«Игілікті іс жасау жасқа қарамайды»

0 2

Бүгінгінің жастары ізденімпаз, білімге құштар, жаңашылдыққа жақын жүретіндігімен ерекшеленеді. Әрі қоғамның қозғаушы күші саналатын олар мемлекеттің зор қолдауына ие. Бұл мақсатта өңірде жастар ресурстық орталықтары тұрақты жұмыс істеп, жылдан-жылға жұмыстары жүйеленіп келеді. Осы орайда, Талас аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрсұлтан Манатбековпен сұхбаттасқан едік.

– Нұрсұлтан Жексенбекұлы, өзіңізге мәлім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. Орталықтың Еріктілер жылын өткізуге қатысты қандай жоспары бар?
– Қоғамға, оның ішінде адамдарға жақсылық жасау – ықылым заманнан келе жатқан дәстүр. Шындығында, бұл дәстүрді міндетті түрде сақтап қалуымыз керек. Бұл орайда жастарға жүктеліп отырған жауапкершілік жүгі маңызды. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсетуде жастардың бастамашы болуы қажет-ақ. Халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтпаса керек-ті. Өйткені, игі іс жасау – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымызға баланады. Сол секілді еріктілік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету. Осындай қанға сіңген қасиетімізді жандандыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. Яғни, 2020 жылы жастар үшін ауқымды шараларды жүзеге асырып қана қоймай, жұмыссыздықтың алдын алуға, жас отбасылардың баспаналы болуына жағдай жасалады деп түсінемін.
Сәтін салса, еріктілер жылында таластық жастар бірқатар жоспарларды жүзеге асыруға ниет танытып отыр. Атап айтқанда, қазіргі таңда аудандық волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіретін орталық ашуға күш салудамыз. Сондай-ақ өткен жылы «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасы аясында ашылған әлеуметтік дүкеннің жұмысы биыл да жалғасатын болады. Жасыратыны жоқ, қоғамда ерікті дегенде көз алдымызға әуелі жастар елестейді. Дегенмен, мүлде олай емес. Себебі игілікті іс жасау жасқа қарамайды.
– Қазір біздегі жастар саясатындағы шаралардың негізгі аудиториясы студенттер екені жиі айтылады. Аталған санатқа қатысты жиындарға мүмкіндігінше барлық саланың жастары қамтылатыны белгілі. Сіздіңше бұл жүйенің артықшылығы мен қиындығы неде?
– Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеялармен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне лайықты үлес қосып келеді. Жастар саясатын іске асыруда, тәрбие тетіктерін жүзеге асыруда студент жастармен жұмыс жасау аса маңызды. Яғни, тәрбие жұмыстары оқу орындарының ең маңызды мәселелерінің біріне жатады. Осындай мәселелермен жұмыс жасауда, жастар саясатын іске асыруда студент жастардың алар орны айрықша. Сондықтан ауданда жастар саясатын іске асыруда студенттерді біздің негізгі күшіміз деп айта аламын.
– Ал жастарды әлеуметтік қолдау ең әуелі олардың жұмыссыздығы мәселесін шешуден көрінеді. Ауданда бұл бағытта атқарылған шаруаның ауқымы қандай?
– Расында бір-бір мамандықтың иесі атанған жастар міндетті түрде жұмысқа орналасуы тиіс. Бұл – еліміздің алдына қойған басты міндеттерінің бірі. Осы орайда, көптеген мемлекеттік бағдарламалар да қолға алынды. Мәселен, «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары бар. Ауданда ағымдағы жылы белгіленген индикаторлық көрсеткіштердің жыл қорытындысы бойынша 700-ден аса жас ваканттық бос жұмыс орындарына орналасты. Сондай-ақ жұмыссыз жүргендер «Жастар тәжірибесіне», әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып жатыр. Бұдан өзге олардың қысқа мерзімді оқытуға барып, кәсіптік білім алуға да мүмкіндіктері мол.
Сол секілді аудандағы колледждердің студенттерін жұмыспен қамту мақсатында ірі кәсіпорын басшыларының қатысуымен жәрмеңке ұйымдастырып отырамыз. Нәтижесінде 100-ден аса жас кәсіпорындарға жұмысқа орналасып үлгерді. Тағы бір айта кетерлігі, өзіміздің мекеменің жанынан «Жасыл ел» бағдарламасы аясында, Қаратау қаласын көгалдандыру мен оның экологиялық тұрғыдан таза болуын қамтамасыз ету мақсатында жұмыссыз жүрген жастар және студенттерден құрылған еңбек жасақтары маусымдық жұмыстарға жолданды. Оның өзі студенттер үшін үлкен демеу.
– Расында жастардың жұмыс­сыздығын жоюда кәсіп ашу арқылы өз-өзін жұмыспен қамтудың орны ерекше екені белгілі. Жалпы ауданда жастар кәсіпкерлігін өркендетуде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Елдің ертеңгі экономикалық өсуі мен өркендеуі бүгінгі жастар бизнесінің де дамуына байланысты екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан біздің ауданда да жастар кәсіпкерлігіне баса назар аударылған. Қазіргі таңда бізде 284 жас кәсіпкер тіркелген. Олар негізінен мал шаруашылығы мен қызмет көрсету салалары бойынша еңбек етуде. Айта кетерлігі, бизнесмендеріміздің көпшілігі өңірдегі іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі арқылы ісін жандандырып отыр. Әрине, қолдаусыз ешқандай қарыс қадам алға баспайтындығы анық. Ауданда жас кәсіпкерлер санының артуына облыс әкімінің қолдауымен берілген 3 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз гранттарды айтуға болады. Сол секілді «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары да іс бастаймын дегендерге қанат бітірді.
– Орталықтың аудандағы жастар ұйымдарымен байланысы қандай?
– Ресурстық орталықтың аудандағы жастар ұйымдарымен байланыс орнатуда арнайы жүйе қалыптасқан. Өйткені, барлығымыздың мақсатымыз ортақ, илегеніміз бір терінің пұшпағы. Бүгінде ауданда «Jas Otan» жастар қанаты, «Жас Ұлан» балалар және жасөспірімдер ұйымы, «Талас Ғұмыры», «Үшарал жастары» сынды жастар қоғамдық бірлестіктері бар. Әрі олармен бірлескен ортақ жобаларымыз да жоқ емес.
– Ашығын айтыңызшы, ауданда жастарға қатысты түйіні тарқамаған қандай мәселелер бар?
– Шындығында осы уақытқа дейін шешімін таппаған мәселелер болды. Нақтырақ айтқанда бірнеше ауылда жастардың бос уақытын тиімді пайдаланатын спорт алаңшалары жоқ болатын. Дегенмен ол мәселені жеке кәсіпкерлердің қолдауымен шеше білдік. Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов жастар саясатының маңыздылығын ескеріп, ресурстық орталыққа көлік, арнайы ғимарат беріп отыр. Сондай-ақ орталықтан қосымша екі штат ашылуда. Алдағы уақытта біз мұндай қолдауларды сезіне отырып, жұмысты ширатуымыз қажет-ақ.
– Сізді жас ретінде қандай мәселелер толғандырады?
– Үнемі замандастарымның арасында жүргеннен кейін біраз мәселелерді көзге шыққан сүйелдей анық байқаймын. Яғни, бүгінгі жастар өздеріне жауапкершілік алғысы келмейді әрі оңай жолмен мал тапқысы келеді. Осының салдарынан отбасы құндылықтары әлсіреп жатқандай сезіледі. Тағы бір мәселе – тепсе темір үзетін жігіттердің Отан қорғаудан қашуы. Бұл бүгінгінің күйіп тұрған бірінші кезектегі мәселесі. Әскер қатарына баруды баланың санасына жас кезінен құю керек секілді. Шүкір, бүгінде ауылда барлық жағдай жасалған. Дейтұрғанмен ауыл жастары қалаға, қаланың жастары шетелге кетуге тырысады. Осыны ескере отырып, мемлекеттік бағдарламалардың ішінде қаланың баласын ауылға жіберетіндей тармақтары қаралса деймін. Себебі ауылдың іргесі сөгілсе, еліміздің болашағы бұлыңғыр болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.