Індет құрбандарын еске алды

0 0

Халқымыз айдың күннің аманында дәл осылай қара жамылып, қайғыдан қан жұтамыз деп әсте ойламаған еді. Күллі әлемді дүрліктіріп, жер бетіндегі миллиардтаған адамзаттың жан алқымынан алған COVID-19 вирусы расында да аса қауіпті болып шықты. Десе де мемлекетіміз қиналған халқына қол ұшын созып, жанына демеу болуда аянып жатқан жоқ. Қолдан келер барлық шара жасалып, жағдай қатаң бақылауға алынғанымен, жағдай біз ойлағаннан да қиын болып тұр.

Ресми мәліметке сүйенсек, коронавирус инфекциясы елімізде 60 мыңға жуық адамға жұғып, 375 отандасымыздың өмірін жалмады. Ал өңірімізде нақ осы індетке шалдыққан 2189 тұрғынның 3-еуі бақилыққа аттанып кете барды. COVID-19 вирусын жұқтырғандардың ішінде «1187 адам жазылып шықты» деп өз-өзімізді алдаусыратқанымызбен, мезгіл жаздың шілдесі болса да, індет кесірінен пневманияға шалдығып, көз жұмып жатқандардың саны артып барады. Қос өкпесі қабынып, қайтыс болғандардың арасында тәулік бойы тыным көрмей, әрбір азаматтың өмірі үшін күресіп жатқан ақхалатты абзал жандар да аз емес. Жақынынан айырылып, жаны күйзелгендердің саны күн санап көбейіп келе жатқандығы жұртты алаңдатуда. Әлемдік пандемия салдарынан көз жұмғандардың қайғылы қазасы бәріміз үшін ортақ. Сондықтан да ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 13 шілде – Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бұл аталған вирус салдарынан өмірден озған азаматтарға тағзым ететін күн.
Осы күні облыстағы барлық мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары және шекаралық-дипломатиялық өкілдіктер секілді құзырлы мекемелердің ғимаратындағы Мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Көңіл көтеретін іс-шаралар мен жергілікті телеарналардағы ойын-сауыққа саятын бағдарламалар тегіс тоқтатылды. Аза тұту күнінде Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 12:00-де облыс әкімдігінің ғимараты алдында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев және оның орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары елімізде коронавирус пандемиясының құрбаны болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұндай аза тұту шарасы Төле би көшесінің бойында орналасқан ҚР Тұңғыш Президенті саябақта да ұйымдастырылды. Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қызметтік борышын адал орындағаны, азаматтардың денсаулығын қорғаудағы жанқиярлық еңбегі үшін облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Дәулет Арымбаевқа (марқұм) «Барыс» ордені, Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айдар Мұқатаевқа (марқұм), «Almaz Medical Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бөлім меңгерушісі Гүлмира Қырғызәлиеваға (марқұм) ІІ дәрежелі «Барыс» ордені мемлекеттік наградасымен наградталды. Марқұмдар әріптестері бір минут үнсіздікпен еске алды.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.