Sport

Головкиннің жекпе-жегін бас қаланың барлық сайлау учаскесінде көрсетеді

Written by Aray2005

Мемлекет мақтанышы Геннадий Головкин мен канадалық Стив Роллс арасындағы жекпе-жекті төрткүл әлем тағатсыздана күтіп отырғаны айқын. Отандасымыз 9 маусым күні тоғыз айлық үзілістен кейін шаршы алаңға қайта оралмақ.
Нью-Йорктегі «Madison Square Garden» аренасында өтетін кездесу Гена үшін екі тұрғыда дебют болмақ. Атап айтсақ, біріншіден, бұл «бой» «DAZN» жүйесімен келісілген үш жылдық мәміленің алғашқы айқасы болса, екіншіден, жаңа бапкері Джонатан Бэнкспен бірге алғашқы жекпе-жегіне шықпақ. Сондықтан GGG үшін бұл титулдық «бойдан» кем емес. Естеріңізге салсақ, Головкин бұған дейін 41 жекпе-жек өткізіп, оның 38-ін жеңіспен аяқтаған. 34-інде қарсыласын нокаутқа жіберген.
Стив Роллс та оңай шағылатын жаңғақ емес. Канадалық боксшы спорттық мансабында 19 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. 10 айқасын мерзімінен бұрын аяқтаған. Осыдан-ақ алдағы жұдырықтасудың тартысты болатынын аңғару қиын емес.
Ал 9 маусым күні мемлекет тарихындағы маңызды науқан Президент сайлауы өтетіндіктен, елордалықтар осы күні отандасымыздың жекпе-жегін барлық сайлау учаскелерінде тамашалай алады.
«Бәріміз көптен күтіп жүрген Геннадий Головкиннің жекпе-жегі таңғы 7:00-ден бастап 10:00-ге дейін өтетінін ескеріп, біз барлық учаскелерде дауыс беру залынан бөлек бөлмелер ұйымдастырып, онда азаматтар үшін жекпе-жектің тікелей эфирін ұйымдастырамыз», дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов.
Иә, бұл сөз жоқ, отандасымыз үшін үлкен қолдау болары анық. Оған қоса тұрғындар сүйікті боксшысының жекпе-жегін үйде жатып күтпей, таңсәріден сайлау учас­ке­ле­рі­не ағылатыны анық. Бәлкім, тараздықтарға да осындай тосынсый жасау керек шығар? Оны енді жергілікті билік шеше жатар. Ал біз Гена­ның жеңіске жетуіне тек тілектеспіз.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР