"Кәсіпкерлік"

Индустриалды аймақтан кәсіп ашуға ұмтылғандар ұтылмайды

Written by Aray2005

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Үкіметке биыл «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісуді тапсырған болатын. Жалпы, Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының ел экономикасын ілгерілетуде айтарлықтай маңызға ие болғаны белгілі. Сондықтан да, аталған бағдарлама аясында әрбір өңірде индустриялық аймақ құру ісі қызу қолға алынып, өз өңірімізде де бірқатар жобаларды жүзеге асыру екшелген еді. Негізінен, индустриялық аймақ құрудағы басты мақсат – экономиканы шикізат тәуелділігінен арылтып, өндірісті өркендетумен қатар, шағын және орта бизнесті дамыту.

Біз өз өңірімізде индустриялық ай­мақ құру арқылы облыс экономикасын бәсекеге қабілетті ету мен шикізаттық емес секторларды дамытуда қандай инвестициялық жобалар жүзеге асырылғалы жатқанын білмек мақсатта облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына хабарласқанымызда, бұл бойынша жобалар облыс әкімінің қарауында жатқанын, нақты мәліметке жүзеге асырылуы тиіс жобалар қолдау тапқаннан кейін ғана қол жеткізе алатынымызды айтты. Негізінен, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев аталған Жолдауда: «ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады. Бірақ, шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан, облыста индустриялық аймақ бойынша жобалардың қайта сүзгіден өтіп, пысықталуы орынды-ақ. Десе де, біз Шу ауданындағы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының жай-күйін аудан әкімі Қайрат Досаевтан сұрап білген едік. Өйткені, индустриялық-инновациялық саясаттың басты мақсаты – бәсекеге қабілетті жоғары технологиялар индустриясын қалыптастыру. Осы мақсатта мемлекет қолдауы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өнеркәсіп нысандарын орналастыру және пайдалану үшін жер телімін бөліп беріп, инвестор тартуға жағдай жасау, оларды инфрақұрылыммен, инженерлік-техникалық коммуникациялармен қамтамасыз ету болса, арнайы экономикалық аймақ құрудың да басты мақсаты және талаптары осыған ұқсас. Нақты айтқанда, кластерлік бағыт негізіндегі заманауи өндірістерді дамытумен қатар, шетелден немесе өз елімізден инвестиция тарту, шағын және орта бизнес субъектілерінің өз жобаларын жүзеге асыруына жағдай жасау.
Қайрат Әскербекұлының айтуынша, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы жобасының жалпы құны – 36 миллиард 100 миллион теңге. Осы жоба бойынша елімізде мүлдем немесе аз көлемде шығарылатын химиялық өнім өндіретін кемінде 15 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл бастама аясында кезінде «Тараз химиялық паркі» АЭА басқару компаниясы» акционерлік қоғамы құрылып, арнайы экономикалық аймақты басқару және құрылысын жүргізу бойынша тәжірибесі мол сингапурлық «Jurong Town Consultants» компаниясы бірлесіп жұмыс істеуге келісім берген. Жобаларды жүзеге асыруда 505 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі таңда, инфрақұрылым жұмыстары 80 пайызға аяқталып, арнайы экономикалық аймақта 64 адам жұмыс істеп жатыр екен.
– Бүгінде «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағына 8 қатысушы тіркеліп, 9 жоба бойынша жұмыстар жүргізуде. Соның бірі – «Хим-плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның құны – 132 миллиард 314 миллион теңге. Жоба аясында алдағы уақытта «Глифосат (гербицит)» және үштекті фосфор хлоры өндіріліп, біріктірілген химиялық комплексі арқылы «Каустикалық сода» шығарылады. Оның қуаттылығы – жылына 100 000 тонна өнім өндіруге қауқарлы. 2019 жылдың соңында жоба іске қосылып, 842 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Осы тектес «Qadam industries» ЖШС жылына 2 мың тонна пестицид, «Өндірістік компания «НИКА» ЖШС сутегі асқын тотығын (перекись водорода), «Inter marketing» ЖШС құрғақ бутилдік ксантогендік натрийін, «Central Asia Chemical» ЖШС тереңдетіліп өңделген табиғи газ, «RM Industry» ЖШС жоғары таза молибден триоксидін, «De plastic» ЖШС полиэтилен қаптамасын, «Record Сompany» ЖШС құны 16 миллиард 600 миллион теңгені құрайтын шина және резина, «Грануферт групп» ЖШС түйіршіктелген сульфомочевина, аммоний сульфаты және өзге де минералды тыңайтқыш өнімдерін өндірмекші.
Қазіргі таңда, ішкі газбен қамтамасыз ету – 60 пайызға, теміржол дәлізі, ішкі теміржол мен ішкі автожол – 85, стансаның даму жолы – 56, автожол дәлізі – 95, су құбырын электрмен қамтамасыз ету – 80, сыртқы электрмен жабдықтау – 80, шаруашылық-тұрмыстық ағынды суларды жинақтағыш тоғандар – 95, әкімшілік тұрмыстық ғимарат – 54, №1 бақылау өткізу пункті (КПП) – 90, өрт сөндіру депосы – 52, абаттандыру – 45, әкімшілік автотұрақ – 80, бейнебақылау – 43, сыртқы байланыс желілері – 45 және әкімшілік-тұрмыстық корпустың құрылысы 76 пайызға орындалды, – дейді Қ.Досаев.
Жалпы, орта және шағын бизнес субъектілерін дамытуда шағын индустриялық аймақ құрудың да маңыздылығы айрықша. Бүгінде Тараз қаласында шағын индустриялық аймақ құру бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыру көзделіп отырғанын айта кетуіміз керек. «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Айдар Абдықадыров кәсіпкерлер палатасы тарапынан қазіргі таңда кәсіпкерлерді осы шағын индустриялық аймақтан (ШИА) өз кәсіпорнын ашу үшін іскер азаматтарды тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Үміткерлер үшін ол аумақтан жер телімі немесе кеңсе, ғимараттарды жалға алу үшін жеңілдетілген тарифтер қарастырылыпты. Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің бизнесі аяққа тұрғанша, үш айлық жеңілдік кезеңі тағы бар. Шағын индустриялық аймақ орындары шаһардың орталығынан 10 минуттық қашықтықта орналасқан. Соның бірі – «Түріксіб» шағын индустриялық аймағы. Ол Байзақ батыр көшесіндегі бұрынғы теміржолшылардың мәдениет үйіндегі «Түріксіб» мейрамханасы орнынан құрылмақ. Жалпы жер аумағы 11 гектар болса, ғимараттың жалпы ауданы 2205,9, қойма ғимараты – 220,5, өндіріске арналған ғимарат аумағы – 1 771 шаршы метр. Онда электр, газ, су құбыры секілді қажетті барлық инфрақұрылым жүргізілген.
– Бұдан бөлек, тағы екі шағын индустриялық аймақ бар. Соның бірі – Сыпатай батыр көшесінде орналасқан «Шұғыла» шағын индустриялық аймағы. Екіншісі – «Жан» ШҚ базасында салынбақшы. Ол Жамбыл ауданының Қаратөбе ауылдық округінде, яғни, Тараз қаласын айналып өту тас жолының бойында, автокөлік базарының қасында орналасқан. Бұл база «Оңтүстік халал», «Имсталькон», «Алина-Холдинг», «Жамбылгипс» секілді өндірісі қарқынды дамып келе жатқан бірқатар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне тиіп тұр. Осы шағын индустриялық аймақтарда кәсіпкерлер өз жұмысын жүргізу үшін 5 жылдан кем емес мерзімге келісімшарт жасалады. Жалға алудың белгіленген уақыты – 5 жыл. Әрбір аймақта кәсіпкерлер киіммен, жуу құралдары, былғары өнім, жиһаз өнімін өндіретін және полиграфия сынды тағы да басқа өндіріс көздерін ашу мақсатында, бұдан бөлек оңалту, оқыту орталықтары секілді әлеуметтік жобалар бойынша да өндірістік қызметпен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерін орналастыра алады. Кәсіпкерлер палатасы резиденттерге тегін заңгерлік және бухгалтерлік қызмет бойынша, бірлесе қаржы тартуға, «Атамекен» бизнес мектебі арқылы білімін жетілдіруіне, жарнама, бизнес жоспар жасауға, ақпараттық және PR тұрғысында қолдау көрсетуге дайын, – дейді Айдар Қайнарұлы.
Байқап отырсақ, мемлекет тарапынан ел игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан жобалар аясында кәсіпкерлікке кең өріс ашылып отыр. Мұның кәсіпті қайда және қалай бастаудан бөлек, тоқтап тұрған кәсіпорындардың да өз ісін жандандыруына мол мүмкіндік беретіні анық. Сондықтан, бизнеске бейім азаматтар индустриялық аймақ аумағынан бүгінгі нарықтағы сұранысқа ие тауарларды шығаратын өндіріс орындарын ашуға ұмтылса, бұдан ұтылмасы анық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР