кеші ерекшеліктерге толы. Осы кездесудегі тағы бір ерекшелік, ол – шараның Мұқағали ақынның туған күніне арналуы. Бұл бастаманың тұңғыш рет Тараз топырағында өтуі, бастау алуы, оның осындағы жүрген талантты қыз-жігіттердің идеясынан туындағанына расымен қуаныштымын. Әр мамандықтың иесі болса да өзінің туған елінің әдебиетін сыйлайтын, құрметтейтін азаматтар, аға буын, замандастар мен іні-қарындастардың қатысып отырғаны да руханиятымыздың бір жемісі. Сондықтан, «Авангардтың» келесі дәстүрлі кешіне өз тарапымнан қолдау көрсетуге ниет білдіріп отырмын, – деп Хамит Ерболатұлы өзінің «Шабытты шақ» деген өлеңін оқыды.
Бұдан кейін кешті жүргізіп отырған, «Авангардтың» инициаторы, жас ақын Арайлы Жақсылық кештің мақсаты, әлемге танымал классиктердің жеке өмірі, ұстанымдары туралы сөз арасында әңгіме өрбіте отырып, қаламдас, замандастарына тізгін, өлеңге кезек берді. Жалынды жамбылдық жас ақындар Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл, Нұржан Қадірәлі, Нұрболат Сатымқұл, Наурызбек Саршаев, Нұрболат Жолдасбек, Арайлы Жақсылық, Назерке Оңғар, Ғайникен Маралтайқызы, Жұматай Көксубай, Шапағат Әбдір, Нұрлан Әбдікәрім, Бексұлтан Қоштаев, Аян Қуат, Сәндібек Пренов және студент жастар өзекжарды өлеңдерін оқып, жүректерге жылу шашты. Һәм осылайша олар «Авангардтың» аурасын, негізгі мән-маңызын жырмен жеткізді. Ал кешке арнайы келген белгілі суретші, танымал қылқалам шебері Айдархан Сихаевтың шара соңына дейін көзіне жалт еткен образдарды қағазға бедерлеп отырғанын да өз алдына бір ерекшелік деп айтуға болады. Сонымен қатар өзге өңірлерден де өлеңсүйер жастар, ақындар арнайы ат шаптырып келді. Соның бірі маңғыстаулық жас ақын Асылан Қуанышұлы Тыныштықбек Әбдікәкімовтың сөзіне жазылған Ғалым Боқаштың «Санамақ» деген әнін шарықтата шырқап һәм өз өлеңдерін оқып көпшіліктің қошеметіне бөленді. Шымкенттен келген орыстілді «Оңтүстік дәптерлері» поэтикалық жастар қозғалысының қатысушысы Аман Рахметовтің жырлары да көңілге қонды. Әрине, поэзия да қуаныш, мұң мен сезім секілді адамзатқа ортақ құндылық. Бұл ретте әріптестеріміз, облыстық «Знамя труда» газетінің тілшілері, ақындар Людмила Мельник пен Лариса Губашева да жүрек қылын жауқазын жырларымен шерте білді.
Ал әріптестер тарапынан облыстық «Aq jol» газетінің бөлім меңгерушісі Ерман Әбдиев қара домбырамен Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» өлеңін әнімен шырқаса, облыстық «ARAI» газетінің веб-сайт редакторы Мұратхан Әлімхан махаббат тақырыбында жазылған қазақ ақын-сазгерлерінің танымал ән туындыларын гитарамен орындады.
Жалпы кеш барысында адам тағдыры, саф сезім, мөлдір махаббат секілді мәңгілік тақырыптар өлең тілінде жүректерде жаңғырды. Шарада жастардың бастамасына жанашырлық танытып жүрген Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әуезді әндерді музыканың сүйемелдеуінсіз, жанды дауыста шырқап, көпшіліктің көңілін сергітті.
Ал жаңа өлеңдерін оқығанша асығып жеткен жыр жауқазындары келесі «Авангард» мамыражай көктемде, яғни көктемгі блюз форматында өтетінін айтып, әдеби сазды кештің һәм өздерінің келешегіне сенім мен серпілістің зор екенін таланттарымен тағы бір дәлелдеп тарқасты. Төменде біз сіздерге сол кештегі жас ақындардың жаңа жырларын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР