Sport

Головкин қос белбеуін қайтарды

Written by Aray2005

Бірақ бокссүйер қауымның көңілінде алаңдаушылық бар

Өткен жексенбіде төрткүл әлемнің назары АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы әйгілі «Мэдисон Сквер Гарден» алаңына ауғаны даусыз. Себебі бокс кешінің басты жекпе-жегінде мемлекет мақтанышы Геннадий Головкин мен украиндық Сергей Деревянченко қолғап түйістіріп, нағыз жан алысып, жан беріскен шайқас көрсетті. Таразы басына салынған орта салмақтағы IBF және IBО нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағының белбеулері отандасымыз Генаға бұйырғанымен, бұл «бой» көкейде бір дық қалдырды.

Шаршы алаңға көтерілгенде Деревянченко аламанға асыққан асау аттай тебініп тұрды. Ал Гена «Мэдисон Сквер Гарден» кешенін жатсынып тұрғандай көрінді. Міне, осы мезет көптің көкейіне күдік ұялатқаны анық. Дегенмен отандасымыз бірінші раундты сәтті бастады. Ұрымтал сәттердің бірінде қарсыласының басына соққысын дөп тигізіп, нокдаунға жіберді. Артынша украиндық боксшының қабағы жарылып, жекпе-жек үш раундқа да созылмайды деп топшылағанбыз. Бірақ екінші раундта ес жиып, жүрісіне екпін қосқан Деревянченко өзінің оңай шағылатын жаңғақ емес екенін аңғартты. Және раунд сайын сериялық соққыларын үсті-үстіне үдете түсіп, жанымызды шүберекке түйгізді. Тіпті Сергейдің бір ауыр соққысы Головкиннің кеуде тұсына дөп тиіп, отандасымыз есеңгіреп қала жаздағанда бәріміз «аһ» ұрдық. Шындығы керек, Генамен екі мәрте кездескен Канелоның өзі Головкинге мұндай соққы жасамаған еді. Осыны Деревянченко да аңғарса керек, 12 раунд түгесілгенше бар соққысын боксшымыздың бауыр мен кеуде тұсына бағыттаумен болды. Ал Геннадий соққы тиген тұсты ауыр қабылдап, қорғанумен болғанын бәріміз байқадық. Жекпе-жек бел ортасынан асқанда қос боксшы да шаршап қалды. Бірақ әлемдік бокс мамандары болжағандай, Деревянченко темірдей төзімді екен.
Дәрігерлер Деревянченконың жарақатын раунд сайын бақылап отырғанынан жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталар деген де ой болған. Бірақ «бой» тұп-тура 12 раундқа созылып, қос белбеу кімге бұйыратындығы төрешілердің шешіміне қалды. Канеломен болған кездесуден кейін төрешілерге де сенбей қалғанбыз. Алайда қазылардың үшеуі де жеңісті Головкинге беріп, отандасымыз қолдан кеткен екі белбеуді кері қайтарды.
Жекпе-жектен кейін Compubox сайты ұсынған статистикалық мәлімет бойынша айқас барысында Головкин 720 соққы жасап, соның 243-і қарсыласына дөп тиген екен. Бұл – 33,8 пайыздық көрсеткіш. Деревянченко болса, 738 рет жұдырығын сілтеп, соның 230-ы нәтижелі болған. Бұл – 31,2 пайыздық меже. Демек, қос боксшы да деңгейлес бокстасқан. Осы статистика қазір көпшілікке маза бермеуде. Егер бірінші раундтағы нокдаун болмағанда, төрешілер қандай шешім шығарар еді? Осы сауал жанкүйерлердің жадында жатталып тұр.
Жалпы бұл жекпе-жекте Головкин дұрыс тәсілді қолданды ма дегенге қатысты спорт жанашыры, облыстық «Aq jol» газетінің директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібаев өз ойын әлеуметтік парақшасында білдірді. Сөзбе-сөз келтірсек:
«Гена жеңді, бірақ көңілде дық қалды. Неге? Өйткені Генажанның бұрынғы джебі жоқ. Джеб –
қарсыластың бетіне (басына, кеудесіне, ішіне) қарай тіке сермелетін соққы. Генаның осы джебі үшін «бес» деген баға қоюға болатын бұрын. Қалғаны техниканың ісі еді, әсіресе төбеден төмен қарай сылқ еткізіп ұрған соққысын айтсаңшы.
Ал мына Сергеймен болған жекпе-жегінде соққылары қарсыласына дәл, жақсы тиіп жатқанымен, олары өте аз болды. Қарсыласына қол сермемей, оңынан, солынан алма-кезек ұрмай, бетін қолғабымен бүркеп барып «тұрып қалуы» Сергейді «оятып» жіберді. Соққылары біздің Генаға тимесе де, өршеленіп кетті.
Ә дегендегі құлағанын да, қабағы жарылғанын да ұмытып, ашық төбелеске кірісті.
Менің ойымша, мақтаулы бапкер деген Джонатан Бэнксіңіз Генаны өзінің ең сүйікті тәсілі «джебінен» айырыпты.
Генажанға әлі де болса джеб керек. Өйткені алдыңғы қолын сермесе болды нәтиже болатынын көз көрді», дейді Олжас Сәттібаевтай былғары қолғап шеберін тәрбиелеп өсірген жазушы ағамыз.
Иә, орынсыз дей алмассың. Себебі мұндай ойды өзге де спорт мамандары айтуда. Әлем және Азия чемпионы, бүгінде теңіздің арғы бетінде көк байрағымызды желбіретіп жүрген кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының PR-менеджері Берік Сұлтан Головкин үшін бұл жекпе-жек оңайға соқпағанын жасырмауда.
«Ішке, ішке және ішке. Деревянченконың бұл жолғы тактикасы осылай болды. Себебі боксшы ішіне көп соққы өткізсе тез шаршайды. Аяқта жүруі қиындап, соққы лақтыруы азаяды. Біздің Головкин ішіне бірнеше ауыр соққы өткізіп алды. Соған қатты алаңдадым. Сосын Сергей GGG-дің «боковойларынан» жақсы қорғанды. Дегенмен тәжірибенің аты тәжірибе. Чемпионның аты чемпион. Гена қиын жағдайлардан жақсы шықты. Жеңіске жетті. Қуантты. Бірақ жаңа бапкерімен жасаған жұмыс ерекшеліктерін байқай алмадық.
Сергейге де ерекше алғыс. «Астана Арланстың» кезінен білемін. Деңгейі өсіп кетіпті. Бапкері раунд сайын тактика қоюмен қатар, боксшысын бұл сенің уақытың деп рухтандырып отырды. Промоутері Дибеллаға да ризамын. Баласын осымен екінші рет чемпиондық белбеуге шығарды. Біріншісі Джейкобспен, екіншісі Головкинмен. Бұл оңай шаруа емес. Америкада жанкүйері жоқ боксшыны чемпиондыққа жұдырықтастыру көп промоутерлердің қолынан келе бермейді. Ары қарай украиндықтың мансабы қалай болатынын білмеймін. Бірақ біздің Генаны Канело мен Дмитриус күтіп тұр. Сәттілік! Керемет шоу үшін рақмет!», дейді Б.Сұлтан әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қалай дегенде де жеңістің аты жеңіс. Головкин қос белбеуін кері қайтарды. Енді Генаның бұл жетістігінен кейін әлемнің бокс мамандары Головкин – Канело трилогиясы туралы қайта айта бастады. Бірақ Канелоға осы қарашада алдымен Сергей Коволевпен жұдырықтасу қажет. Алварес жеңіске жетсе, трилогия туралы Головкиннің командасы мықтап ойлана бастайтыны анық. Ал егер Коволевтен жеңілсе, Канелоның өзі абырой-атағын қайтару үшін Генамен жұдырықтасуға асығатыны даусыз. Сондықтан ертелі-кеш бұл «бойдың» куәсі болатын сияқтымыз. Бірақ отандасымыздың Деревянченкомен болған соңғы жекпе-жегі ойландырмай қоймайды.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР