Диагноз

Індеттің алдын алу – міндет

Written by Aray2005

Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың төрағалық етуімен облыстық штаб отырысы өтіп, онда сібір жарасы ауруының өңірдегі ахуалы, қызылша мен қызамық дертіне қарсы иммундау шаралары және менингококк инфекциясына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Басқосуда облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуев күйдіргі дертіне күдікті диагнозымен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған екі науқастың қазіргі жай-күйі туралы хабарлама жасап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Бұл 12 қыркүйекте болған жайт. Емдеу мекемесіне күйдіргі індетіне күдікті диагнозымен екі азаматтың жатқызылғаны туралы телефон арқылы ақпарат түсе сала, арнайы сызбаға сай барлық құзырлы мекемелерге шұғыл хабар бердік. Осыған орай тиісті сала мамандары бірлесе отырып, індеттің ошағы мен аумағын анықтау мақсатында эпидемиологиялық-эпизоотиялық зерттеу жүргізді. Нәтижесінде олардың Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылының 1995 және 1975 жылы туылған азаматтары екені анықталды. Олар 1-2 қыркүйек күні Жуалы ауданында ветеринарлық дәрігердің рұқсатын алмай, індет жұқтырған малдарды сойған. Ал олар белгілі бір шаруа қожалығына тиесілі екен.
Осы қосымша зерделеу жұмыстарының арқасында аталған қожалықтың малшысы Жуалы ауданы, Ынтымақ ауылының тұрғындары 1971 жылғы азамат пен оның 1983 жылғы әйелінен де күйдіргі індетінің белгілері анықталып, шұғыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Бүгінде науқастардың жағдайлары тұрақты, қанағаттанарлық, емдерін жалғастыруда, – деді Ғазиз Дүйсенбекұлы.
Департамент басшысы орынбасарының сөзіне сенсек, тексеру кезінде қарым-қатынаста болған 44 адам анықталыпты. Олардың 11-і Жуалы, 10-ы Жамбыл аудандарының азаматтары болса, 23-і Тараз қаласынан екен. Қазір олардың барлығы медициналық бақылауға алынған.
Арнайы мамандар жедел ауру мал қамалған қора, жайылымнан 160 сынама алып, тексеру жүргізген. Оның бесеуі оң нәтиже берген. Ауру ошағы анықталған жерде камералық және қорытынды дезинфекциялық жұмыстар толығымен жүргізіліпті. Сонымен қатар 20 тамыз бен 11 қыркүйек аралығында жеке шаруашылыққа тиесілі 23 ауру ірі қараның сойылғаны белгілі болып отыр. Бүгінде олардың еттерінің қайда өткізілгенін құзырлы мекеме мамандары анықтап жатқан көрінеді.
Бір айта кетерлігі, жергілікті лаборатория сынамадан індеттің бар екенін анықтаған болса, министрлікке қарасты зертхана ешқандай ауру белгісін таба алмаған. Алынған сынаманың екі түрлі нәтижесі екіұдай ойға қалдыратыны сөзсіз. Осыған қатысты облыс әкімінің орынбасары тиісті сала мамандарына нақты тапсырма берді.
– Министрліктің лабораториясы оны анықтай алмаған болса, оны хабарлау керек. Егер ол мекеменің құрал-жабдықтары жаңартуды қажет етсе, оған қаражат бөлу жағын қарастыруға тиіспіз. Ал егер мамандар біліктілік талаптарына сай келмесе, олардың жауапкершілігін қарау керек. Зерделеу жұмыстарының қорытындысын күтіп, осы бойынша жұмыс істеуіміз қажет, – деді Еркебұлан Әбілханұлы.
Жиында осы салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров індет тіркелгеннен кейін зерделеу жұмыстары басталып кеткенін жеткізді. Мамыр-маусым айларында сібір жарасының ошақтарынан сынамалар алынған. Бірақ ешқандай індет анықталмаған. Басқарма басшысының айтуынша, мал еті арқылы дерт таратуы мүмкін әрі ең қауіпті саналатын орын – шұжық шығаратын цехтар екен. «Біз жүйелі жұмыс жүргізу үшін ветеринария саласы бойынша тиісті сала мамандарын тарта отырып, нақты ереже бекітуге тиіспіз. Бұл нәтижелі жұмыс жүргізудің кепілі болмақ. Сонымен қатар қала мен аудан бойынша малдардың екпемен қамтылуына, елді мекендердегі шаруа қожалықтарына және олардың мал санына зерделеу жұмысын жүргізу керек», – деген Еркебұлан Дауылбаев ереженің жобасын дайындауды тиісті тұлғаларға тапсырды.
Сондай-ақ штаб отырысында облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының өңірдегі инфекциялық аурулардың қатерлерін басқарудың кеңестік-әдістемелік орталығының басшысы Гүлфайра Мырзабекова қызылша мен қызамыққа қарсы 20-29 жас аралығындағы адамдарды қосымша иммундау жүргізіліп жатқанын, аталған жұмыстардың ұйымдастырылу барысын баяндады.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР