Сұхбат

«Індет кезінде Айтыскер ақындар игі тірліктің басында болды»

Written by Aray2005

«Жас келсе, іске» айдарының бүгінгі қонағы – айтыскер ақын, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының кіші ғылыми қызметкері Дидар Апбасов.

– Дидар, жақында мәдениет саласына қызметке орналасқаныңды естіп жатырмыз. Қызмет жолыңды бастаған Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы немен айналысады? Ішкі құрылымдары мен жұмыс істеу бағыттары жайлы айтып өтсең?
– Мекеменің негізгі қызметі – келешекте ұлттық рухты көтерер мәдени мұраны, әдебиетті, тарихты, этнографияны, аңыз-әңгімелерді, жыр-дастандарды және ақын-жыраулардың еңбектерін жүйелі түрде зерттеп, олардың еңбектерінен алтын қор қалыптастыру болып табылады. Өңірдің салттық нысандарының мәдени-географиялық картасын жасап шығару. Қысқасы жамбылдық жұтшылықтың рухани қажеттілігін өтеуге басымдық береміз. Орталықта шерхантану, тарихтану және жамбылтану бөлімдері жұмыс істейді.
Тарихтану бөлімі негізінен облыстағы ежелгі дәуірден қазіргі күнге дейінгі тарихының барысын зерттеп, зерделеп, архив құжаттары және жазба дереккөздері арқылы нақты фактілерді жинақтаумен айналысады.
Шерхантану бөлімінде салт-дәстүр, халық ауыз әдебиеті және әдеби шығармалар, дәстүрлі музыкамен бірге халық жазушысы Шерхан Мұртаза шығармашылығын зерттеуге мән береді. Наурыз айынан Тараз қаласындағы жамбылтану орталығы орталық құрамына біріктірілді. Жамбылтану бөлімі Жамбыл Жабаев мұраларын облыс жұртшылығына таныту, оның айтыс саласындағы үлесін насихаттау бағытында жұмыс жүргізеді.
– Тарихтану орталығы болғаннан соң ғылыми негіздемесі болуы шарт. Осы орайда республикалық тарихтану институттарымен, ғылыми орталықтармен байланыс қаншалықты жолға қойылған?
– Біздің орталық облыс тарихын зерттейтін болғандықтан аймақтың жоғарғы оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды.
Орталықтың директоры Сауран Қалиев өмір жолын тарихқа арнап келе жатқан азамат ретінде танымал. Ол әр жылдары Қ.А.Яасауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде қызмет жасады. Көне Тараз көмбесін аршуды мақсат еткен археологиялық қазба жұмыстарына атсалысты. Ғылыми-көпшілік еңбектерді баспаға әзірлеуге үлес қосты.
– Шерхан Мұртаза: «Қаламгерлік пен қайраткерлік самұрықтың қос қанатындай қай биікке алып ұшпады десеңізші» дейді ғой. Жазушының атындағы орталық болған соң әдебиетке де басымдық беру керек секілді. Бұл бағытта қандай жұмыс жасалуда?
– Біздің ғимаратта үлкен және кіші мәжіліс залдары бар. Мұнда зиялы қауым өкілдерімен кемелді ой қозғар жиындар жиі өткізіліп тұрады. Мекеме ғимаратының 3-қабатына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Келешекте бұл қабаттан ғылыми кітапхана, бірнеше үйірме жұмыстарын ашу көзделген. Шығармашылыққа, ғылымға бейім интеллектуалды жастар легін қалыптастыру мақсатында «Жас ақындар», «Жас өлкетанушылар», «Тоғызқұмалақ», «Домбыра» үйірмелерін ұйымдастыру да жоспарда бар. Аталмыш үйірмелер өз халқының тарихына, тіліне, дініне, діліне деген құрмет сезімін оятып, жеке тұлға деңгейін қалыптастыратын идеологиялық құрал болатыны анық.
– Дидар, қазір әлем жұртшылығын әрі-сәрі күй кешуге мәжбүр еткен дүниежүзілік пандемия айтысқа да әсер етті. Жыр додалары тоқтады. Осы өліара кезеңде жас айтыс ақындары немен айналысып жатыр?
– Оныңыз рас, қазіргі уақытта сахналық айтыс тоқтап тұр. Оның ішінде «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» халықаралық айтысының облыстық іріктеу кезеңі өтіп, ақтық кезеңі карантинге байланысты кідіріп қалды. Бірақ айтыс күздің бір қолайлы күнінде өтеді деген сенімдемін.
Ал жас айтыскерлер пандемия екен деп қарап отырған жоқ. Айтыстың сахналық үлгісі тоқтағанымен, онлайн үлгісі шықты. Облыстық халық шығармашылығы орталығының қолдауымен облыстық онлайн айтыстың сәтті өткенін білесіздер. Одан бөлек, айтыскерлер онлайн арнаулар айтып, өлеңін жазып, халықтың ортасында жүр.
– Сәбит Оразбаев ағамыздың «Өнер адамдары велосипед айдап келе жатқан адамдар секілді. Педальді баспаған кезде құлай­ды» деген сөзі бар. Сол айтпақшы, айтыс ақындары да дамылсыз жұмыс істеп тұруы керек деп ойлаймын. Облыстағы айтыскер ақындардың ішінде өнерге із қалдыру жайы қалай? Кітап немесе ән шығарып, өлеңдерін әдеби ортаға айналымға шығаруға әрекет етіп жатқандары бар ма?
– Сұрағыңыз орынды. Айтыскерлер үнемі ізденіп жүруі керек. Оның үстіне қазір жаңа заман, өрлеу дәуірі. Әлеуметтік желі қанатын кең жайып, әлем жаңашылдықтан жарысқа түсті. Бұл орайда еліміздің айтыскерлеріне де оңай емес. Айтыскер ақын, жалпы өнер адамы тек өнермен шектелмей, халыққа сөзімен де ісімен де үлгі болуы керек деп ойлаймын. Мәселен пандемияға орай төтенше жағдай жарияланған кезде Алик Бекмұсаев ағамыз мыңдаған бетперде тіккізіп, өзгеге үлгі болды. Күміскүл Сәрсенбаева әпкеміз Қордайда орын алған барлық жағдайдың басы-қасында жүрді. Сол үшін Жамбыл Жабаевқа арналған айтыстың облыстық іріктеуінен бас тартты. Байзақ ауданында аяулы айтыскер Әзімбек Жанқұлиевті еске алу шараларын өткізуде Алтынкүл Қасымбекова әпкеміз көп тер төгуде. Айтмұханбет Исақов, Ербол Қамбатыр, Нұрлыбек Құрманов, Әсет Дүйсебаевтар да өз аудандарында игі тірліктің басында жүр. Ал енді нақты танымалдылық мәселесіне келсек. Жамбылдық айтыскер ақындар арасында Олжас Отар мен Т.Рысқұлов ауданының жүйрігі Асхат Қылышбекке әннің сөзін жазудан ешкім тең келе қоймайды. Олар сөзін жазған әндер «хит» болып тұр. Менің замандастарым, қатарластарым да ізденіс үстінде. Ал кітап жазу мәселесіне келсек, ұстазым Есет Досалы жайлы айтпай кетуге болмас. Ол кісі карантинге қарамастан анасына арнап, «Ізі қалған» деген жаңа кітап шығарды. Онымен қоса «Aq jol» газетінде «Айтыс ақындарының әлемі» атты айдар арқылы бірнеше белді айтыскерлеріміз туралы мақалалардың сериясын жүргізіп келеді. Сонымен бірге жамбылдық айтыскерлердің әлеуметтік желідегі белсенділігі де қатты қуантады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан Орынбасарқызы

ПІКІР