Интернет-алаяқтыққа қалай тосқауыл қоямыз?

0 4
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев­тың төрағалығымен облыс әкімдігі жанын­дағы құқықбұзушылық профилак­ти­касы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомс­твоара­лық комиссияның отырысы өтті.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Қалметов алты айдың қорытындысы бойынша тіркелген қылмыстар саны 1,8 пайызға төмендегенін хабарлады. Есепті кезеңде 60-тан астам жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Қоғамдық орындар мен көшелердегі қылмыстар саны азайған.
Дегенмен Бердібек Сапарбаев интернет-алаяқтықтың күрт өскенін атап өтіп, бұл мәселені бақылауда ұстап, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
Кездесу барысында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің басқа да өзекті мәселелері талқыланды.
– Ведомствоаралық комиссияның өткен отырыстары барысында аудан әкімдеріне әр ауылда учаскелік инспектор тағайындау, оны тұрғын үймен қамтамасыз ету, полиция қызметкерінің сол ауылда тұруы, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас жасауы тапсырылған болатын. Оған сеніп тапсырылған аймақтағы тыныштық пен тәртіп учаскелік полиция қызметкерінің жұмысына байланысты. Барлық учаскелік инспекторлар автокөлікпен қамтамасыз етілген. Бірақ олардың барлығы қызмет орны бойынша тұрып жатқан жоқ. Бұл мәселені уақыт созбай шешу қажет, – деп Бердібек Сапарбаев аудан әкімдеріне талап қойды.
Бұдан соң облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Рахымберді Ашкеев баяндама жасады. Ол жол-көлік оқиғалары санының өскенін хабарлады. Апаттың негізгі себептерінің бірі – жылдамдықты арттыру. Ұйқылы-ояу және шаршаңқы жүргізушілер өздеріне және жол қозғалысының басқа да қатысушыларына зиян келтіру қаупін тудырады.
Бердібек Сапарбаев жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылау бейнекамера­ларын орнату, жолдардың сапасын жақсарту­дың маңыздылығын атап өтті. Бұл міндеттер полиция департаменті мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалына жүктелген.
– Таразда жүргізушілер көліктерін жол бойына қойып кетуді әдетке айналдырған. Дұрыс тұрақтамағаны үшін тәртіп бұзушы­лар­ды жауапкершілікке тарту керек, – деп атап өтті облыс әкімі.

Басқосу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері де қаралды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен ағымдағы жылдың алты айында өңірде 42 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген десек, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31-ге аз. Бұл туралы ведомство басшысы Әділхан Әшірбаев мәлімдеді.
– 6 мониторингтің нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға қатысты 13 ұсыным жолданды. Мониторинг жер учаскелерін бөлу рәсімдерін, карантиндік шектеулерді сақтай отырып, әлеуметтік төлемдерді тағайындауға қатысты мәселелерді қамтыды, – деді А.Әшірбаев.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірге мемлекеттік сатып алу жүйесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде, мемлекеттік органдардың сатып алу жоспарын қайта қарап, 950 миллион теңге үнемделген.
Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Алмас Дүйсенбаев ағымдағы жылдың жартыжылдығындағы камералдық бақылау қорытындысына сәйкес, бұзушылықтарды жою бойынша 1442 хабарлама жіберілгенін тілге тиек етті.
Бұзушылықтарды жоймаған басқарма басшылары ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 462-бабы (заңды талаптарды немесе мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары берген нұсқамаларды орындамау немесе тиісінше орындамау) бойынша жауапкершілікке тартылған.
Отырыс қорытындысы бойынша аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қаралған мәселелерге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуы бақылауда болатынын баса айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.