Рухани жаңғыру

«ҒИБРАТТЫ КЕРУЕН» қордай ауданында

Written by Aray2005

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық ардагерлер кеңесі бірлесіп биылғы маусым-шілде айларында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен «Ғибратты керуен» жобасын ұйымдастыруды жоспарлаған болатын.

Өткен аптада «Жамбылтану» орталығында аталмыш жобаны аудандарға шығарып салу салтанаты өтті. Шараны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып беріп, жолаушыларға сәт-сапар тіледі. Бұдан кейін облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева сөз тізгіндеп, ерекше жобаның мән-мазмұнына тоқталып өтті. Ал жас ақын Дидар Апбасов жоба қатысушыларына жүректен шыққан жалынды жырларын әуелетті.
Аудандарға жол тартқан игі жоба Қордай ауданындағы Сортөбе ауылына табан тіреді. Топ құрамы 18 адамнан тұрады. Олардың дені мәдениет саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, дін саласы маманы және жастардан құралған.
Шара барысында көпшілікке әлеуметтік тәрбиелік тағлымы мол бейнероликтер көрсетіліп, ғибратты әңгімелер айтылды. Атап айтқанда, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев ұлттық болмысымыз туралы, ұлтаралық сабақтастық туралы әңгімелесе, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Исмаил Хаджимуратов салт-дәстүрлердің жастар тәрбиесіндегі рөлі туралы кеңінен ой өрбітті. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова жас буынның бүгінгі бет алысы туралы пікір білдірді.
Ғибратқа толы әңгіменің жібін Һибатулла Тарази атындағы медресенің ұстазы Нәркес Боханов жалғады.
Ал облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Бақытжан Құтжан жас буынның өкілі ретінде бүгінгі бейбіт әрі зайырлы мемлекетіміздің жастарына қойылар талаптар турасында ой қозғады. Өз сөзінде Б.Құтжан жас мамандарды қолдауға арналған тың бағдарламалар жайында да мол мәлімет берді.
Жоба бағдарламасына сәйкес, облыстық кино орталығының әзірлеген қамқорлық, салт-дәстүр, адами болмысты қастерлеу сипатындағы тағлымы мол қысқаметражды фильм көрсетілді. Шара соңында облыстық филармония өнерпаздары әннен шашу шашты.
«Ғибратты керуеннің» Сортөбеден кейінгі бағыты Масаншы ауылы болды. Бұл жерде де спикерлер жастар тәрбиесі, бейбітшілік пен иман тұрғысында тұшымды ойларын ортаға салып, әңгіме өрбітті. Әсіресе Масаншыға келгенге дейін облыстық ардагерлер кеңесі мүшелері Өтеген батыр ауылында болып, жастарды әскерге шақыру, Отан алдындағы борыш және ұлтаралық қатынас турасында ауқымды тақырыпта ауыл ақсақалдарымен пікірлесті.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев Масаншыдағы басқосуда да бабалар салған сара жол – қонақжайлыққа құрметпен тіл қатуды, ауызбіршілікте болуды, сонымен қатар әскер қатарына жас жігіттердің баруы қажеттігін қадап айтты. Бұдан кейін билер кеңесінің төрағасы О.Есіркепов бүгінгі тәрбие мен салт-дәстүр, той өткізу тәртібі жайында баяндама жасады.
Сондай-ақ кездесу барысында Масаншы ауылының тұрғындары кезек-кезек сөз алып, өздерінің қажет кезде қастарынан табылған отандастарына, қазақ халқына алғыс білдірді.
Берері мол шара алдағы уақытта өзге аудандарда да
жалғаспақ.

Елдар Боранбек,
облыстық халық шығармашылығы
орталығының редакторы

ПІКІР