"Топжарған"

Ілім мен ізденіс ілгері бастайды

Халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың «Жастықтың оты жалындап. Жас жүректе жанған шақ. Талаптың аты арындап, Әр қиынға салған шақ» деп басталатын өлеңі бар. Расында да, болам деген баланың білмекке ұмтылатыны ақиқат. Осы орайда ілім мен ізденістің басын қосып, ілкімділікпен ілгері басып жүрген замандастарымыз аз емес. Міне, сондай жалынды жастардың бірі- Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің белсенді студенті, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының экскурсоводы Айніл Әбуәлі. Біз бүгін газетіміздің «Жастар және саясат» айдарын қайта жаңғырта отырып, замандасымызбен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

– Әңгімеміздің әлқиссасын танысудан бастасақ…
–Аты-жөнім Айніл Әбуәлі. Әкемнің есімі-Мұрат. 1996 жылы Талас ауданындағы Ақкөл ауылында дүниеге келдім. 2001 жылы отбасымызбен Тараз қаласына қоныс аударып, сол уақыттан бері осы қалада тұрып келеміз. Мен үйде апамның қызымын. Апам Сәрсенкүл Тілеубекова мен үшін ең қымбат жандардың бірі. Биыл ол кісі 90 жасқа толады. Мені әлі күнге дейін «70 жасымда туып алған қызым» деп еркелетіп, бауырына басады. Әулетте апам қолымызда болғандықтан, біздің шаңырақ үлкен үй болып саналады. Туыстардың көбісі апаммен амандасуға жиі келіп, ол кісінің батасын алып тұрады. Өзім Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында алғаш мектеп табалдырығын аттадым. Кейіннен қазақ-түрік есеп- экономикалық колледжіне «Менеджмент» мамандығы бойынша грантқа оқуға түстім. Бұл оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған соң Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша тағы да гранттық жүйемен оқуға түстім. Қазіргі таңда осы университеттің 3-курс студентімін. Сонымен қатар, ағылшын және түрік тілдерін жақсы меңгергенмін.

– Ерекше есіміңізді кім қойды? Көпшілік ортаға барғанда есіміңіздің мағынасын сұрап жататындар бар шығар?

– Есімімнің ерекше екенін білемін және бұл үшін қуанамын. Иә, «Атыңыз қалай дұрыс аталады? Айніл ме, Айниль ма?» деп сұрайтындар бар. Айниль деп атымды әкемнің ағасы қойған екен. Арабшадан «Айн, яғни Ғайн»-көз, ал Иллаһ – Алла дегенді қысқартып -Иль делінген. Біріккен түрі Айниль. Яғни, Алланың көзі деген мағынаны білдірсе керек.

– Жоғарыда ағылшын, түрік тілдерін жақсы білетіндігіңізді айтып қалдыңыз. Тілді қалай тез әрі еркін меңгеруге болады?

– Ағылшын тілін 1-сыныптан бастап оқыдым. Мектебімнің қатаң тәртібі мен мұғалімдердің біліктілігінің арқасында ағылшын тілін тез-ақ меңгеріп алдым. Кейіннен қазақ-түрік есеп-экономикалық колледжінде білімімді одан әрі жетілдіріп, қосымша түрік тілін үйренуге тырыстым. Жалпы, алдағы уақытта да осы бағыттан таймай, ілімімді тереңдете түскім келеді. Тілді еркін меңгеру үшін адамның өзінде сол тілге деген қызығушылық пен талпыныс болуы керек. Өзге тіл болған соң, оны үйреніп қана қоймай оны, жетілдіріп, тәжірибе жинақтау маңызды. Қазір тіл үйретуші ақылы курстар көп. Тіпті, кейбіреулер ғаламтор арқылы-ақ оқып жатыр. Ілім мен ізденіс ілгері бастайды. Сондықтан да тіл үйренемін деушілерге мүмкіндік мол.

– Білім ала жүріп Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында экскурсовод ретінде еңбек етіп жатқаныңызды білеміз. Оқу мен жұмысты қатар алып жүру қиындық туғызбай ма?

– Жалпы, өз басым 1-курстан бастап жұмыс істеп келемін. Мұның алдында 2 жыл қазақ-түрік колледжінің оқу өндірістік бөлімінде хатшы болып жұмыс істедім. Ал, бұл орталықта еңбек етіп жатқаныма 1 жылға жуық уақыт болды. Айта кететін жайт, сабағым жұмысыма еш кедергі жасамайды. Оқуда да озатпын. Бұйырса, университетті қызыл дипломмен тәмамдасам деген мақсатым бар. Жұмыс істей жүріп, алдағы өміріме үлкен тәжірибе жинап жатырмын деп ойлаймын.
Мұнда жүріп, талай жақсылар мен жайсаңдармен таныс болудамын. Руханият үйіне келген қонақтарға орталықтағы жәдігерлер мен құнды дүниелерді таныстыру менің міндетім болып келеді. Одан бөлек орталықта өтетін түрлі шараларға қатысып, ұйымдастыру жұмыстарының бел ортасында жүремін. Жаңадан ашылған мекеме болған соң қонақтар жиі келеді. Жұмысымыз кейде тіпті қарбалас болып, түрлі қызық оқиғаларды бастан кешетініміз тағы бар.

– Биылғы наурыз айында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет өткен «Ең үздік экскурсовод» байқауына қатысып, жеңімпаз атандыңыз. Әрине, өз ісінің шеберлері аз емес қой. Жас та болсаңыз, көп ішінен топ жарып шықтыңыз. Байқау туралы айтып өтсеңіз.

– Иә, бұл бұрын-соңды болмаған байқау екенін айту керек. Сайысқа көп жылдық тәжірибесі бар осы саланың 12 нағыз маманы қатысты. Үлкен ауқымдағы шараға алғаш рет қатысып тұрғандықтан, жақсылап дайындалдым. 2 күндік байқауда 5 кезең бойынша сынға түстік. Онда тіл байлығы, эрудиция, аудиториямен жұмыс, сахна алдында сөйлеу мәдениеті, өз салаңда көп ақпараттарды білу секілді қасиеттерге баса назар аударылды. Бұл туризмді дамытуға көмектесетін жобалардың бастауы болды.
Шүкір, облысымыздың аумағы тарихи-мәдени ескерткіштерге бай. Оны туристер қауымына кеңінен таныстыру үшін экскурсоводтардың атқаратын қызметі зор. Ал, өз кезегінде сала мамандары да білімді, білікті, бір сөзбен айтқанда жан-жақты болу керек. Осы байқау әріптестерімнің шеберлігін шыңдап қана қоймай, құлшынысын да арттыра түскендігі сөзсіз. Сондықтан да, мұндай шараны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізсе, нұр үстіне нұр болар еді.

– Өзіңізді кітапқұмарлардың қатарына жатқызасыз ба? Соңғы рет қай автордың шығармасын оқыдыңыз? «Жастар кітап оқымайды» деген пікірмен келісесіз бе? Кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастыруға болады деп ойлайсыз?

– Соңғы оқыған кітабым Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романы. «Жастар кітап оқымайды» деп біржақты пікір айту әбестік болар. Бұл тұрғыда бес саусақтың бірдей еместігін естен шығармаған жөн. Қазіргі таңда «өзін-өзі әрдайым жетілдіріп отыру» принципін ұстанатын көзі ашық жастар өте көп деп нық сеніммен айта аламын. Ал, жетілудің ең тиімді жолы кітап оқу арқылы келетінін біз өте жақсы түсінеміз. Сондықтан да кітап оқу мәдениетін күнделікті режимімізге енгізуіміз керек. Осы орайда алдымызға 20 күнде кемінде 1 кітап оқып бітіру туралы мақсат қойсақ, ол кейін игі үрдіске айналары сөзсіз. Өзім осындай ұстаныммен өмір сүріп келемін.

– Осыдан бір айдай бұрын Елордамыз Астана қаласында өткен «Жас Отан» жастар қанатының IV съезіне облыс делегаттары қатарында қатысып қайттыңыз. Қандай әсер алдыңыз?

– Бұл жиыннан алған әсерім шексіз. Ел келешегі көргенді жастарымен кемелденбек. Ал, жастарға жаңашылдық жарасады. Елбасы айтқандай, «Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман». Бұл сөздің түп-төркінін бүгінгі ұрпақ терең ұғынса керек-ті. «Жас Отан» жастар қанатының Елордада өткен IV съезінен жаңа заманға лайықты білім, тәлім алып жүрген арманшыл замандастарымның болашаққа бетбұрыстарын байқап, марқайдым. Өткеннің өсиетімен алдына нақты мақсат қоя білген жасотандықтар бұл жолы да бастамашыл бағыттарынан танбады.
Екі күнге созылған съезд барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегаттар «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан», «Қазақстанда жасалған», «Білім. Ғылым. Инновация» және «Саламатты ұлт» тақырыптарында ашық пікірлесіп, қоғамның сан алуан мәселелерін талқыласты.
Ал, есеп беру үлгісі жаңаша «open space» форматында өткізіліп, алқалы басқосуда сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев барша жастарға арнаған пікірін «Жас Отан – ол мен, Жас Отан – ол сен, Жас Отан – жалынды жастар!», — деп аяқтады. Бұл ұранды сөзімен төраға әрбір «Жас Отан» мүшелігін иеленген азаматқа жүктелген жауапкершілік жүгін сезіндірді деп ойлаймын. Отанымыздың, туған еліміздің алдындағы перзенттік борышымызбен қатар жасотандық атанған міндетіміз де салмақты екенін тағы бір еске салды.
Съездің келесі күнінде гала-форум ұйымдастырылып, оған жас қатегориясына сай келетін спикерлер таңдалды. Әр салада еңбек етіп, өзінің іскерлік қабілетін танытып жүрген тұлғалар тыңдаушыларға әсерлі пікірлерімен жан-жақты ақпарат берді. Жаңа әлемге жол салатын жасотандықтарға тапсырылар міндеттер мен артылар үміт басымырақ айтылды. Ортақ шаңырағымыз – Қазақстанның баянды болашағы бүгінгі жас буынның парасаттылығы мен еңбекқорлығына тікелей байланысты екенін тағы бір мәрте сезіндік. Қазіргі уақытта өзім білім алып жүрген Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде менің жан-жақты, жетілген тұлға болып қалыптасуым жолында тынбай тер төгіп жүрген ұстаздарым мен ата-анамның, ел-жұртымның үкілеген үмітін жан-дүниеммен терең түйсіне түскендей болдым. Сол үдеден шығуға тиістімін және мұратыма жететініме де сенімдімін.

− Алдағы арман-мақсаттарыңызбен бөліссеңіз, 10 жылдан кейінгі Айнілді қалай елестетесіз?

– Алда оқуымды бітірген соң Алла қаласа магистратураға грантқа түскім келеді. «Қыз мұраты-кету» дегендей, елімізге, әулетімізге пайдамыз тиер, үлгілі отбасын құрғым келеді. 10 жылдан соң Айнілді сүйікті жар, үлгілі ана, әулетіне сыйлы келін ретінде, жұмыста табысты әйел ретінде елестетер едім. Және болашақта өзімді мемлекеттік қызметкер ретінде сынап көргім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

ПІКІР