Індетті жеңудің жалғыз жолы – вакцина

0 13
Алдыңғы күнгі мәлімет бойынша облыс аумағында жалпы COVID-19 індетінің 10 мың 90 жағдайы тіркеліпті. Ал пневмонияға шалдығу дерегі 4 мың 742-ні құраған. Сол күнгі бір тәулікте КВИ-дың 35 жағдайы (тәуліктік өсім 0,3 пайыз), пневмонияның 9 жағдайы (тәуліктік өсім 0,2 пайыз) тіркелген екен. Сауығып шыққандардың саны – 9 мың 462 адам. Жалпы коронавирус инфекциясынан 85 адам бақилыққа бет түзеген. Індетті жұқтыру бойынша Тараз қаласы 5 мың 271 жағдаймен көш басында тұрса, одан кейінгі орындарға Қордай, Байзақ, Шу аудандары жайғасқан. Басқа облыс тұрғындары арасынан 67 дерек кезіккен. Пневмонияның да аймақтар бөлінісінде Тараз 1 мың 837 жағдаймен алда тұр.
Инфекциялық стационарлардағы 1 мың 765 төсектің 669-ында науқас жатса, 45 жансақтау бөліміндегі 177 төсек-орынның 25 пайызы толған. Карантиндік стационарларға 21 адам орналастырылған. Бір қарағанда індет бізден іргесін аулақ салған секілді көрінгенімен, шын мәнінде жағдай осындай.
Жалпы медицина қызметкерлері індетті анықтау, оның алдын алу, күресу тұрғысында белсенді жұмыс істеп жатқаны анық. Десе де Қазақстан өңірлерінде эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы мәселеге бейжай қарауға болмайтынын ашық көрсетіп отыр. Өйткені індет жұқтырушылар саны қайтадан белең алды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстарының қызыл аймаққа енуі де ойланарлық жағдай. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов қазір коронавирус инфекциясының мутацияланған «Дельта» штамының адамға жұғу қаупі өте жоғары екенін айтады.
– Бұрын коронавирус инфекциясын жұқтырғандардан індет белгісі 14 күннен кейін анықталатын және олар өзі ауырғанын сезінбесе де өзгелерге жұқтырып жүре беретін. Ал қазір үндістандық штамды жұқтырған адамдардан дерт белгісі бес күн ішінде анықталады және қауіптілігі өте жоғары. Сонымен қатар бұл індетке шалдыққандардың 90 пайызы аурухана төсегіне таңылады. Сол үшін облыс тұрғындары сақтық шараларын қатаң ұстанумен қатар, екпе салдыруы қажет. Бізде індеттің жұқтыру дерегі қайтадан белең алуына тұрғындардың сақтық шараларына немкеттілікпен қарауы себеп болып отыр. Қазір белгілі бір мекемеге барғанда болмаса медициналық бетперде тағуды елдер ұмыта бастады. Одан бөлек ас, той секілді жиындар да тыйылмай тұр. Той жасаушылар да, тойға барушылар да ойлануы қажет, – дейді Хамит Саттарқұлұлы.
Бір айта кетерлігі, індетке тосқауыл қою үшін облыс тұрғындарының кем дегенде 582 мыңы екпе салдыруы қажет. Сонда ғана індеттің адамнан адамға таралу қауіптілігі біршама төмендейді екен. Бүгінде халықты вакцинациялау жөнінде жасалған жоспардың орындалуына баса мән беруінің астарында осындай сыр жатыр. Бірақ күні кешеге дейін жұртшылық екпе салдыруға онша құлшыныс таныта қоймап еді, соңғы уақытта облыстағы 23 алғашқы медициналық стационарлық көмек ұйымдарындағы 43 егу пунктіне барып екпе салдырушылардың қатары көбейіпті. Әсіресе қалалық жердегі 15 егу пунктінде ұзын сонар кезек көбейген. Медицина мамандары мұны тұрғындардың коронавирус инфекциясының алдын алуда екпе салдыру пайдалы екенін түсіне бастағанымен байланыстырады.
– 6 шілдедегі жағдай бойынша 1 рет барлығы 212 мың 375 адам екпе салдырды. Бұл облыс тұрғындарының ішіндегі 582 мың адамның 36,5 пайызын құрайды. Оның ішінде 16 мың 754-і медицина қызметкерлері. 30 мың 131-і білім беру ұйымдарының қызметкерлері. Екпе салдырған күштік құрылым мамандарының саны – 18 мың 457. Сонымен қоса 5 мың 141 мемлекеттік қызметші мен 5 мың 290 студент, 540 әлеуметтік мекеме қызметкерлері, 17 мың 703 созылмалы аурулары бар тұлғалар және 118 мың 359 әртүрлі маман иелері мен тұрғындар екпе салдырып отыр.
Екпе алған 212 мың 375 адамның 112 мың 111-і вакцинаның екінші компонентін алды. Бұл облыстағы 582 мың адамның 19,3 пайызын құрайды. Вакцина алғандар тарапынан денсаулығына теріс әсер беріп, шағым келтіргендер тіркелген жоқ, – дейді облыстық жұқпалы аурулар бойынша кеңес беру-әдістемелік орталығының басшысы Гүлфайруз Мырзабекова.
Бір айта кетерлігі, тұрғындар арасында әлі де болса екпе салдырғысы келмей жүргендер жетерлік. Олардың айтар сылтауы да әртүрлі. Мәселен Талас ауданындағы Ақкөл ауылының тұрғыны Жұман Бейлов екпе салдыруды құнттамай жүр екен.
– Таныстар екпе салдырудан қорқып жүр деп ойлауы мүмкін. Екпенің індеттен сақтануда маңызы айрықша екенін, дертке шалдықпаудың жалғыз жолы – екпе салдыру, сақтық шараларын ұстану екенін жақсы білемін. Бірақ тіршілік қамы мен күнделікті күйбең тірліктің жетегінде кетіп, осы мәселені құнттай алмадым. Екпені «әне салдырам, міне салдыраммен» уақыт өтіп жатыр. Жалпы екпе салдырудан қашпаймын, – дейді ол.
Елге белгілі тележурналист Бибігүл Жексенбай өркениеті озық елдерде індетке қарсы екпе салдыру ақылы екенін айтады. Ол мемлекетіміздің халықты тегін вакцинациялап жатқанына шүкір деу керек деген сыңай танытты.
– Бірнеше жыл отағасының қызмет бабымен Норвегияда уақытша тұруымызға тура келді. Індет әлемді дүрліктіргенде біз сол елде болдық. Барлық жағдайды, әсіресе туған еліміздегі індетке қарсы жүргізілген күресті бақылап отырдым. Отандық «QazVac» вакцинасы жасап шығарылғанда Норвегияда қазақстандық вакцина туралы ақпарат таратыла бастады. Бұл ел 3 миллиард доллар көлемінде вакцинациялау ғаламдық альянстық қорына қаражат бөлген болатын. Сондықтан да бұл бағыттағы дүниежүзі бойынша жасалып жатқан әрбір қадамды жіті бақылап отырды. Отандық вакцинаның сәтті шығып, дүниені дүрліктірген індетке тосқауыл қоюға айтарлықтай үлес қосып жатқаны біз үшін мақтаныш.
Мені әу баста «Қазақстанда вакцинациялау жұмысы қандай тәртіппен жүргізіледі? Кез келген адам қалаған уақытында екпе салдыра ала ма? Ертеңгі күні екпеге аса зәру адамдарға жетпей қалып, қиындық тумай ма?» деген сұрақтар мазалағаны рас. Мәселен Норвегияда ең бірінші кезекте 80 жастан асқан қарттарға, сосын 70-ке келгендер мен түрлі созылмалы дертке шалдыққандарға, қоғамдық маңызы жоғары дәрігер, полиция, ұстаз секілді тағы да басқа мамандарға, сосын жас ерекшеліктеріне байланысты жергілікті халыққа топ-тобымен екпе салынды. Король Харальд пен Соня патшайым қаңтар айында-ақ вакцинацияланған. Екеуі де 83 жаста болғандықтан алғашқы топқа енді. 60 жастағы Премьер-министр Солберг ханым да өз кезегімен екпе салдырды. Сол секілді норвегиялықтар түгел вакцина алып біткеннен кейін ғана біз секілді шетелдік азаматтар ең соңында екпе салдырды. Мен ол елде «Модерна» атты вакцина салдырдым. Айтайын дегенім, шетелде екпе салдыру ақылы, ал бізде тегін жүргізіліп жатыр. Сондықтан тұрғындар мемлекеттің жасап жатқан қамқорлығын сезінсе екен деймін, – деді Б.Жексенбай.

Негізінде жұрттың екпе салдыруға құлшыныс танытпауына, тіпті іштей қарсы болуына қоғамда вакцинаның төңірегінде екпенің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты өршіген дау мен түрлі алыпқашпа әңгіме себеп болғаны анық. Десе де әлем екпе ектірудің пайдасы зор екенін әлдеқашан дәлелдеді. Сол үшін әркім өз денсаулығы мен ұлт болашағы үшін екпе салдыруды кешеуілдетпеуі керек.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.