"Хаттар...Хаттар..."

Індетке қалай тосқауыл қоямыз?

Written by Aray2005

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы,
профессор, Журналистер одағының мүшесі

Бұл күндері санасында саңылауы бар адамды күндіз-түні ойландыратын басты мәселе – елімізде күн санап ушығып, дендеп бара жатқан коронавирус инфекциясынан ел-жұрттың денсаулығын қорғап, одан аман сақтап қалу, індеттің жолын кесу. Өкінішке қарай әзірше оған қол жеткізу мүмкін болмай отыр. Бұл – бүкіл адамзатқа үлкен сынақ болды. Көпшілікті әбігерге салып, тіпті, үрей тудырып отырған COVID-19 қауіпті індеті «жетілдік, көп дүниеге қол жеткіздік, кереметпіз, бүкіл әлемді билейміз, келе-келе бүкіл ғарышты (галактиканы, оның ішінде Марсты, Юпитерді) меңгереміз», «адамға табын Жер енді» деп кеудемізге нан пісіп, сандырақтап жүргенімізде адамдардың уысынан шығып, халықты қынадай қыруда.

Соңғы мәліметтер бойынша коронавирус індеті құрық салған жандардың саны әлемде 12 миллионнан асып жығылып, 500 мыңнан астамы одан көз жұмыпты. Біздің елде де жағдай мәз емес. Күн сайын 1,5-1,7 мыңға жуық ауру тіркелуде, өлім-жітім де үрейлі цифрларға жетті. Күнделікті ақпарат құралдары арқылы беріліп жатқан статистикаға ел сенуден қалды, Денсаулық сақтау министрлігінің толық мәліметті бермейтіні, оны жасырын-құпия ұстау ел-жұрттың ашу-ызаларын тудыруда. Қазақта «Ауруын жасырғанды өлім әшкере етеді» деген сөз бар. Барды бар, жоқты жоқ деуге олардың батылдығы жетпей ме? Базбірде ой таразысынан өткізсең, уақыт өткен сайын билік (шенеуніктер) бір бөлек, халық бір бөлек болып, аралары қожырап, бір-бірінен алыстап бара жатқандай сезімде боласың. Өйткені халыққа дұрыс мәлімет беруден билік иелері жасқанып, теледидарлар, баспалар шындықтан қашып, өтірік, жалған мәліметтермен халықты тыныштандырғысы келеді. Бірақ ел-жұрт ақымақ емес, олар елде, өз өңірлерінде болып жатқан жайды бес саусағындай көріп, біліп, естіп отыр емес пе? Осындай сәтте өмір бойы шырылдап шындықты іздеп кеткен, халқының сөзін сөйлеумен өткен асыл азамат Шерағамызды (Шерхан Мұртаза) еріксіз еске аласың. Арал өңірінің экологиясы бұзылып, жергілікті халықтың денсаулығына қасірет туғызып жатқанын естіп-білген «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің сол кездегі бас редакторы Ш.Мұртаза қол астында еңбек етіп жүрген журналистің бірін шақырып алып, Арал өңірінің жағдайын жазып келуді тапсырады. Мақала дайын болып, газет бетіне беруге дайындағанда, цензура қызметкері, оны жариялауға тыйым салып, ашық баспаға жібергісі келмейді. Сонда ер Шерағамыз: «Халқының қасіретін жасырған Үкіметтің атасына нәлет!» деп газетке қол қойып, жариялатып жібереді. Содан кейін-ақ компартия мен сол кездегі Үкімет Шерағаңа көздерін алартып, сөгіс жариялап, қуғынға түсіреді. Ойлап отырсаң, бұл – нағыз ерлік, халқы үшін басын бәйгеге тігу емес пе?! Шераға сияқты жүрегінің түгі бар батыл редакторлар, журналистер қазір бар ма? Әй қайдам, күмәнім зор. Бәріміз аузымызды буып немесе құр шөппен сүртіп, жалған сөйлеуді, жалпақтауды, құрдай жорғалауды өте жақсы меңгеріп алдық, тіпті құрық бойламайды. Керек кезде шын сөйлеуден тайғанақтап, жалтарып, «сен көрмесең мен көрмедім, бадырақ көз» деп бұғып қалғанды үйрендік. Билік басындағыларды өтірік мадақтауды, мақтауды жас ұрпағымызға жақсылап үйреттік, бойларына сіңірдік. Әрине күн көру, қызметімізді жоғарылату, атақ алу, мемлекеттік наградаға қол жеткізу жолында… Қазақтың «Ішің қыз-қыз қайнайды, әттең, ақтаруға дәрмен жоқ» деген тәмсілі, сірә, осындайда айтылған болу керек.
Денсаулық сақтау саласында 45 жыл еңбек етіп, шама-шарқыма қарай халқыма қажетті медициналық көмек беріп келемін. Әрдайым халықтың өтінішін, мұңын, жанайқайын түсініп, қолдан келсе бар көмегімді аямаймын. Анда-санда қолыма қалам алып, өмірден көрген-түйгендерімді, ой-пікірлерімді ақ қағазға түсіретін бала кезден сүйегіме сіңген әдетім бар. Пандемияға байланысты қазіргі елімізде болып жатқан жайды біліп, көріп отырып, бей-жай сырттан бақылап отыруға дәтім шыдамады, арыма сыймады. Сөйтіп қолыма еріксіз қалам алғызды. Мысал үшін алысқа бармай-ақ, өзім қызмет істейтін облыстық көпсалалы ауруханада болып жатқан жағдайды баяндайын. Заман дәуірлеп тұрған кезде бұл аурухана өңірдегі ең айтулы, көпшіліктің аузында жүретін емдеу орны еді. Медицинаның әр саласы бойынша жаңа бөлімшелер (гематология, эндокринология, гастроэнтерология, ревматология, кардиология, неврология, қан-тамыр хирургиясы, проктология және т.б.) ашылып, өзінің құрамында консультативтік емхана қызмет етіп, төсек саны 720-ға жеткен еді. Орталық клиникаларға маман-дәрігерлер оқуға жіберіліп, білімін жетілдіріп. тәжірибе жинақтап қайтатын. Білімді, білікті мамандарды халық ерекше сыйлап, құрметтеп, шексіз алғыстарын жеткізіп жататын. Сол кеңшілік заман уақыт келе көзден бұлбұл ұшты. Елімізде реформалар басталды. Денсаулық сақтау саласы да одан құр қалмады. Билікке келген әр министр реформа жасап, Президент пен Үкіметке жақсы көріну үшін барын көрсетіп бақты. Бірте-бірте балалар емханасы, әйелдерге кеңес беретін және басқалар бір шаңырақ астына жиналып, емханалар елге қызмет ете бастады. Салдарынан берекесіздік жайлап, арыз-шағым, айқай-шу көбейді. Ауруханалардан да маза кетті. Төсек саны қысқартылып, күндізгі стационарлар ашылды. Сөйтіп біздің еңбек ететін ауруханадағы әжептеуір қызмет етіп тұрған эндокринология, гематология, ревматология, гастроэнтерология сынды бөлімшелер жабылып олар терапияның құрамына енгізілді. Білгір маман-дәрігерлердің саны қысқарды. Олардың біразы нәпақасын табу үшін жеке клиникаларға кетті. Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына қоныс аударды. Емханаларда ол мамандар бүгіндері жоқтың қасы. Науқастар не істерін білмей, далада қалды. Күндізгі стационарларға алыс ауылдан келгендер жатып, ем-дом алайын десе, түнде қай жаққа барарын білмей, әуре-сарсаңға түседі. Қонақ үйге баруға қалтасы көтермейді. Ағайын-туыстың, танысының үйіне барайын десе, ауру адамды кім құшақ жая қарсы алады.
Облыстық психиатрия мен облыстық наркология диспансерлері қосылып, мамандар саны, төсек орындар шегерілді. Психиаторлар емханаларда ашылған кабинеттерге жіберілді. Бірақ онсыз да тапшы дәрігер-психиаторлар кімге жете берсін, біраз емханалар мамансыз отыр. Әрине бұл да халық наразылығын орынды туғызуда.
Жедел жәрдем станцияларының қызметі де қазір керемет деп айтуға аузың бармайды. Кезінде әр ауданның аурухана жанында жедел жәрдем бригадасы күні-түні қызмет көрсетті. Экс-министр Елжан Біртановтың бұйрығымен барлық жедел жәрдем облыс орталығы арқылы қызмет етуді енгізді. Автотранспорттар жетпей жатқан кезеңде халыққа бұл да ауыр тиді.
Бұрынғы министрдің бастамасымен қаладағы ауруханалар біріктіріліп, әкімшілік санын қысқарту арқылы қаржы үнемделді. Министрдің дәл осы бұйрығымен жыл басында облыс орталығындағы 9 аурухананың басын қосып, бар болғаны 3 көпсалалы ауруханаға айналдырды. Атын атап, түрін түстесек облыстық аурухана, облыстық онкодиспансер және облыстық перинатальдық орталық (перзентхана) бірігіп, облыстық көпсалалы аурухана атанды. Дегенмен бағыт-бағдары әрқилы оған қоса қаланың әр қиырында орналасқан емдеу мекемелерін басын бір арнаға тоғыстыру ақылға қонымсыз. Осындай сәтте аурухана басшылығының емдеу сапасын, кадрлармен жұмыс істеуін қалай бақылайды? Мұндай мекемеде қандай тәртіп болады? Емделушілер ала өкпе болып, табанынан тозбайды ма?
Облыстық және қалалық балалар ауруханалары, инфекциялық аурухана қосылып, бір бас дәрігердің уысына тапсырылды. Ал қалалық №1 және №2 ауруханалар, қалалық перинаталдық орталық (перзентхана) та біріктіріліп, қалалық көпсалалы аурухана атауын алады. Бұл күндері барлық денсаулық сақтау ісінде берекесіздік жайлады. Емдеу ісінің сапасы төмендеді, көпшіліктің шағымы көбейді. Осы фактілер халықтың денсаулық сақтау ісін үш жыл басқарған бұрынғы министрдің кезіндегі жүйесіздікті аңғартады. Министрмен бірге өз қызметіндегі өрескел қателіктері үшін «СК-Фармация» компаниясының басшысы Берік Шәріп пен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов та қызметтерімен қош айтысты. Олардың қызметтеріндегі кемшіліктері мен былықтарды Мемлекет басшысы сын тезіне алды.
Олардың дертпен күрестегі қамсыздығын халық көзбен көріп жүр. Әрине, халқына адал қызмет етуді мақсат еткен мемлекеттік қызметшілер де табылады.
Оған қоса пандемия қасіретін көріп отырған отандастарымыздың бұл өте қауіпті індетке бей-жай қарауы ызаңды келтіріп, ашу шақырады. Қанша айтсаң да сөз өтпейтіндерді түсіну тіптен қиын. «Далада бетперде киіп жүр, көпшілік жиналған жерден аулақ бол, қолыңды жиі-жиі антисептиктермен, сабынды сумен жу…» деген ұсыныстарды қаперіне ілмей, көшеде қалай болса солай ашық-шашық жүріп, қазақтың дәстүрлі беташар, шілдехана, туған күн, жаназа сияқты шараларына тартынбай барып, дәмханалар мен кафелерде бас қосып, ауруды жұқтырып, одан отбасындағыларды, қызмет орындарындағыларға таратып, ауруханаға қиын жағдайда түсіп жатқанына куәгерміз.
Ар-ұятты түріп тастап, табыс үшін бизнесін алға жылжытып жатқандарды көріп, жаның ауырады. Мысалы Тараз қаласының қақ орталығында «Киш-Миш» деген атақты кафе бар. Иелері өзбек ағайындар. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына құлақ аспайды. Күніне сансыз тұтынушыға қызмет етуде. Оның алдына жиналғандардың қарақұрым кезегін көріп түңілесің. Арақашықтықты сақтамайды, басым көпшілігінің бетпердесі жоқ. Ішкі тәртіп те мәз емес. «Сіздерге бас санитар дәрігердің бұйрығы жүрмей ме? Неге жабық кафе жұмыс істеп жатырсыңдар?» деп қынжылсаң, «Біздің кафенің ашық балконы бар, сондықтан бізге рұқсат» деп құтылады. Сөзге құлақ аспайтын, індеттің қаупін ұқпайтын, жиылып кафеге тынымсыз келіп жатқан қазақтардың мына ісіне қынжылып, полиция департаментіне бірнеше рет қоңырау шалдым. Ондағылар самарқау кейіппен тыңдап, арнайы мобильдік топты жіберудің орнына, учаскелік полиция қызметкерін жіберумен ғана шектелді. Сөйтіп «Жабулы қазан жабулы күйінде қалды». Ал «Киш-Миш» тоқтаусыз қызмет көрсетіп, халық арасында коронавирустың кең таралуына ұйытқы болып жүр. Тараз қаласы әкімдігінің де бұл іске көз жұмып қарайтыны таңғалдырады.
Байқасаңыз ауырып, жантәсілім етіп жатқандардың арасында өзге ұлт өкілдері жоқ деуге де болады. Өйткені олар қауіптің қайдан келетінін біледі. Алдын алып сақтанады. Қорғанады. Алдын алу шараларын түсінеді. Ал айналайын қазағым «Құдай сақтасын» деп қойып, болып жатқан іске енжар қарап, айтылып жатқан шараларды орындамайды.
Жедел жәрдем стансаларының қызметкерлері шақыруларға үлгермей, ауруханаларда орын жетпей жатқаны арқамызға аяздай батады. Медицина қызметкерлері соғыс кезіндей бір тыным таппай қажырлықпен еңбек етуде. 12 сағат бойы ыстық күнде синтетикалық қорғаныс костюмінде, бетперде мен көзілдірікте, резиналық етікте жүру жеңіл ме?! «Көйлегіміз денемізге жабысып, кезек соңында резенке етігіміз шылқылдаған терге толып, денеміз ақжем болып кетеді. Бірақ қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Халқымыз аман болсын» дейді медбикелер мен дәрігерлер. Ауруханалардың басым көпшілігі инфекциялық ауруханаларға айналдырылды. Емдеу орындарына барсаң жаны қиналған, дем жетпей қара терге малынып жатқан аурулардың жантүршігерлік дауысын, ыңқылын естігенде бүкіл денең түршігіп кетеді. Өмір мен өлім арпалысын өз көзіңмен көру жеңіл емес. Дәрігерлерде де жүрек бар, жүйке бар. Үйлеріне айлап бармай, бала-шағасын тек телефон арқылы көріп, олардың өкпе-назын, көз жасын көріп, жүректері езіліп, жандары қиналып жүрген дәрігерлердің еңбегін орынды бағалау керек. Волонтерлер де бұл істен шетте қалмай, барынша көмегін аямай қол ұшын беріп жүр. Қаржысы бар саналы азаматтар да керекті дәрі-дәрмектермен, оттегі беретін апараттармен ауруханаларды шамасына қарай қамтамасыз етуде. Тіпті дәрігерлерге арнайы тамақ жеткізіп жүрген қолы ашық, жүрегі нәзік жандарды да кездестірудеміз. Мысалы тараздық кәсіпкер Мира Ештаева тамақ әзірлеп, ауруханадан шықпай еңбек етіп жүрген дәрігерлерге күнделікті жеткізіп жүр. Ақтөбе өңірінің еріктілер қоғамы да қолдарынан келгенше дәрігерлерге көмек қолын созып, барынша жәрдем беруде. Оларына шексіз рақмет. Елін, халқын сүйетін патриоттар игілікті іс-шаралардан осындай қауіпті кезеңде сырт қалмайды деп ойлаймыз.
Осынау шақта халықтың қалтасын қағып, дәрі-дәрмектерді саудаға салған, ұят-ардан, адамгершіліктен безген жандардың мына індет кезіндегі теріс іс-әрекеттеріне еріксіз қапа боласың. Аласапыран кезінде қол ұшын созып, гуманитарлық көмек беріп жатқан басқа ел өкілдеріне шексіз ризамыз. «Сабыр түбі- сары алтын» деп өзімізді өзіміз сабырға шақырғаннан басқа шара жоқ .
М.Монтель «Денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние. Ол жақсы болу үшін не уақытты, не күш-жігерді, не еңбекті, тіпті барлық дүниені аямай жұмсау керек. Денсаулық үшін өмірдің бір бөлігін қиюға болады. Денсаулықсыз өмір – қызықсыз әлем деп есептеймін», дейді. Санасында саңылауы бар адамды еріксіз ойға жетелейтін орынды айтылған ой-пікір. Денсаулығың болмаса жинаған байлығың көк тиынға да тұрмайды. Оны мына беймаза қазіргі дүниеден көріп жүрміз, естіп жүрміз, куәміз.
«Денсаулық – басты байлық» деп қазақ атам бекерден-бекер айтпаған. Сондықтан денсаулық сақшылары дәрігерлердің еңбегін орынды бағалап, қоғам олардың қызметіне тиісті бағасын бергені жөн.
Барлық сақтық шараларын орындап, абай болайық, ағайын! Халқымызға амандық тілеп, карантин шараларын қатаң сақтауға, ал тиісті мемлекеттік органдарды өз қызметіне қырағы жауапкершілікпен қарап, халықтың жағдайын жасауға міндетті. Өйткені біздің мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – халқымыз, оның денсаулығы!
Сын сағатта мына ауыр індеттен халқымызды сақтап қалу үшін бар күшімізді, білімімізді, қаржымызды да аямайық. Бәрлығымыз біріксек, індет те аяғын тартады, халқымызды сақтап қаламыз. Ел-жұртымыз аман болсын!

ПІКІР