Ілсең егер жарнама, ана тілді қорлама!

0 1

«Ауылына қарап, азаматын таны» дейді халық даналығында. Рас, елді мекеннің бет-бейнесі сондағы адамдардың болмысынан хабар береді. Тек тазалығы, сәні ғана емес, көпшілік назарына ұсынылған көрнекілік құралдарындағы жазбалардың қатесіз жазылуы да тұрғылықты халықтың сауаттылығын аңғартса керек-ті. Бұндай қателер облыс орталығында да аз емес.

Әсіресе, жеке кәсіпкерлер мейрамхана, дәмхана, дүкендерінде өзге тілден аударылған мемлекеттік тілдегі жазуларды өрескел қатемен орналастыратыны жанға батады. Айталық, Тараз қаласындағы Ниетқалиев көшесінде орналасқан қонақүйдің маңдайшасындағы жазбада «уй» деп көрсетіліпті. Тіпті, Тараз қаласындағы «Қаратау» ықшамауданындағы «Миллениум» сұлулық салоны, «Дастархан» азық-түлік дүкенінің және жоғарыда көрсетілген қонақүйдің, Қазыбек би көшесіндегі орталық гастрономның жарнамалары тек ресми тілде жазылып, мемлекеттік тілге деген құрметтерінің қандай екенін көрсетіп тұр. Солардың ішінде орыс тіліндегі жарнамасын да дұрыс жазбағандар бар. Мысалы «Қаратау» ықшамауданындағы дүкеннің жарнамасында «продуктовый» деген сөзде «К» әріпін ұмытып кеткенге ұқсайды. Мұндай жағдайда құзырлы орындар тек ескертумен ғана шектеле алады екен. Ал жазбаны түзету жеке кәсіпкердің еркінде көрінеді.
Дегенмен, көшедегі көз сүрінетін қателерді түзету мақсатында облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы арнайы шаралар ұйымдастырып отырады. Анықталған қателерді жауапты азаматтарға ескертеді.
Жақында басқарманың жылдық жоспарына сәйкес, облыс көлемінде халыққа қызмет көрсету орындарының маңдайшаларында жазылған жазулар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткіштері және басқа да көрнекі ақпараттардың заңға сай қолданылуына зерделеу жүргізіпті. «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық!» тақырыбымен жүргізілген облыстық шара 10 ақпанда басталып, 10 наурызға дейін жалғасты.
Бұл жөнінде басқарманың ономастикалық жұмыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақтолқын Исқалиева:
– Өткен айдың 10-нында басталған айлық барысында 129 көше, 1391 көрнекі ақпарат пен жарнамалар (билборд, керме, банер, нысан, нысан ішіндегі көрнекіліктер) зерделенді. Мұндағы талап – Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңына сәйкес ресімделуін сақтау. Осы мақсатта арнайы жұмысшы топ құрылып, оған тіл жанашырлары, БАҚ өкілдері, қоғамдық белсенділер, еріктілер, студенттер, басқарма, тіл орталығының, әкімдіктердің қызметкерлері кіргізілді, – дейді. Тіл жанашырының айтуынша олқылықтардың көбі «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдардың талаптарын көзге ілмеуден туындаған екен. Сондай-ақ әріптері түсіп қалған, мәтіндері жаңартылмағандары – 10, пунктуациялық (тыныс белгілері), грамматикалық, стилистикалық қателер орын алғандары – 6. Осыған сәйкес заңбұзушылық жіберген нысан иелеріне ескерту жасалып, әдістемелік көмек көрсетіліпті.
– Заңнама баптары және жіберілген қателіктерді түзету үшін байланыс телефоны мен электронды мекенжай жазылған буклеттер таратылды. Айлық аясында облыс тұрғындарын нысандар маңдайшаларында жазылған жазулар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткіштері және басқа да көрнекі ақпараттардың сауатты, заң талаптарына сәйкес рәсімделуіне жүргізілетін зерделеу өткізуге атсалысуға шақырамыз. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі N151 «Тiл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады. Тағы бір ескерілуі тиіс мәселе – бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылуы керек, – дейді А.Исқалиева.
Заң барша азаматқа ортақ талап болғандықтан, оны жеке кәсіпкер де, басқалар да орындауға міндетті. Алайда, осындай шаралар жыл сайын ұйымдастырылса да әлі күнге дейін «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген пиғылда жүрген кәсіпкерлер баршылық. Одан бөлек түсіп қалған әріпті қайта орнатуға немкетті қарайтындар көпшіліктің алдында өзін сауатсыз етіп көрсететінін білмейді-ау, шамасы. Ал енді біреулер қазақ тіліне аударған жарнамаларда өрескел қатеге жол бере отырып, мемлекеттік тілге құрметсіздік танытады.
Жылда өткізілетін зерделеу жұмыстарында мамандар ескертіп және әдістемелік көмек көрсетсе де «Баяғы жартас сол жартас». Соған қарағанда мұндай қателіктерге жол бергендерге ескертуден соң жаза қолданған жөн секілді.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.