Интернеті жоқ ауыл

0 51

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырып, нәтижесінде 2017 жылы елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қолға алынғаны белгілі. Сол кезден бастап еліміздің экономика, өндіріс, білім, денсаулық сақтау, экожүйе, көлік және логистика секілді кез келген салалары мен мемлекеттік органдардың қызметін цифрландыру, адами капиталды дамыту, интернет қолданушылардың санын арттыру, халықтың цифрлық сауатын ашу, қолма-қол есеп айырысуды тоқтату, қазақстандықтардың 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттерді жүзеге асыруға ден қойылды. Еліміз цифрлық технологияны қолдану арқылы цифрлық мемлекетке көшуге бет бұрды.

Осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру арқау етілген аталған бағдарламада ауыл-аймақтарды 2020 жылға дейін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселесі тайға таңба басқандай көрсетілгенімен, бүгінде бұл іс баяу жүргізілуде. Тіпті өңірдегі шалғай аудандарда жоғары жылдамдықты интернет тұрмақ, ұялы байланыс мүлде ұстамайтын елді мекендер де бар. Аталған олқылық былтыр әлемді дүрліктірген пандемия кезінде, яғни мектеп оқушылары мен студенттер қашықтан оқуға көшкенде алдымыздан шыққаны белгілі. Сол кезде балалар «Zoom», «Daryn Online», «Bilimland.kz» тектес платформаларға интернеттің әлсіздігінен тіркеле алмай, нәтижесінде біршама қиындықтар туындағаны есте. Сол уақытта жағдай қашықтан оқуда «WhatsApp» әлеуметтік желісін пайдалану тиімді тәсіл екенін көрсеткен еді. Соның өзінде ғаламтор желісінің дұрыс жұмыс істемеуінен өңірдің кейбір шалғай елді мекендеріндегі балалар онлайн сабаққа қатысу үшін қыр жағалап кеткен кезі болған. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша да қысқамерзімді оқыту курсынан өтіп жатқан мойынқұмдық бірқатар болашақ кәсіпкердің де қашықтан оқу қиындығы салдарынан тесттен өте алмағанын, кейбірі интернеттің нашарлығынан берілген тапсырманы жүктемек тұрмақ, ортақ чатқа қосыла алмай қойғанын газетіміз уақытында мәселе етіп көтерген-ді. Осы кемшілік арада айлар өтіп, жыл жылжығанымен әлі де жойылмапты. Мәселен Жамбыл ауданының Қаракемер ауылдық округіндегі Құмтиын ауылында не интернет, не ұялы байланыс ұстамайды. Аудан орталығынан батысқа қарай, небәрі екі-үш шақырым қашықтықта орналасқан осы елді мекен тұрғындарының интернетке қосылудан басқа аудан билігіне айтар базынасы жоқ. Ауыл тұрғыны Балжан Әбдікерімованың да пікірі осы сарында.
– Төрт балам бар. Оның екеуі мектеп жасында. Ауыл мектебіне интернет жүйесі тартылған. Балаларым сабақта мектептің компьютерін пайдаланады. Бірақ үйге келгенде қосымша сабаққа немесе берілген тапсырмаға дайындалу үшін өз бетінше ізденуде қиындық туындайды. Негізінен оқушы мұғалімнің айтқанын өзіне қайталап берумен ғана шектелмеуі керек. Қазіргі заманда оқушы үшін интернеттің көмегімен ізденіп, білімін жетілдіруге бар мүмкіндік жасалған. Бірақ біз аудан орталығына таяқ тастам жерде отырып, цифрлық жүйенің рақатын сезіне алмай отырмыз. Құдды бір қойлы ауылда отырғандай, интернет түгілі, ұялы байланыстың өзіне зар болып отырмыз. Мобильді интернет жүйесі тым нашар, «Е»-нің өзі жөнді ұстамайды. Ұялы байланыс қызметі де оңып тұрған жоқ. Осы ауданның ең шалғай елді мекенінің бірі саналатын Ерназар ауылының тұрғындары «Beeline»-ның 4G интернет жүйесіне еш қиындықсыз қосылып отыр. Ал біздің ауылда бірде-бір байланыс операторына қосылу құрылғысы орнатылмаған. Біреумен сөйлесу үшін үйден далаға шығуымызға тура келеді. Кейде терезенің алдына ұялы телефонды қойып қойсақ, бір-екі таяқша ұстайды. Хабарласқан адаммен тілдесейін десек, адамның дауысы үзік-созық болып жөнді естілмей, соңында байланыс үзіледі. Интернетке қосылу үшін қора-қопсының төбесіне шығуға мәжбүрміз. Бізге ауылдық округ әкімі «Aktiv», «Tele 2», «Beeline» секілді ұялы байланыс операторларымен тіл табысып, бір байланыс мұнарасын орнатып бермесе, бүгінгідей цифрлық дәуірде ауылымыз артта қалып қойды, – дейді Балжан Жарасбекқызы.
Осыдан кейін біз Жамбыл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетовке хабарласып, ауыл тұрғындарын интернетпен қамтуда қандай тірліктер атқарылып жатқанын сұрадық. Бізге берген мәліметте аудандағы 17 ауылдық округке қарасты 42 елді мекендегі интернет жоқ деген Қостөбе, Тоғызтарау, Жаңаөткел, Шоқай, Қапал, Қаракемер, Құмтиын ауылдарын және басқа да елді мекендерді интернетпен қамту мәселесі қолға алынып жатқанына қанықтық. Бұған дейін аудан әкімі Сәкен Арубевтың бастамасымен «Транстелеком» акционерлік қоғамының Тараз қаласындағы «Жамбылтранстелеком» компания­сы­ның дилері ұсынған жоба бойынша инвесторлардың көмегімен Өрнек ауылында – 332, Жұма ауылын­да – 31, Ерназар ауылында – 43,
Жаңаөткел ауылында – 38, Құмсуат ауылында – 15, Тоғызтарау ауылында – 49, Ащыбұлақ және Шайдана ауылдарында – 47 абонент бастаманың шарапатын көріп отырғаны көрсетілген.
Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында қашықтан оқыту әдісіне көшу ісі инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мәселелерді туындатқанын атай отырып, мұғалімдердің 20 пайыздан астамы үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан қашықтан тиімді оқыта алмағанын айта келе, жыл аяғына дейін еліміздегі 250 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөнінде Үкіметке берген тапсырмасының өңірде де орындалып жатқанының көрінісі болса керек. Десе де біз Қаракемер ауылдық округінің әкімі Жәнібек Әуелбековке хабарласып, тұрғындарды мобильді интернетпен қамтамасыз етудің мән-жайына қанықтық. Ол Қаракемер және Құмтиын ауылдарының тұрғындары жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен қауышатын күн алыс емес екенін айтып, бұл іспен айналысуға ден қойған Түркістан облысының «LC Commerce» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Абай Түлеуовтің ұялы телефон номерін берді. Онымен тілдесу барысында мәселе шешімін тапқандай ойда қалдық.
– Біз «Аltel», «K-cell», «Tele 2» байланыс операторларының дилері қызметін атқарамыз. Осыдан бір апта бұрын Жамбыл облысына арнайы сапармен барып, облыстың алты ауданын, 16 ауылдық округін араладым. Оның ішінде Жамбыл ауданында Аса, Қаракемер, Шайдана секілді бірқатар ауыл бар. Дрон арқылы байланыс мұнарасын орнататын жерлерді картаға түсіріп, тиісті орынға жөнелтіп, келісімді күтіп отырмыз. Егер бізге пәрмен берілсе, облыс бойынша әр ауылдық округте биіктігі 22 метрлік байланыс мұнарасы орнатылатын болады. Құмтиын ауылы Аса мен Қаракемер ауылының ортасында болғандықтан, оған арнайы байланыс мұнарасын орнату қажет етілмейді. Ол ауылдың тұрғындары екі жақтағы байланыс мұнарасы арқылы интернетке қосыла алады. Қазіргі таңда біз Қызылорда, Түркістан облыстарының көптеген ауылдарын интернетпен қамтып үлгердік. Алдағы уақытта жекелеген аудандар емес, Жамбыл облысы әкімдігі тарапынан ұсыныс түссе, осы өңірдің ауылдарын бірден интернетпен қамтып тастауға біз дайынбыз, – деді А.Түлеуев.
Бүгінгідей ғылым мен техника жоғары қарқынмен дамыған заманда кез келген ауыл тұрғынының адамзат үшін жасалған игілікті барынша пайдалануға құқығы бар. Бұл тұрғыда ауыл әкімдері істің көзін, байланыс операторларымен арадағы делдалдардың тілін тапса болғаны. «LC Commerce» ЖШС өкілінің сөзіне сенсек, құмтиындықтардың қолындағы телефонының қызығын көретін күн алыс емес.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.