«Ғылымға ұрпақтар сабақтастығы қажет»

0 3

Елімізде ғылым саласының көкжиегі жыл санап кеңейіп келеді. Бұл ретте жас ғалымдардың да қатары шоғырлануда. Осы орайда, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Құрылыс және материалдар өндіру» кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, доцент, университет жас ғалымдары кеңесінің төрағасы Жанғазы Молдамұратовпен сұхбаттасып, жергілікті жас ғалымдардың бүгінгі аяқалысы турасында әңгіме өрбіттік.

– Жанғазы Нұржанұлы, сізбен осыдан үш жыл бұрын ең жас PhD докторы ретінде сұхбат құрып едік. Енді міне үш жылдан кейін сізбен «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» ретінде қайта қауышып отырмыз. Бұл атақты сіз соңғы жылдардағы ғылыми ізденісіңізге, оқытушылық, қоғамдық қызметіңізге әділ берілген баға деп санайсыз ба?
–Бұл атақтың өзіме берілуін ғылымдағы азды-көпті еңбегімнің бағаланғаны деп білемін. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атануды үлкен жауапкершілік деп санаймын. Еліміздегі барша жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары құрамы үшін бұл атақ білім мен ғылым саласындағы ең үлкен дәреже болып саналады. Оны біздің саладағы «Оскар» жүлдесіне теңеуге де болады. Биыл бұл атақ университеттегі тағы жеті әріптесіме бұйырды. Өздеріңіз байқағандай олардың ішінде ең жасы мен болып тұрмын. Осыдан-ақ елімізде жастарға қоғам өмірінің қай саласында болмасын жолдың ашық екендігі аңғарылады.
Өз кезегінде осы жетістігім басқа жас ғалымдарды ынталандыра түседі деген сенімдемін. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атану жауапкершілік пен тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Бұл дайындық бірнеше жылға созылуы мүмкін. Себебі байқау оқытушының қарым-қабілетін жан-жақты саралайды. Мұнда ғылыми жұмыспен қатар оқу-әдістемелік және тәрбие бағытына, университеттің қоғамдық өміріне лайықты атсалысу қажеттігі туындайды.
– «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленгендерге шетелден тағылымдамадан өту мүмкіндігі қарастырылған. Бұл мүмкіндікті қалай пайдалануды жоспарлап отырсыз?
– Жеңімпаз ретінде берілетін грант білім мен білікті шыңдауда үлкен жоспарлар құруға мүмкіндік беріп отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып әлемнің ең үздік 500 университетінің бірінен тағылымдамадан өтіп, кәсіби біліктілікті арттыруды ойлап отырмын.
Бастысы саладағы жаңа технологияларды үйреніп, өзімізде іске асыруымыз қажет. Сонымен қатар халықаралық ғылыми конференцияларға қатысып, шетелдік ғалымдармен тығыз байланысты одан әрі жалғастыруды жоспарлаудамын.
– Оқытушылықпен қоса университет жанындағы жас ғалымдар кеңесінің төрағасы қызметін қатар алып жүрсіз. Оңтүстік өңірдегі ең ірі ғылыми орталық саналатын Тараз мемлекеттік университетінің жас ғалымдарының қазіргі аяқалысы қалай?
– Жас ғалымдар кеңесі өзінің жұмысын жоспарлы түрде жалғастырып келеді. Университет басшылығы тарапынан жасалған қолдаудың арқасында жас ғалымдарға арналған көптеген іс-шаралар ұйымдастырамыз. Кеңестің ең негізгі міндеттерінің бірі – жас ғалымдарға ғылыми-зерттеу жұмыстарын дұрыс ресімдеуге көмектесіп, оларды өндіріспен ұштастыру болып табылады.
Қазір университетімізде ғалымдардың жаңа буыны өсіп келеді. Жас ғалымдар озық ойлы, жаңа ақпараттық технологиялар мен шет тілдерді жетік меңгерген. Көп ұзамай олардың ғылымға қосқан үлестерін бәріміз көретін боламыз. Жас ғалымдарымыз негізінен ғылымның химия, ауыл шаруашылығы, IT, жасыл технологиялар, өндіріс қалдықтарын өңдеу сынды салалары бойынша зерттеулер жүргізуде. Әрі бұл зерттеулердің көбінің нәтижесі өңірдегі мәселелерді шешуге бағытталмақ.
– Осыдан бірер жыл бұрын ғылымды коммерцияландыру мәселесі көтерілген еді. Бұл бастаманың жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттырудағы рөлін қалай бағалайсыз?
– Сұрағыңыз өте орынды. Ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Дегенмен, ғылымға деген көзқарас өзгеріп келеді. Оған қоса бүгінгі қоғам ғылымның дамуын жіті бақылауда ұстап отыр. Бұл істе ғалымдар да бастамашылдық танытып, ғылымдағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын әлеуметтік желілер және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізіп келеді. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Қорының жанындағы ғылым кеңесі де жас ғалымдардың басын қосып, ғылымдағы бар мәселені шешуге бағытталған жұмыстармен айналысып келеді. Соның арқасында ғылымды дамытуға көңіл бөліне бастады.
Жастар жылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жас ғалымдардың 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми жұмыстарын гранттық қаржыландыру байқауына 9 миллиард теңге бөлінген болатын. Қазіргі уақытта аталған байқауға берілген ғылыми жобалардың өтінімдері қаралып, қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр. Бұл байқаудың нәтижесінде үздік шыққан жас ғалымдардың ғылыми ізденістерінің нәтижесін өндіріске енгізіп, коммерцияландыруға мүмкіндік береді деп есептеймін.
– Университет тарапынан жас ғалымдарды ынталандыру, әлеуметтік мәселелерін шешу қаншалықты жолға қойылған? Жалпы республика аумағындағы бұл үрдістің бүгінгі хал-ахуалы қалай?
– Жалпы алғанда елімізде ғылым қызметкерлері жасара түсті. Оны жаһандану процесімен байланыстыруға болады. Өйткені қазір әлемнің кез келген елінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, біліктілікті арттыруға мүмкіндіктер бар. Мұндайды көбіне кәдеге жаратуға жастар бейім келеді. Осы орайда көпжылдық тәжірибесі бар ғалымдар мен жаңа технологияларды меңгерген жас ғалымдар арасында сабақтастық қажет. Яғни, ғылымда ұрпақтар сабақтастығы болғаны жөн. Бәсекеге қабілетті болу үшін қазақстандық ғалымдар да әлемдік тәжірибені қолдана отырып, жаңалық ашуға тырысуда. Мұнда бір нәрсені түсінген жөн. Ғылыми ізденістің нәтижесін бір күнде көру мүмкін емес. Ғылым үлкен төзімділік пен табандылықты қажет етеді. Жүйелі қолдау арқылы ғана үлкен жетістікке жетуге болады. Өкініштісі сол бізде бірден нәтиже беру талап етіледі. Сондықтан ғылым мен өндіріс арасында түсініспеушіліктер көп болуда. Бірақ, бүгінде экономиканы дамыту үшін ғылымды дамыту керек екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр .
Университет тарапынан жас ғалымдарды ынталандыру шаралары жүйелі жүргізіліп келеді. Жас ғалымдардың тағылымдамадан өтуіне, халықаралық және республикалық конференцияларға, байқауларға қатысуына үлкен көңіл бөлінуде. Үздік жас ғалымдар ұдайы марапатталып тұрады. Ғалымдарға ең алдымен зерттеулер жүргізуге тиісті орта қажет. Сол себептен де ғылыми зертханалардың материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Университет өз тарапынан заманауи ғылыми ортаны қалыптастыру мақсатында үлкен жұмыстар атқарып, ғалымдарға барынша жағдай жасауға тырысуда. Бірақ ғылымды дамытуға тек университеттің мүдделі болғаны жеткіліксіз. Оған облыс басшылығы да үн қосып, ғылыми ізденістерді қаржыландыруды қарастырғаны жөн деп білемін.
– Айтпақшы, әлемдегі, елдегі соңғы ахуалға байланысты жоғары оқу орындары қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті. Студенттер мен магистранттар, университеттің профессор-оқытушылар құрамы жаңа жүйені жатсынып жатқан жоқ па?
– Қашықтықтан оқыту технологиясын біздің университет 2010 жылдан бастап қолданып келеді. Университет ғалымдары дайындаған арнайы платформа да бар.
Дегенмен, қашықтықтан оқыту технологияларын жаппай қолдану елімізде бірінші рет іске асырылып отыр ғой. Жасыратыны жоқ, біраз нәрсені тез арада игеруге тура келді. Әсіресе инженерлік-техникалық мамандарды дайындау бағытында біраз қиындықтар туындады. Өйткені оқу бағдарламасына сәйкес есептеулер мен сызба-графикалық жұмыстар көп жағдайда оқытушымен тікелей байланыста болуды талап етеді. Қазір қолда бар барлық ақпараттық технологиялар мен әдістемелік құралдар көмегімен студенттерге дәрістер өткізіліп, қажетті мәліметтер берілуде.
Профессор-оқытушылар құрамының жан-жақты шығармашылық әлеуетін пайдалана отырып, дәрістер мен тәжірибелік сабақтарды барынша қызықты өткізуге тырысып жатырмыз. Студенттер де өз тапсырмаларын орындауда «Zoom», «Google Classroom» платформаларынан бөлек оқытушылардың электрондық пошталары арқылы да байланыс орнатуға көшкен. Олар университетіміздің электрондық кітапханасының базасымен бірге республикадағы жоғары оқу орындарының электрондық кітапханасының базасын да тегін пайдаланады.
Әрине студенттерге де мұндай оқу үрдісі үйреншікті емес. Алайда олар қашықтықтан оқу технологияларын оңай және тез үйреніп кетті. Студенттердің жауапкершілігі мен сапалы білім алуға деген құштарлығы арқасында кері байланысты да өз деңгейінде жолға қойды.
Бүкіл әлем қиын кезеңді басынан кешіріп отырған сәтте қабылданған шараларға түсіністік танытып, оған жауапкершілікпен қарау – әрбір қазақстандықтың міндеті. Әрі бұл әлемдік пандемия салдарынан туындаған қиындықты еңсерудегі басты қаруымыз.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.