Сұхбат

Індеттен қалай сақтанамыз?

Written by Aray2005

Әлем елдерімен бірге қазақстандықтар үшін де басты тақырыпқа айналған коронавирус індетінен сақтану жолын іздеушілердің қарасы қалың. Олардың арасында біздің оқырмандарымыз да бар. Осы орайда біз көпшіліктің көңілін күпті еткен сауалдарды дәрігерлерге қойып, олардың жауаптарын сол күйінде қалың оқырманға жеткізу мақсатында «ARAI»-дың онлайн емханасы» айдарын ашып отырмыз. Жаңа айдарымыздың алғашқы сұхбаты №5 Тараз қалалық емханасының бас дәрігері Динара Сәрсеновамен өрбіді.

– Динара Амангелдіқызы, халықты әбігерге салып отырған пневмония, коронавирус кеселдерінен қорғану үшін не істеу керек?
– Пневмония және коронавирустан қорғану үшін мүмкіндігінше көпшілік адамдар, оның ішінде респираторлы аурудың белгілері бар адамдармен ара қашықтықты сақтау керек. Балалар мен үлкен жастағы адамдар мүмкіндігінше үйде болғаны дұрыс. Қолдарыңызды үнемі сабынмен жуыңыздар немесе құрамында спирті бар заттармен өңдеңіздер. Сондай-ақ қолдарыңызбен көздеріңізді, мұрныңызды және аузыңызды ұстамаңыз. Көпшілік орындарда міндетті түрде бетперде тағып, медициналық қолғап кию керек. Және оларды да жиі ауыстырып тұру қажет. Міне, осы қарапайым дүниелерді назарға алсаңыз, індеттен аулақ боласыз.
– Егер адам өзін жайсыз сезіне бастаса, оның тұмау немесе коронавирус екенін тест тапсырмай, үй жағдайында қалай біле алады?
– Коронавирус жұқпасының белгісі басқа да респираторлық аурулардың белгілеріндей болуы мүмкін. Яғни оның клиникасында дене қызуының көтерілуі, жөтел, дәм және иіс сезудің болмауы, тыныс алудың нашарлауы бар. Сондықтан тест тапсырмайынша оның коронавирус екенін нақты айту қиын. Сол себепті де осындай белгілер байқалса, бірден медициналық көмек сұрап, дәрігерге қаралу керек. Дәрігердің кеңесінсіз өз бетінше емделуге болмайды. Себебі өз бетінше емделіп, бірден антибиотиктер немесе өзге де препараттарды қабылдау кей кісілерге кері әсер етуі әбден мүмкін. Әр адамның ағзасы, сырқаттану жағдайы әрқалай болып келетіндіктен, дәрігердің кеңесімен ғана ем алу міндеттеледі.
– Кейбір мамандар медициналық бетпердені тағып жүрудің де зияны барын айтады. Жалпы үнемі маскалық режимде жүрудің ережесі қандай?
– Медициналық бетпердені тағу аталған аурудың таралуын шектеуге мүмкіндік береді. Бұл қорғаныш құралын, әсіресе қоғамдық орындарда міндетті түрде қолдану керек. Әрине оның өзі жұқпаға кепілді бөгет бола алмайды. Сонымен қоса басқа да алдын алу шараларымен үйлестіру қажет. Яғни қол және тыныс алу мүшелерінің гигиенасы, өзара және басқа да адамдармен 1 метрден кем емес ара қашықтықты сақтай отырып, тығыз қарым-қатынастан алшақ болу керек.
– Көп ата-аналар балалардың денсаулығы үшін алаңдайды. Шүкір, балаларға коронавирус жұққанын естіген жоқпыз, яғни бұл індеттің құрсауынан балалар аман қала алады ма?
– Балалар ауырған жағдайда оларға емді дұрыс жасап, аман алып қалуға болады. Негізінде балаларда иммунитет жоғары болу тиіс. Сонымен қатар алдын алу шараларын катаң жүргізуді естен шығармаған абзал. Сол себепті де Үкімет мектептерде қашықтықтан оқытуды қолға алып, балабақшалардың жұмысын уақытша тоқтатты. Сауда-саттық, ойын-сауық орындарына, дүкендерге тағы сол сияқты көпшілік жиналатын орындарға балаларды жібермеу қажет. Осы тәртіптерді сақтай отырып, біз балаларымызды аталған індеттен қорғай аламыз. Бала – біздің болашағымыз. Алайда олар өте аңғал, ненің дұрыс-бұрыстығын айыра білмейді. Сондықтан әр ата-ана дәл қазіргідей көзге көрінбейтін жаумен шайқасқан майданда балаларға өте мұқият болса екен деймін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

ПІКІР