Індетпен күрес салғырттықты кешірмейді

0 0

Дәрігерлердің жанкешті еңбегі

Дәл қазіргі пандемиялық ахуал қай жағынан алсақ та халықты қос бүйірден қысып тұр. Ауруханалардағы жағдай күн-түн демей жанталасқан дәрігерлердің жанкенші еңбегі, дәріханалардағы ұзын-сонар кезек біздегі ахуалдың нақты бағасын беріп тұрғандай.
Жергілікті билік өкілдері де бос жүрген жоқ. Жағдайды реттеп, тиісті шешім шығару үшін барын салып бағуда. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев бастаған топ жуырда Тараз қаласындағы бірнеше аурухананы аралап, дәрігерлердің мәселесін тыңдап, науқас жандармен дидарласып, тезірек сауығып кетулеріне тілектестік білдірді.
Облыстық көпбейінді ауруханада облыс әкімінің орынбасарына мұндағы ахуалды денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов баяндады. Басқарма басшысы барлық жұмыс карантиндік талапқа сай атқарылып жатқанын, дәрі-дәрмектер мен медициналық қондырғылар, гигиеналық бұйымдар жеткілікті және дәрігерлер үш сағат сайын ауыстыратын қорғаныш киімдерімен қамтылғанын жеткізді.
Одан кейін облыс басшысының орынбасары облыстық көпбейінді балалар ауруханасының соматикалық, жұқпалы аурулар корпустарымен танысты. Мұнда да дәрігерлердің жұмысы нағыз арпалысқа толы. Өзекті өртегені, мұнда емделушілердің көбі өте ауыр халде ауруханаға жеткізілгендіктен, күніне 4-5 адам көз жұмады екен. Жауапты мамандар осы көрсеткішті төмендету үшін тынбай жұмыс істеп жатқандарын айтады.
Ержан Жұматұлының жолы түскен облыстық фтизипульмонология орталығының да тіршілігі қызып тұр. Мұнда тәулігіне өкпе дертіне шалдыққан 90-110 науқас қабылданады. Ал оларға қажетті препараттар мен оттегі концентраторлары, өзге де медициналық бұйымдар жеткілікті.
– «СК Фармация»-дан бөлінген дәрі-дәрмектердің уақытылы жеткізілуі, науқастардың қажетті препараттармен қамтылуы басты назарда болуы керек. Мемлекеттің, кәсіпкерлердің көмегімен келген оттегі концентраторлары да әділетті бөлінуі тиіс. Олардың ең алдымен ауыр жағдайдағы пациенттерге берілуін қатаң тапсырамын, – деді Е.Жылқыбаев дәрігерлермен кездескенде.
Сондай-ақ ол қосымша мамандар тарту жұмыстарына да қамшы басу керектігін айтып, қазіргі қысылтаяң шақта кадр тапшылығын болдырмау қажеттігін алға тартты. Мұндағы дәрігерлер оттегі қондырғыларының көбеюінен соң арпалысқа толы жұмыс біршама жеңілдегенін жеткізді.

Карантинде көңіл көтергендер

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев келесі күні түнгі сағат 22:00-ден соң Тараз қаласындағы кәсіпкерлік нысандарға да рейд жасады. Өйткені жамбылдық кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында қауіпті індеттен сақтану шараларына әлі де бейжай қарайтындар баршылық. Е.Жылқыбаевпен бірге облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бақыт Ратаев, арнайы мобильдік топтың мүшелері, құзырлы органдардың және төтенше жағдай қызметкерлері де жүрді.
Рейдтік топ Ташкент көшесіндегі «На летнике» кафесінде болғанда, нысанның түн ортасынан ауса да жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізді. Ішінде дені жастардан құралған жиырма шақты адам отыр. Ержан Жұматұлы кафенің әкімшілік қызметкері мен тұтынушыларға карантин талаптарын түсіндіріп, қазіргі ахуалдың ауыр кезеңінде тәртіп бұзбауға шақырды. Ал арнайы қаулыға сәйкес, тиісті мамандар кәсіпкерге айыппұл салу туралы хаттаманы толтырды.
Қонаев-Әйтиев көшелерінің қиылысындағы қонақүйде де карантин талаптарының бұзылғаны анықталды.
Осы қонақүйге қарама-қарсы беттегі «Шишка» мейрамханасында да осындай жағдай. Тексеруші топты көрген бойда демалыс орнының басшылығы сол кезде отырған қырыққа жуық тұтынушыны үш бөлмесіне тығып үлгерсе, әкімшісі де бір бөлмеге жасырына қалған. Төтенше жағдай қызметкерлері шұғыл түрде тиісті құжаттарын толтырып, үш бөлменің есігін бұзып кіруге тура келді.
– Толтырылған хаттамалардың нәтижесінде 2 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Тәртіп бұзған азаматтарға түсіндіру шараларымен ғана шектелдік. Алайда алдағы уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағыдай бас санитарлық дәрігердің қаулысы негізінде айыппұл салуға тура келетінін ескерттік, – дейді жергілікті полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бақыт Ратаев.
Ержан Жұматұлының айтуынша, көпшілік бұл рейдтің мақсаты айыппұл салу емес екенін ұғынғаны жөн. Қазіргі пандемиялық жағдай бізге карантиндік шараларды барынша сақтау қажет екенін көрсетіп отыр.
– Өйткені күн сайын әрқайсымыздың туысымыз, жақынымыз, танысымыз осы дерттен көз жұмып жатыр. Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алуға, азайтуға сіз де, біз де жауапты әрі мүдделі болуға тиіспіз. Осы сияқты рейдтік жұмыстар ахуал тұрақталғанша жалғаса бермек, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ жексенбі күні облыс басшысының орынбасары Ержан Жылқыбаев пен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев қаладағы бірқатар ірі дәріханаларға және облыстық жедел жәрдем стансасына бас сұғып, мән-жайды сұрастырып, тұрғындарды да тыңдады, жағдайды түсіндірді. Байқағанымыз қазір дәріханалардың алдында иін тірескен кезек жоқ. Ал қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті. Тек «Садыхан» дәріханалар желісінде дәл қазір халық іздеп жүрген дәрілердің тапшылығы бар. Е.Жылқыбаев бұл бойынша мәселе көтеріп, ахуалды реттеуге күш салатынын айтты.

Жасұлан Сейілхан

Leave A Reply

Your email address will not be published.