Диагноз

Індетпен нәтижелі күрес қажет

Written by Aray2005

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында аймақта коронавирустық инфекцияның алдын алу және таралуын болдырмау жөніндегі шаралар туралы онлайн баспасөз конференциясы өтті. Жиынға облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов пен аймақтың бас санитарлық дәрігері Ғазиз Надуев қатысты.

Баспасөз конференциясында алғаш болып баяндама жасаған облыстың бас дәрігері Марат Жұманқұлов осы жылдың 11 мамырындағы есеп бойынша біздің облыс вирустың тіркелуі жөнінен 9 орында екенін, соңғы 1 тәуліктегі өсім 1,6 пайызды құрағанын атап өтті.
– Облыс аумағында 2020 жылдың 24 наурызы мен 12 мамыры аралығында COVID-19-дың 185 жағдайы тіркелді. Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 15,99-ды құрады. Тіркелген 185 оқиғаның өңірлер бөлінісіне тоқталсақ, Тараз қаласында – 91, Қордай ауданында – 37, Байзақ ауданында – 18, Жамбыл ауданында – 6, Меркі ауданында – 5, Шу ауданында – 2, Мойынқұм ауданында 1 оқиғадан бар. Сондай-ақ Дели–Тараз рейсімен келген адамдардың арасынан 6, Атырау облысында орналасқан Тенгиз-Шевройлден келген 19 адамнан ауру белгілері табылды. Жасы бойынша тіркелген жағдайларға талдау жүргізу нәтижесінде 1 орында 30-39 жас, 2 орында 20-29 жас, ал 50-59 жас аралығы 3 орында тұр. Тіркелу жағдайларының мәртебесіне талдау жүргізу нәтижесінде 46 жағдайдың сырттан келгені, 40 жағдайдың жергілікті жерде тіркелгені және 99 жағдайдың КВИ анықталған науқастармен байланыста болғандығы анықталды, – дейді Марат Сейітбекұлы.
Бұдан өзге басқарма басшысы облыс аумағында науқастармен қарым-қатынаста болған 2506 тұлға анықталғанын, карантинде эпидемияға қарсы режимнің сақталуы қатаң бақылауда екенін жеткізді.
Брифингте емдеу шараларына жұмылдырылған медицина қызметкерлерінің демалыс орындары ұйымдастырылғанын айтқан М.Жұманқұлов инфекцияның алдын алу және таралуын болдырмау мақсатында бөлінген қаражаттың бүге-шүгесіне дейін айтып берді. Өз кезегінде облыстың бас санитарлық дәрігері Ғазиз Надуев өңір тұрғындарын санитарлық шараларды қатаң сақтап, карантин талаптарына бағынуға шақырды.
***
Кешегі соңғы мәлімет бойынша облыста коронавирус жұқтырған 198 адам тіркелді. Ал 94 науқас аурудан жазылып шыққан.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР