"Топжарған"

Геннадий мен Ванес: кім мыќты?

Допинг дауына іліккен мексикалық Сауль «Канело» Альварестің Геннадий Головкинпен қарымта кездесуден бас тартуына байланысты отандасымыздың енді шаршы алаңда кіммен қолғап түйістіретіні күні кешеге дейін белгісіз болып келген еді. Жуырда спорт сарапшылары мен бокссүйер көрерменнің қызу талқысына түскен тақырыптың нүктесі қойылды.

Сонымен, кәсіпқой бокстың көкжалына айналған Геннадий Головкиннің кезекті қарсыласы — америкалық Ванес Мартиросян. Ал, Геннадий мен Альварес арасындағы жекпе-жектің өтпейтіні белгілі болып, кейін GGG-ге қарсылас атануы мүмкін өзге де боксшылардың қатарында есімі аталмаған Ванес Мартиросянның әлеуеті, спорттық мансабындағы, кәсіпқой бокстағы жетістіктері қандай? Міне, осы сұрақтар Геннадий Головкиннің кездесуін асыға күтіп жүрген кез келген оқырманды қызықтыратыны анық.

Ванес Мартиросян — армян отбасынан шыққан боксшы. Әкесі Норик Мартиросян да әуесқой бокспен айналысқан. Ол барлығы 130 кездесу өткізіп, 120-сында жеңіске жеткен. Былғары қолғап шебері ұлы Ванесті де бала кезінен бастап боксқа баулыған. Ванестің төрт жасында отбасы АҚШ-қа көшіп, ол бокспен тұрақты түрде жеті жасынан бастап шұғылдана бастайды. Айта кету керек, кәсіпқой боксшы осыған дейінгі жекпе-жектерін бірінші орта салмақта өткізген. Отыз үш кездесуде ешкімге есе жібермеген. Ал, 2012 жылы кубалық Эрисланди Ларамен тең түседі. Араға бір жыл салып америкалық Деметриус Андрадеге ұпай айырмасымен жол беріп, алғаш рет жеңіледі. Сонымен қатар, 2015 жылы отандасы Джермелл Чарлодан жеңілсе, 2016 жылы кубалық Эрисланди Ларамен екінші кездесу өткізіп, ұпай айырмасымен жеңіліс табады. Одан бергі екі жылда шаршы алаңға шықпаған екен.

Осы орайда, есімдері әлем жұртшылығының аузында жүрген бірқатар кәсіпқой бокс шеберлері Ванестің екі жылдық үзілісі бұл кездесуде жеңіске жету мүмкіндігін азайтатынын айтады. Алайда, Ванес Мартиросян бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне берген сұхбатында бұл сәтті ұзақ күткенін, сондықтан жеңіс жолында аянып қалмайтынын жеткізген.

–Бұл кездесу маған беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Бокс спортының жанкүйерлері тағатсыздана күтіп отырған кеште жеңіске жетіп, әлемді таңғалдыратын боламын. Геннадийден қорықпаймын. Және жұдырықтасуға психологиялық тұрғыда да тастүйін дайынмын. Кез келген спортшының осал тұсы бар. Сол секілді Геннадийдің әлсіз жерін таба біліп, есімімді тарихқа жазамын, – деген Ванес Мартиросян.
Ал, «К2 Promotions» компаниясының директоры, әрі қазақстандық Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер бұл кездесу жайында: «Бізге лайықты қарсылас табу қиынға түсті. Қазіргі жағдайда Мартиросянмен жекпе-жек өткізу тиімді болып тұр. Лос-Анджелесте Ванес үлкен қолдауға ие. Жергілікті жұрттың сүйіктісіне айналған. Тағы бір атап өтер жайт, Ванес Геннадиймен бірге Афины Олимпиадасына қатысқан. Сондықтан, таңдауымыз Мартиросянға түсті, – дейді.

Иә, Ванесті де осал қарсылас дей алмаймыз. Дегенмен, осыған дейін де кеуде қаққан талай мықтыны тәубәсіне түсірген отандасымыздың бұл жолы да қазақстандықтарды жарқын жеңісімен қуантарына сенімдіміз.
Естеріңізге сала кетейік, Геннадий Головкин мен Ванес Мартиросян арасындағы жекпе-жек 5 мамыр күні, яғни бүгін Лас-Карсондағы (Калифорния штаты, АҚШ) «StubHub Center» аренасында өтеді.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР